Кесте – қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің ең көрнекті де танымал түрінің бірі, «кесте» - «салынған сурет» дегенді білдіреді.
Беделді мәдениет зерттеушілерінің айтуына қарағанда бұл терминнің семантикасы көне замандарға жатады [1,20]. Ол уақытта кесте тігу өнері болмағанымен матаға немесе теріге бедерлеп сурет салу, тұтыну бұйымдарын, үйдің ішін әшекейлеуде, көзден, тілден қорғайтын қасиетті мән берілген таңбаларды салу дәстүрі ежелден қалыптасқан. Қазақтың алыс-жақын ұрпақтарында кесте өнерінің деңгейі жоғары болғанын археологиялық материалдар да, орта ғасырлардан қалған жазба деректер де дәлелдейді. Халқымыздың кесте өнері көшпелі өмірдің ықпалында, көбінесе ауыл шаруашылығымен айналысқан кезде дамып отырған. Кесте тігумен тек әйелдер ғана шұғылданған және ол халық арасында кеңінен тараған. Кесте тігудің әдістері мен құпиялары анадан қызына мирас етіліп тапсырылып отыратын болған. Көркем тігін тігудегі ісмерлікті қалыңдық болған қыздар міндетті түрде меңгерген. Кесте тігуде қолданылатын дәстүрлі материалдар ретінде әдетте мал шаруашылығы өндірісінің өнімі – киіз, былғары, жүн маталар, сол сияқты шеттен келетін – барқыт, шыт, пүліш, шибарқыт қолданыста болған. Кесте тігуде жүн, жібек, мақта жіп, алтын, күміс жіп пайдаланылған.
Қазақ кестесінің негізгі техникасы – бізбен немесе инемен кестелеу. Көлемді өрнектердің шетін көмкеруде ерекше шалма кесте техникасы қолданылған, бұл әдісте жіп пен айқыш-ұйқыш бедер түсіріліп, кестеге ерекше көркемдік беріліп тұрады. VIII ғасырда Орта Азия мәдениетімен тұңғыш танысқан арабтарды түркі төрелерінің киімдеріндегі алтынмен тігілген бұйымдардың молдығы ерекше таңдандырған болатын. Бұл өнер әсіресе моңғолдар билігі өрлеп тұрған заманда ортағасырлық Дешті-Қыпшақтарда, Шыңғыс хан ұрпақтарының ордаларында жақсы дамыған.
Кесте қазақтың дәстүрлі киімдерін әшекейлеуде (әсіресе әйел киімдерін) басты орын алған. Киімнің бәрі, тіпті аяқ киімге дейін, қосымша аксессуарлардың барлығы дерлік кестеленген. Ерлер мен әйелдер киімдеріне салынатын өрнектерден олардың жас мөлшері, әлеуметтік мәртебесі, рулық, тайпалық ерекшеліктері көрініп тұратын болған. Әсіресе әйелдер киімі – сәукеле, кимешектерде рулық таңбалар анық нақышталған.
Үйдің іші-сыртын безендіруде кестеленген бұйымдардың атқаратын рөлі зор. Шаңырақты үй ішіндегі әралуан әшекей бұйымдармен біріктіріп, ортақтастырып тұратын ол- кілем, тұскиіздер, енді белдемшелер. Үйлену тойының рәсімдерінде қолданылатын сәнді шымылдықтан бастап төсек орын жабдықтарына дейін кестеленеді. Сырмақ, дөңгелек сырмақ, жайнамаз сияқты бұйымдарды өрнектеуде де кесте кеңінен қолданылған. Осылайша кесте бүгінгі күні де халық сүйетін, өнердің кең тараған саласына жатады.
Жәдігер ретінде біздің қызығушылығымызды тудырып отырған ата-бабаларымыздың өткен тарихымен қатар олар жасап кеткен дүниелер. Кесте өнерінің даму барысында басқа өнер салалары сияқты әрбір тарихи дәуірдің өз таңбасы бар. [2,15] Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық кесте - өзінің эстетикалық құндылықтарын өз бойына сақтап, ірі мәдениет үлгісі ретінде аталып келген және тұрмыстағы әдет-ғұрып, салт-дәстүрге сай дамып, түрленіп, жетіліп отырған. Киіз үйге сырттан кіріп келгеніңізде сан алуан өрнекпен түрлене кестеленген тұскиіздер, еденге төселген айшықты текеметтер, қазақи қалы кілемдер, қызылды-жасылды басқұр, алашалар, шым шидегі ырғақты ою-өрнектер бәрі- бәрі сізді ән сала қарсы алғандай әсерге бөленесіз [2,28].
Әр халықтың кесте тігу техникасының өз ерекшеліктері бар. Біреулері инемен, біреулері ілгекпен кесте тігіп, материал ретінде бірі жүнді, енді бірі жібекті немесе шөпті қолданған. Тіпті адамның шашымен тігілген кестелер де (дәстүрлі Қытай кестесі) кездеседі. Жердің мұздығының арқасында [3,6,13] Алтайдың Қазақстанға қарасты бөлігінде, б.д.д. IV ғасырмен мерзімдеген көшпенділердің қолданбалы өнерінің таңғажайып туындылары жақсы сақталған. [3,4] 1996-1998 жылдары Берел ауылында (Шығыс Қазақстан) қорымында табылған 13 салт аттының, сақ тайпасы көсемінің және жерленген әйелдің сүйектері табылған. Жерленген ерлер мен әйелдерге қымбат киім кигізіліп, олардың киімдерінде алтын жіппен және ұсақ моншақтармен ерекше композиция кестеленіп тұрған.
Дәстүрлі кесте өнері мәдениет құрлымын және рухани бөлігі болып табылады. Әйел үшін кесте тігу өнері өзінің шығармашылық ерекшелігін, шеберлігін, еңбекқорлығын көрсету жолы болып табылған. Көбінесе табиғаттан шабыт алып, айналасындағы нақыштар мен элементтерді бақылап кестелеген. Тұскиіз жиегі ірі ою-өрнектермен толтырылады, тамаша өсімдіктердің, зооморфтық және геометриялық өрнекті мозаикалық суретті құрайды.
Кесте тігумен шын мәнінде әрбір әйел айналысқан. Қыз балаларды бұл өнерге ерте жастан (8-12 жас) үйрететін. Халық әдет-ғұрпы бойынша, жаңа туған баланың кіндігін кескенде, ұл баланың кіндігін матаға орап, құлынның жалына немесе қойдың мүйізіне іліп қоятын болған. Бұл ата-ананың балалары мал өсіретін және көбейтетін жан болса екен деген игі тілегінен туындаған. Қыз баланың кіндігін сандықта сақтаған, сонда қолөнер шебері болады деп үміттенген. Кесте тігілген жібек (кестелі орамал) орамалды қыз жігітке сыйласа, ол махаббатттың, сүйіспеншіліктің белгісі деп танылған. Үйлену тойындағы беташарда, жас келінді күйеу жігіттің туыстарына таныстырғанда, күйеу жігіт, жиналғандардың барлығы қалыңдықтың инені қалай ұстайтынын көрсін деген оймен қалыңдықтың қолына ине ұстатқан.
Кесте салынған бұйым сату үшін емес, үй ішін безендіру үшін тігілген. Кестеленген бұйымдарды көптеп пайдалану олардың алуан түрлерінің пайда болуына себеп болды. Атап айтсақ, жас қалыңдық өзінің тойына өз жасауын кестелеуі қажет болған: тұсқа ілетін тұскиізді, киімдерін, тақияны, бас орамалдарды, шымылдықты, бет орамалды, қол орамалдардың шетін және ортасын гүлді ою-өрнектермен кестелеген. Кестемен өрнектелген үй заттарын тәжірибелі шеберлер ұзақ уақыт бойы тіккен және мұндай заттар ұрпақтан ұрпаққа отбасылық қасиетті зат ретінде беріліп отырған. Қолөнершілер әрбір бұйымға өздерінің үміттерін, армандары мен тілектерін салып кестелеген.
Ерте кезден қатып қалған қағида шеңберінде жұмыс істегеніне қарамастан бір-біріне ұқсайтын, екі бірдей бұйымды табу мүмкін емес. Дәл осының өзі кесте тігуші әйелдің жеке шығармашылық даралығын көрсетеді. Шеберлер әрбір жаңа кестенің эскизіне шығармашылықпен келген. Олар ешқашан дайын дүниеден көшірме жасамаған және ешқашан басқа шеберлердің эскизін пайдаланбаған. Шебер мамандығы Құдайдан беріледі деп білген. Сондықтан композициялардың берік қағидалық қатарына қарамастан, шығармашылық бейнелеуде өзіндік импровизацияға ерік берілген.
Кесте тігудің өзі ең әуелігіде сиқырлы рәсім ретінде, тіл көзден сақтауға байланысты шыққан. Қазіргі заманғы көзқарас тұрғысынан бұл оғаш болып та көрінуі мүмкін. Оның түсінігін сонау ескі замандардан іздеу керек шығар. Көне кездерде табиғи апаттар мен аурулар зұлым күштердің әрекеті деп саналған, адамдар өздерінің киімдері тұратын орындарына әртүрлі өрнектер салып, сақтануға тырысқан.
Адамның арқасы ең осал жері деп саналғандықтан ол жақсы қорғалуы тиіс деп есептелінген. Сол себепті, көбінесе киімнің арқасын кестелейтін болған. Кестелі киімнің сыртына басқа киім де киіле берген, яғни кестенің көзге түсуі аса маңызды емес, ең бастысы – кесте керекті жерде тігіліп, көз бен тілден сақтаса болғаны.
Қазақтардың ұлттық костюмдеріне этникалық, экономикалық және климаттық жағдайларына байланысты қалыптасқан көне әдет-ғұрыптар әсер еткен. Ашық бояуларға боялған ешкінің терісінен жауынгерлер мен аңшыларға ұзын шалбарлар, жеңіл жамылғылар мен тондар тігіліп, оларға жібек және басқа да қымбат жіптермен шынжыр түрінде кесте салынған.
Кестеде рельефті геометриялық және өсімдік сарындағы өрнектер: жапырақтар, гүл түйнегі, гүлдер, сондай-ақ ирек сызықтар, кейде адамның және аңның контурлы бейнелері, тұтастай сюжеттер кездеседі, мысалы; иленген теріден тігілген шапанға аң аулау сәті және т.б. кестелеген. Көркем кестеленген ер адамның шапаны қасиетті саналып, онымен жас сәбиді алғаш бесікке бөлегенде орап жатқызған. Бұл кішкене сәби болашақта құрметті әрі бай, беделді адам болып өссін деген сенім-нанымнан шыққан. Кестелеу өнері қашан да болса да сәндік-қолданбалы өнердің бір бөлігі болып қала береді.
Тұскиіз матасына кесте композицияларын орналастыру үшін төрт бұрышты матаны қиғашынан бүктеп, оның ортасы белгіленген, орталық алаңды анық көрсету үшін кеңінен әдіптеп жиек салған. [6,3] Әрі қарай шеберлер – негізгі оюларды белгілеп, одан соң қалған бос бөлігін ою-өрнектің ұсақ элементтерімен толтырған. Өткен ғасырдың 40-60 жылдары кілемдерді айқас кесте әдісімен гүлді ою-өрнек салу сәнді болып саналған, сондықтан көптеген кілем тоқу шеберлері осы сәнге жүгінген. Бір қызығы, тұскиіздердің төменгі жақтарына кесте түсірілмей қалып отырған.
Қазақстанның түпкір-түпкірінде тұскиізді кестелеп тігу дәстүрінің әлі де ұмытылмай келе жатқанын көруге болады. Қазіргі заманда кестенің бұл түрі интерьерлерден орын алып, тіршілікте ұлттық әрі салтанатты көркемдік беріп тұрады.
Ерте уақыттарда бұйымды кестелеуде әрбір түс немесе өрнекті пайдалану өзінің рәміздік мағынасын, белгілі ұғымы мен түсінігін бейнелеген. Атап айтсақ, көк түс – аспанның, Тәңірге табынудың белгісі; қызыл түс – оттың, күннің; ақ түс – ақиқаттың, қуаныштың, бақыттың; сары түс – сананың, ақылдылықтың, адамгершіліктің; қара түс – жердің; жасыл – көктем, жастықтың белгісі.
Кесте тігу – көп еңбекті қажет ететін әрі күрделі еңбек, ол ісмерден шыдамдылықты, төзімділікті, шеберлікті, ұқыптылықты талап етеді. Өйткені ол еріккенің ермегі емес, керісінше маңызды және қажетті іс ретінде қастерленген. Халық шеберлері ұсақ өрнектерді орындағанда өрнектің сызығына немесе бұйымның нысанына байланысты матаны тартып тұратын арнайы ағаштан жасалған төрт бұрышты немесе дөңгелек – кергіштерді пайдаланады.
Алтындап, күмістеп тігу сән-салтанат бұйымдарына тән. Бұл үшін көбінесе барқыт, плюш, атлас сияқты бағалы материалдар пайдаланылады. Бұндай тігістерге, әсіресе, өзіне арналып жасалған алтын және күміс жіптер қолданылады. Алтындап тігуге көбінесе бедерлі, бедерсіз басып тігу әдісін қолданады. Мысалы, қыздардың камзолдарының омырауларына, өңірлеріне және жағаларына кестеленеді. Қытай Халық Республикасы Алтай аймағының Бурчун қаласының тұрғыны Лина Ақанқызы - қазақ ұлттық киімін тігіп, мәдени-мұраны қайта жаңғыртып жүрген қолөнер шеберлерінің бірі. Ол - 2011 жылы өзінің «Ұлттық бұйымдар» шеберханасын ашып онда тек ұлттық дәстүрлі бұйымдарды тігіп шығарып, қолөнерді жаңғыртып жүрген белгілі шебердің бірі. 2015 жылы арнайы көрменің ашылуына келгенінде камзол (1-сурет) – қара түсті пүліштен, қысқа жеңді, қара түсті матамен астарланған және жиектерінде «қошқар-мүйіз» оюы кестеленген және қабырғаға ілетін тұмарды облыстық этнографиялық мұражай-қорықтың қорына сыйға берді.
Қазіргі заманның қойған талабы, игілікті міндеті – халқымыз жүріп өткен тарихи жолдың бар күрделігін, адамгершілік ұстанымдарына негізделген мәдени мұрасын санамызбен түйсіну. Өнер қазынасының сарқылмас мұхиты халық «адам өнерімен әсем, аң жүнімен әсем» дей келіп, «кестені көңіл сызады, қол тігеді, көз сынайды» деп қорытқан.
Көптүсті түс қазақ халқының кестесін әсем етіп көрсетеді, әсіресе табиғаттың түрлі-түсті бейнесін өз бойына жинаған тұскиіздеріне тән. Кестелі тұскиіздер тоқыма кілемдермен салыстырғанда ою-өрнек әсемдігі жағынан және эстетикалық ұқыптылығы жағынан кем түспейді, ал оларды жасау басқа кілем түрлеріне қарағанда көп еңбектенуді және шеберлікті талап етеді.
Қазіргі уақытта тұскиіздерді кестелеп тоқу кез-келген әйелдің қолынан келе бермейді, ол жылдар бойы қалыптасқан дағды мен шеберлікті қажет етеді. Осы жерде қысқаша салт-дәстүрге тоқтала кетсем. Ата-бабамыздан қалған дәстүрлердің бірнешеуі - қалындық кілемді өзі кестелеп күйеу жігіттің үйіне апарған, ол тек үйді әсемдеп қана қоймай, өздерінің бойтұмары болып саналған. Жас қыз баланың анасы кестелі тұскиізді бастап, кейіннен қызы аяқтауы ырым болған. Сонымен-қатар бірнеше жыл өткен соң қызы анасына өз қолымен кестелеген тұскиізді жібереді, соған қарап анасы баласының қалай өмір сүріп жатқанын көрген екен. Мысалға: П-әріпті кестеленген тұскиіздер, олар есіктің белгісі ретінде, яғни келген қонақ бірден төрге шық деген мақсатпен кестелеген. Сондай-ақ жас жұбайлардың отауына арнап жасалған бұйымдарды сыйлауға болмайды, себебі оларды жасап жатқан кездің өзінде болашақ отбасылық береке-бірлік сіңген деп сенеді.
Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорықтың қорығында 80-нен астам тұскиіздер бар. Солардың бірін кестелеген қолтума шеберіміз - ҚХР туған кейін отанына оралып қазіргі таңда Зайсан ауданының Бақасу ауылында тұратын Нұракын Нұрдангүл. Ісмер асқан шеберлікпен кестелеген тұскиіз (2-сурет) жиегі қызыл түсті (барқыт) матадан, түрлі-түсті жіптерді қолданып геометриялық фигуралардың айналасына және орталарына ұлттық оюларды кестелеген. Мақала барысында айтылып өткен дәстүрлі ырымдарды сақтай отырып жасалған тұскиіздердің бірі осы. Нұрақын «қос-мүйіз» оюын басымырақ қолданған.
Екінші тұскиіз (3-сурет) барқыттан тігілген сыртқы айналасы қызыл түсті, ортасында – шеңберлер, әр шеңбердің орталарында көпжапырақты гүл және «қошқар-мүйіз» оюы бірнеше түстерден құралып (қызыл, жасыл, қоңыр) дайындалған. Жиектеріне ашық көк түсті жіптермен космогониялық «бітпес» деп аталатын ою-өрнектермен бекітілген. Шебер бұл жерде гүлдің бірнеше түстерін көрсеткен. Тұскиіздің авторы Ахмет Шекер 1959 жылы Монғолия жерінде туып өскен, 1992 жылдан бері қоныс аударып, ШҚО Көкпекті ауданында тұрады. Шекер әйел адам білуге тиісті қолөнердің көп түрін (9 жасынан бастап) анасынан үйренген, мысалға: тоқыма тоқу, кестелеу, құрақ құрау және т.б. қолөнер түрлерін жетік меңгерген.
Ерте кезде ыдыс-аяқты салып қоюға, салып жүруге арналған арнайы дорба - аяқ қап (4-сурет). Аяқ қап қызыл және қара түсті велюрден тігілген, ортасында ромб, ішінде және төрт жақ бұрышында қызыл және сары түсті жіптермен «қошқар-мүйіз» оюы кестеленіп әдемі өң беріп тұр. Аяқ қаптың жиектерінде тоқыма жіптермен (қызыл, сары) әшекейленіп, айналасына шашақтар тігілген, сонымен-қатар әрбір жерден дөңгелек жылтырлармен әсемделіп тұр. Байқап отырсаңыз «қошқар-мүйіз» оюын көп шеберлер қолданады, жалпы қазақ оюларының дені, көптеген өрнектері мүйіз элементтеріне байланысты. Өйткені «қошқар-мүйіз» оюы молшылықтың нышаны ретінде қабылданады, яғни қазіргі таңда кез-келген бұйымда кездестіруге болады. Аяқ қаптың авторы Алтынбек Арайбек ҚХР тумасы, қазіргі кезде Зайсан ауданының үлкен Қаратал ауылының тұрғыны.
Ата-бабадан қалған естелік ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіліп келген көне заттар да өз заманынан сыр шертеді. Оларды отбасылық жәдігер ретінде көздің қарашығындай сақтаған, уақыт өте келе олар таңбалық қасиетке ие болды. Заттың символдық мәнге ие болуының екі тәсілі бар: біріншісі - заттың не нәрсеге ұқсауына байланысты, екіншісі - өзінің жеке қасиеттеріне, яғни түрі, пішіні, ою-өрнегіне негізделген символдығына сай.
Тақия – дөңгелек, жеңіл бас киім. Ол ұлттық өрнегі мен мәнеріне және тігілуіне қарай әр түрлі болады. Тақияны бір түсті матадан аласа, төбесін төрт сай немесе дөңгелек төбелі етіп тігеді. Қыздар киетін тақиялар жібек, зер жіптермен кестеленіп, моншақ, асыл тастармен безендіріледі. Аталмыш бұйымның қыздарға арналған түрі (5-сурет) тақия алуан түрлі жіппен қазақтың ұлттық оюы («қос-мүйіз» және гүлді ою-өрнек) кестеленген. Өскемен қаласының «Терме» (2007 жылы ашылған) өндірістік кооператив шеберханасынан шыққан бұйым.
Адам әрқашан - мейірімді, жанына жайлы әлем құруға ұмтылған.
«Текеметтің түгіндей ай,
Қызғалдақтың гүліндей ай,
Өтіп дәурен бара жатыр,
Сізбен бізге білінбей ай»,-
деп арулар ұзақты күні үзілдіре әндете жүріп, қиялына қанат бітірген табиғат, өмір сұлулығын кестемен түйіндеп, кілем текеметке өрнектеген. Бұл – қазақ қыздарына аналарының бала кезінен үйрететін ыждағаттылық пен төзімді талап ететін қолөнер түрі. Осыған байланысты күнделікті өмірдегі сәндік-қолданбалы шығармашылық өзінің өзектілігі мен мән-маңызын ешқашан жоғалтпайды. Бүгінгі күні де кесте халық сүйетін, халық өнерінің кең тараған саласына жатады.
Соңғы тұрмыстық заттардың бірі ыстық шәйнек астына қоятын төсегіш (6-сурет). Төсегіш дөңгелек формалы қара және қызыл түсті матадан, дәл ортасында көп жапырақты гүл (қызыл) кестеленіп, ал айналасында жасыл және қоңырқай түстермен «қос-мүйіз» оюымен әсемделген. Төсегіштің жиектерінде қызғылт түспен толқын тәрізді жолақ (тоқыма жіп) жүргізіліп, бір ерекшелігі бірнеше қабаттан (қалың) тұрады. Бұл бұйымның авторы Зайсан ауданына қарасты Айнабұлақ ауылында тұратын ісмер
Нұржан Рахметолла.Осы түрді қолданатын әлемге белгілі, қазіргі заманның кәсіпқой шебері - Моңғолия елінің тумасы, Қазақстан, Монғолия Суретшілері одақтарының мүшесі, 1992 жылы тарихи отаны – Қазақстанға қоныс аударып, қазіргі таңда Алматы қаласының тұрғыны Зейнелхан Мұхамеджан. Суретшінің жұмыстары Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында, Астана қаласында ҚР Президент Сарайында, Көрмелердің Көркем дирекциясында және Корея, АҚШ, Германия, Ресей және басқа елдердің жеке жиынтықтарында орналасқан.
Зейнелхан Мұхамеджанның бейнелі «кестесі» бүгінде Қазақстанда – суретшінің тігін техникасын зерттеуінің сирек мысалы. Қазақтың дәстүрлі біз кесте техникасындағы көркемдік шешімдердің жаңашылдығын іздеу иегері. «Шеврон» корпорациясы мен Қазақстандағы қолөнер секторының ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының қаржылық қолдауымен Зейнелхан шеберіміз Қазақстан бойынша тренингтер өткізеді. Шебердің отбасы да яғни жары мен қызы да осы қолөнермен шұғылданады.
Зейнелхан ағаның шырайлы Өскемен қаласында екі мәрте (2001 жылы және 2014 жылы) жеке көрмесі өтті. Көрме соңында көптеген бұйымдарын ШҚ облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай- қорығына тапсырды. Сол жұмыстарының бірі панно «Серуен» (7-сурет) аттың үстінде отырған бойжеткен мен бозбала және төменгі көріністе атта отырған баласы кестеленіп, сондай жылы отбасылық, сүйіспеншілікті оятатын керемет картинаны көруге болады. Сондай-ақ табиғатты, таулы жерлерді, өзенді, керемет алуан түрлі түстер арқылы көруге болады. Келесі жұмыстарының бірі «Салт атты» жоғарғы шеберлікпен орындалған, (8-сурет) әкесі мен баласының атта отырған көріністі және де шебер бұл жұмысты контурлы әдіспен кестелеген. Сондай-ақ кестеге эроглифтер, ата-бабамыздан қалған әртүрлі таңбаларды пайдаланған. Осындай ерекше, керемет шығармашылық туындыларды офистер мен ғимараттардың залдарында іліп қоюға болады.
Ойымды қорытындылай келе, «шебердің қолы ортақ, өнердің тілі ортақ», - деп халқымыз тегін айтпағанына көзім жетті.
Халық қолөнері шеберлерінің жасаған таңғажайып ою-өрнектері, алтын, күміс, әшекейлі заттары еліміздің қалалары мен ауылдарында кеңінен насихатталып келеді. Соңғы жылдары халық қолөнерімен айналысып, оны дамыту жолында еңбек етіп жүрген шеберлердің көбейе түсуі, халқымыздың ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі қолөнерді бүгінгі күнге дейін жалғасытырып, көзін жоймай келе жатқанын көріп жаның жадырайды.
Әдебиеттер тізімі:
- «Көне дәстүрлерді қайта жаңғырту» ХХI ғасыр бейнелі альбом. Аладаберегенова Б.А. Алматы, 2010 жыл.
- «Қазақтың кесте өнері» Мұхамеджан З. Алматы, 2008 жыл.
- «Кесте» Бекқұлова А., Мұхамеджан З. Алматы, 2012жыл.
- «Қазақ халқының қолөнері» С. Қасиманов. Алматы, 1969 жыл.
- «Народные промыслы и ремесла казахов» Раимханова К.Н., Мекебаева А.А. Алматы, 2003 г.
- Тізімдеме «Кестелі кілем - тұскиіздер» (мұражай-қорықтың қорынан). Шығыс-Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығы. Өскемен қаласы, 2008 жыл.
- «Казахские домашние художественные ремесла» Муканов М.С. Алма-Ата, 1979г.