Фольклор – жазба әдебиеттің негізгі тамыры. Онсыз ешбір халықтың әдебиеті өркендемесі хақ. Уақыт өте келе фольклор мәселесінің өзектілігі күннен күнге артып, зерттелу жұмыстары бұрынғыдан әлде қайда көбірек жүргізілуде. Этнография, тарих, тіл білімі, әдебиет тарихы сынды гуманитарлық ғылымдардың ешқайсысы фольклорсыз өмір сүре алмайды. Яғни, ол – елдің сан ғасырлық көркемдік ақыл-ойының жемісі, жазу білмеген тұстағы халықтың көркем тарихы. Кез келген елдің әдебиеті мен мәдениеті шығармаларымен, тарихи тұрмыс-тіршілігімен бай. Әдебиет пен тарих халықтың жан дүниесінің айнасы десек те болады. Қанша замандардан бері келе жатқан өлең-жырлар, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер бұлардың барлығы сан ғасырлық замандардың, түрлі халық пен қоғамның ықпал етуімен қалыптасқан құндылықтар. Ежелгі дәуірлердегі әр түрлі түсініктер мен наным-сенімдерге байланысты неше түрлі аңыз әңгімелер мен ырым- кәделер пайда болды. Бұл наным-сенім, ырым-кәделер заманның сол тұсындағы адамдардың өмірінде маңызды рөл атқарған. Өйткені алғашқы қауымның дүниені танып білудегі түсінігі жоғары дәрежеде болған жоқ. Төрткүл дүниенің қай тұсындағы ел болмасын, фольклор туындыларының сипат-ерекшелігі жағынан, өзіне тән болып келетін қайталанбас түрі тарапынан айшықталып тұратыны белгілі. Фольклор қаншама ғасырлардың куәсі болып, әрбір кезеңнің жанды эстетикалық құралы ретінде талай уақыт сынынан да, талай заманның асуынан да сүрінбей өтіп бүгінгі күнмен астасып жатыр.
«Фольклор» терминінің мән-мағынасы туралы да бірауыздан мойындалған анықтама жоқ деуге болады. Бұл жөнінде ғалымдар арасында дүркін-дүркін өрбитін пікір- таластар да толас таппай келеді.
Әу баста ағылшын тарихшысы Уильям Томс ұсынған (1846) «фольклор» ұғымы кешікпей-ақ Франция (1875), Испания (1883), Италия (1888), Ресей (1889) ғалымдарының арасында қолдау тапты. Алайда, фольклордың анықтамасына қатысты ғалымдардың пікір- тұжырымы бір арнаға тоғыса қоймады. Фольклорды халық мәдениетінің «жұқанасы», «қарабайыр» көрінісі деп келетін тұжырым Англия мен Германияда етек алды. Мұндай тұжырымды қолдаушылар (Дж.Л. Гомм, Ш.Бен, Ю.Швитеринг, А.Краппе т.б) халықтық атаулының бәрін фольклордың санатына жатқызуға бейім болды. Франция ғалымдары фольклорды этнографиямен шендестіре қарауға (А.Ван Геннеп, П.Сантив, А.Вараньяк, П.Куаро т.б) ден қояды. Мұның өзі фольклорға «көпшілік қолды мәдениет деген мағына дарытып, оны «азшылықтың» немесе «зиялылардың» мәдениетіне кереғар ұғым ретінде қолданды. Фольклорды «халықтың ауызша ақындық шығармашылығы» деп келетін ұғым Америка ғалымдарының (Р.Уотермен,У.Беском, Д.Фостер, М.Херсковитц т.б) арасында кең қолданылды.
Дүние жүзінің ең бір дуалы ауыз мәдениет зерттеушілері 1985 жылы ЮНЕСКО-ның мәртебелі мінбесінен фольклор туралы былай тұжырымдады: «Фольклор дегеніміз, алысты шола айтқанда халықтың дәстүрлі мәдениеті; қоғамның арман-аңсары (идеал) тудырған, сол қоғамның мәдени және әлеуметтік төлтума жағдайымен үндесе көрініс тапқан, дәстүрді тұғыр еткен топтар мен жеке адамдардың ұжымдық шығармашылығы, фольклордың үлгілері мен бағалы нұсқалары ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, еліктеп үйрену арқылы және басқа да тәсілдермен ауысып отырады; өзгесі сияқты фольклордың да санатына тіл, әдебиет, музыка, би, ойындар, әфсаналар, әдет-ғұрыптар, салт-жоралар, қолөнер кәсібі, архитектура және басқа өнер түрлері жатады» [1]
Фольклордың тарих және әлеуметтік шындықпен байланысы туралы мәселе Шоқан Уәлиханов еңбектерінде жан-жақты қарастырылған. Ш.Уәлихановтың фольклордың шындыққа қатысы туралы мәселені қалай қарағанын ғалымның саяхат күнделіктерінен және тарих, этнография, заң туралы еңбектерінде кездесетін факторлар жайлы тұжырымдарынан көруге болады. Ш. Уәлиханов фольклордың тарихилығын алғы шарт деп санады. [2]
Ескі заманның салт-санасы, әдет-ғұрпы, тіршілік ету жолдары олардың сөзінде қалды. Бұрынғы ақсақалдық, рушылдық, бектік заманының жазба әдебиеті жоқ болғандықтан, асыл деген сөздерін жатқа алатын, оны біреуден біреу үйреніп атадан балаға, баладан немереге, тағысын тағыларға ауысып отыру жол болып қалған. Бірсыпыра әдебиет тарихын зерттеушіміз: «Батырлар жыры тек Кіші жүзде көп, оның себебі, Кіші жүзде хандардың соғысы, ескі тарихи жағдайдың көпшілігі орыс кінәздері мен татарлардың алысы, монғол хандығының еткен әсерінен болды»,- дейді. «Орта жүз бен Ұлы жүзде ондай оқиғалар болған жоқ, сондықтан бұл елде ірі поэмалар болмаған» дегендей қылад. Олай деу – асығыстық. Қазақтың барлық ауыз әдебиетін жинап алып отырып қана бір пікірге келуге болады. «Бөгенбай батырымыз»- жоғарғы пікірдің шала екендігіне дәлел. Бұл – Ұлы жүз бен Орта жүздің екі ортасынан табылған әңгіме. «Бөгенбайды» айтып беуші, жадына сақтап жүрген адам –Ұлан ауданы, төртінші ауыл қариясы Құсайын Мүәпірұлы деген кісі. [3] Бұл жырдың басқа нұсқадағы жырлардан ерекшелігі құл Бексұлтанның сөзге шешен, тапқыр, ақылды болуы, жырдағы ырғақ, өлшеу тізбегі, ән сипаты жағынан да өзгеше болып келуінде.
Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін Г.Н.Потанин ең алғаш 1863-1864 жылдары астроном К.В.Струвенің Тарбағатайға шыққан экспедициясында болған кезде жазып алған. Зайсан көлі маңайының табиғатын бақылай жүріп, ол сол жерді мекендейтін қазақтардың фольклоры мен этнографиясына қатысты материал жинайды да, оны журнал бетінде жариялайды. [4] Бірақ осы игі бастама оның жер аударылуына байланысты тоқтап қалып, тек 1876 жылы ғана әрі қарай жалғасқан еді. Г.Потаниннің қазақ ауыз әдебиетін жинаудағы методикасы мен шарттары оның фольклористік концепциясымен тікелей байланысты болды. Ауыз әдебиетіміздің озық үлгідегі ғашықтық жырларының бірі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу». Бұл жырдың алуан түрлі нұсқасы бар екені белгілі. Көпшіліктің көңілінен шығып, кең таралымға түскен нұсқасы Шөже мен Жанақ ақын жеткізген нұсқасы деседі. Эпостық мұрамыздың көркемдігі ғалым Потанинің де зерттеу жасауына түрткі болған.
Г.Н. Потаниннің үлкен ыждаһатпен зерттеген эпосы- «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры. Ол Едіге, Шона жайындағы аңыздар мен жырларды фольклордағы тарихи адамдардың бейнеленуі принципі тұрғысынан қарастырса, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» көркем фольклордың тамаша үлгісі деп ұқты. «Орынбордан Зайсанға дейінгі созылып жатқан сахараның сүйікті жыры, қазақ эпосының шоқтығы Қозы Көрпеш деген кедей қойшыға ғашық болып, оның өлімінен кейін өмір сүргісі келмей, ғашығының моласында өлген Баян сұлу деген арудың хикаясы»,-деп жазады ғалым. [5]
Аты аңызға айналған Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенесі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы, Таңсық ауылына таяу, Аягөз өзенінің оң жағалауында орналасқан тарихи деректерге қарағанда кесене Х-ХІ ғасырларда салынған.Фольклордың тарихилығы тарих, этнография, география, өнер сияқты туыстас ғылымдармен тікелей байланысты болады, мазмұны жағынан бір-бірін толықтырып, оның сипатын ашып көрсетеді. Жалпы фольклорда кездесетін этнографиялық мотивтер, сюжеттер этнографиялық болмысты, оның тарихын қайта келтіруге өте құнды дерек көз болып саналады. [6]
Әдебиеттер тізімі:
1. А.Сейдімбек Қазақ әлемі этномәдени пайымдау. Алматы «Санат» 1997ж.
2. Валиханов Ч.Ч. Заметки о киргизах. Т. І Собр. Соч. В 5-ти т. Алма-Ата 1961.
3. С.Аманжолов. С.Аманжолов және қазақ фольклоры. Алматы «Ғылым» 2004
4. Записки РГО о общей этнографии. Т.1 Спб,. 1867
5. С.Қасқабасов Елзерде. Алматы «Жібек жолы» 2008 ж
6. Қазақ фольклорының тарихилығы. Алматы 1993 ж.
Абдурахманова Ж.И
Статья опубликована в научном сборнике ГАГУ по итогам XVI Международной научной конференции «Макарьевские чтения»,
23-24 сентября 2021 г., Горно-Алтайск, Республика Алтай, Россия