• Увеличить размер шрифта
  • Размер шрифта по умолчанию
  • Уменьшить размер шрифта
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Торайгырова М.О. Өткенге өнерімен тіл бітірген

Торайгырова М.О. Өткенге өнерімен тіл бітірген

            Қазақ мәдениетінің тарихы өте тереңнен бастау алады. Оның ішінде қазақ қолданбалы өнері көне тарихымызбен біте қайнасып келе жатқан бай қазына.  Туыстас тайпалардың бірігуі нәтижесінде пайда болған жаңа этнос- қазақтардың өткеніне көз жүгіртсек, қоныстанған жерлерінде көшіп-қонып өмір сүрген ата-бабаларымыз қолөнердің қай түрі болсын қасиеттеп, қадірлеп аялап сақтай білген.

            Қазақ қолөнері өзінің барлық жағынан басқа халықтарда кездеспейтін өзіндік ерекшеліктерімен бейнеленіп айрықша орын алады. Қазақ елі ертеден кең дала сахарасын иемденіп жартылай отырықшыл және мал шаруашылығымен айналысып, көшіп-қонып отырған халық болғаны тарихтан белгілі. Халық қолөнері деп  халық тұрмысында жиі қолданылытын әртүрлі материалдарды пайдаланып, олардан тоқу, өру, есу, тігу, кестелеу, мүсіндеу, құрастыру, сыру, бейнелеу тәсілдері арқылы орындалатын  өнер жиынтығын айтады.

Кез-келген этностың дәстүрлі мәдениеті халықтық ұжымның шығармашылық жетістігінің таңдауларын жинақтау арқылы және этнос тарихының, мәдениетінің өзіндік ерекшелігін табиғи-климаттық жағдайларға бейімделуін көрсету арқылы әлемнің бірегей көрінісіне айналып, өзіне тән өмір сүру тәсілін суреттейді.

Қазақ халқы ертеден өзінің күн көріс тіршілігіне қажетті барлық тұрмыстық заттармен шаруашылық заттарын, құралдарын дайындап пайдалана білуімен бірге өз заманына сай өмір сүрудің ұлттық салт- дәстүрлерін жалғастырып өмір сүре білген халық.

Қолөнер шеберлері өз өнерлерін халық игілігіне жұмсай отырып, небір  ғажайып дүниелер жасап,  ұрпағына мирас етіп қалдырып отырған. Ондай халық қазыналары қазіргі кезде еліміздің тарихи, мәдени музейлерінде экспонат ретінде қойылып, көздің қарашығындай сақталуда. Себебі, музей-ұлттық мәдениеттің жауһарларын сақтап, келесі ұрпаққа жеткізетін, әрі оны дәріптейтін құндылықтар мен асылдар мекені. Ұлтымыздың, ата-бабаларымыздың ұрпаққа қалдырған аманат дүниесін мұра етіп сақтайтын ғажайыптар мен алтын қор мекені.

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафттық музей-қорығында осындай құнды дүниелер өте көп сақталған. Музей-қорықпен тығыз байланыс жасайтын  қолөнер шеберлерінің біріСемейлік шебер, қоғам қайраткері, Айман Ыбырайқызы. Шебердің қолынан шыққан бұйымдардың көпшілігі киізден жасалған ұлттық нақыштағы бұйымдар.Бұл дүниелерді өткен ғасыр шежірелері деп айтуға болады. Осы дүниелер тек мұражайдың жауһары ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің үлкен мектебі деуге болады. Бұйымдары музей келушілеріне көсету арқылы қазақ халқының ұлттық құндылықтары, Ұлы даланың жеті кереметі саналатын қолөнер ғажайыбын түсіндіруге болады.

Қазақтың киіз басу қолөнері қалыптасуының қайнар көзіне тоқталатын болсақ: киіз басу ісі- табиғи жүннен жасалатын иірілмеген тоқыма өнеркәсібінің түріне жатады және одан жоғары сапалы өнер туындылары дайындалады. Көшпелі өмір салтына байланысты қой өсіру басым болғандықтан, осыған орай қой жүнінің молшылығына байланысты ол қазақ халқының шығармашылығында алдыңғы орын алады. Бұл материал өзінің ғажайып табиғи мүмкіндіктерімен таңғалдырады: ол жеңіл, жылы, жұмсақ және ұстауға жағымды. Бұл арнайы сұйықтықпен өңделсе, жаңбыр ылғалын өткізбейтін ауа өткізетін материал қыста жылы, жазда салқын. Атап айтқанда өзінше көркемдік этнокод болып табылатын осы киізде қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнер саласындағы ұжымдық көркем даналық барынша айқын және өте жемісті түрде көрініс тапқан.

Адамның қойдың жүнін пайдалануы ежелгі дәуірдің өзінде кеңінен таралған еді. Жазба ескерткіштер бойынша Шумер, Аккад, Ассирияда және Вавилонда киіз бұйымдарын тұрмыста қолданғандары тіркелген. Өзінің қасиетіне қарай қойдың жүні алтын жабағыға теңелген, ол ежелгі гректің аргонавтартуралы мифологиясында бейнелі байламның басты нысаны болып табылады.

            Қой жүнін пайдалану көшпенділер шатырда өмір сүретін ыстық елдерде емес, ызғарлы континентті климатты және қысы суық Еуразия далаларында басты орын алады. Киіз басу өнеркәсібінің бастауы, зерттеулер бойынша, көшпелі  мал шаруашылығы  өндірістік шаруашылықтың басты түрлерінің бірі болып табылатын осы аймақта, қола дәуірінің аяғынан бастап дами бастаған.

Көркемдік құбылыс ретінде киіз  басу өнеркәсібі ежелгі гректер заманынан басталып, V-VII ғасырларда қалыптасқан. Онда тарихтың атасы Геродот мынадай жолдарын келтіреді: «Әрқайсысы ағаштың астында өмір сүреді. Қыста ағашты үнемі тығыз ақ киізбен жауып отырады, ал жазда оны ашық қалдырады». Сыма Цянь III-V  ғасырларда еуразиялық көшпенділердің киіз үйлерін жабатын киіздерін Аспан асты елінің өніміне айырбастайтынын айтады.Манускриптегі жазбалардың шындығы археологиялық материалдармен дәлелденеді.  Мысалы, көршілес Таулы Алтайдағы Пазырық қорғандарынан мәңгі тоң астында сақталған киізден жасалған бұйымдар: өрнектер, жапсырма, түйреуіштер мен сәнделген киімдер, кілемдер, тоқымдар табылды. Біздің заманымызға дейінгі VII-V ғасырлардағы киіз бұйымдардың жұрнақтары Жетісудың Бесшатыр қорғанынан табылған. Ғұн кезеңіндегі кілем мен атжабу Солтүстік Монғолияның Ноин-Улин қорғанынан, Алтайдағы сақтардың қолданбалы өнерін сипаттайтын қызықты материал Берел қорғанынан (Шығыс Қазақстан) табылған.

            Киіз басу ісі –үйсін, ғұн, түркілер кезінде дамып, ортағасырлық араб, парсы, қытай түркі жазбаларында көрініс тапқан. Қазақстан аумағының түрлі аймақтарында жасалған киіз бұйымдарының экзотикалық бейнелілігі басқа халықтардың өмір  сүру жағдайына қызығушылығы мен табиғи байқағыштығы жоғары адамдардың назарына ілігіп, оларда жақсы әсер туғызған. Мысалы: Гильом де Рубрук қыпшақтардың ақ киіз үйін сипаттай келе, оглар керегені  «...ақ киізбен жабатынын, ол жылтырап тұруы үшін киізді әктеп, ақ топырақпен немесе сүйек ұнтағымен бояп қоятынын; ал кейде оларды қара киізбен де жабатынын», «...Бұл киіздің жоғарғы жағын әдемілеп, түрлі бояулармен әшекейлейді.  Атап айтқанда, олар әртүсті киізбен оюлайды немесе киіздің өзіне жүзім сабағы, ағаштар, аң, құс бейнелерін салып әшекейлейді,осындай баспананы олар өте үлкен қылып жасайды, кейде жалпақтығы 30 футқа дейін жетеді», «...әйелдері өздеріне өте әдемі күйме жасап алады, оны  мен көркемөнер дегенненбасқа сөзбен айтып жеткізе алмаймын...» деп жазады.

            Жазба деректерде Алтын Ордадағы киіз үйлердің киіз жабуларының көркемдік әшекейлері туралы көптеген құнды ақпараттар бар. Мысалы, Ибн Абд әз-Захирдің шығармаларында Шыңғысханның шөбересі Беркенің киіз үйінің жасаулары бейнелі сипатталады: «Ол, Берке, жүз адам сыятын үлкен шатырда отырды; шатыр ақ киізбен жабылған, ал іші жібек матамен, қытай мүсіндерімен, асыл тастармен, қазыналармен көкерілген». Осындай сипаттама тағы бір автор- Әлидің ұлы Шафиде де қайталанады. Онда  былай делінген: «... оның 500 салт атты еркін сыйып кететін киіз шатыры бар, іші асыл тастармен, қазыналармен көмкерілген».

            Мысалы, бұхарлық тарихшы Фазлаллах Рузбихан былай дейді: «...Мен терезе перделері киізден жасалған, өте әдемі және сәнді үлкен үйлерді көрдім... қазақтар... ерекше өрнекті түрлі түсті киіздер жасай біледі...», «олардың (қазақтардың-Т.Ш.) ағаштан жасалған үйлері сарай сияқты биік әрі өте кең. Ал қайыңнан жасалған қаңқасы өте мықты және құрылымы соншалықты жетілдірілген. Баспана сыртынан неше түрлі, сирек кездесетін түстегі киізбен және қойдың терісімен жабылған. Онда қазақтың сұлтандары мен атақты адамдары тұрады. Бұл әдемі баспананың әрбіреуіне 20-дан астам адам кіріп, отырып демалады. Мұндай киіз үй дөңгелек үстіне орналастырылып, оларды бірнеше түйе сүйрейді».

            Қазақтардың киіз дайындау өнерінің түп-тамыры ертедегі көшпенділердің мәдени мұрасына, орта ғасырлар кезеңінің дәстүрлеріне барып тіреледі. Бұрыңғы кезеңдегі эстетикалық- технологиялық салт-дәстүр, айтарлықтай уақытша дүрбелеңдерге қарамастан, із-түссіз жоғалып кеткен жоқ. Өткен уақыттың аса бір жарқын элементтері түсіндіру, түрін өзгерту арқылы жаңа бейнеге ен отырып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Қазақтардың киізден жасалған туындыларында ежелгі мәдениеттің архетиптік бейнелері мен қалдықтары кездесуі осының айғағы. Бабалар мұрасына ұқыптылықпен қарау арқылы, сонымен бірге өз жеке шығармашылық дағдыларының күшті топтамасын енгізе отырып, қазақ халқы киіз басу өнеркәсібін қалыптастырып, жоғары классикалық деңгейге көтерді.

            Қазақтардың киіз басу өнері бір жағынан үй кәсіпшілігіне, екінші жағынан көркем қолөнерге де жатады, өйткені киіз, соның ішінде өрнекті киіз халықаралық жәрмеңкеге шығарылып отырған. Ортағасырлық жазба деректерге және жаңа зерттеу нәтижелеріне қарағанда, көркемдік киіз Қазақстан аумағы арқылы өтетін Ұлы Жібек жолындағы сауда-саттыққа ақша баламасы ретінде пайдаланылған.Қазақтар бұл өнімді жылқы және қоймен қатар XX ғасырдың екінші жартысында Ресе, Қытай, Орта Азия және басқа Шығыс елдерінен келетін тауарларға айырбас жасады.

Сондықтан ғасыр бойы тарих жолымен дамып, оның ұлттық қадір-қасиеттерін жоймай, бойына сіңіріп келе жатқан қазақтың ұлттық қолөнері күнделікті өмірімізде кеңінен қолданып,өзінің сипатымен емес, сұлулық сырымен, сәнімен ерекше көзге түсіп өз мағынасын жоймай мәдениқұндылығымыздың үлгісін сақтап келеді. Халықтың сонау арғы кезеңіндегі мәдени өміріне ой жүгіртіп көрсек, ерте замандардан он саусағынан өнер тамған ісмер шеберлердің өнерлері шежіре болып төгіледі.

Қазақтардың мәдени мұрасының маңызды бөлігін қазақ халқының шығармашылық болмысы мен эстетикалық талғамын көрсететін сәндік-қолданбалы өнері құрайды.

Қазіргі таңда еліміздің әрбір өңірінде күні бүгінге дейін өзінің ата-дәстүрін құрметтеп, жалғастырып, дамытып, қайта жаңғыртып оны келешек ұрпаққа нағыз көркем дүниелер тудырып жатқан көптеген қолөнер шеберлері жемісті еңбек етуде. Соның ішінде киіз өнерінің бағалы туындыларын жасап, салт-дәстүрде тұрмыста пайдаланылған көп нәрсе әлі күнге дейін қолданыста болып келе жатқаны тұрмысқа қажетті киізден жасалған бұйымдарды өндіру ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғаны анық. Халық арасында әлі де киізден сырмақ, текеметтерді дайындау жұмысын жалғастырып келе жатқан шеберлер аз емес.

Солардың бірі-«қол өнері-кілемде,сөз өнері –өлеңде»,- болған қолөнер шебері,

 қалалық қазақ мәдени орталығы  «Айша Бибі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айман Ыбырайқызы. Ол белсенді қоғамдық жұмысы үшін «Бірлік» алтын медальімен және Қазақстан  халқы  Ассамблеясының 20 жылдығына арналған  мерейтойлық  медалімен марапатталған. Шығыс Қазақстан облысы қолөнершілер ресурстық орталығының мүшесі.

Шебер ұлтымыздың ұмыт болып бара жатқан киіз басу өнерін заманауи нақышқа келтіріп, оның қыр-сырын өскелең ұрпаққа дәріптеп, көптеген жас қыз-келіншектерді қолөнерге баулып жүрген санаулы шеберлердің бірі.

Айман Ыбырайқызы 1945 жылы 28 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Шегелек ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген.3 ұл 7 қыздан кейін туған үйдің кенжесі биыл 77 жаста. Әйтсе де әжеміз қартайдым деп отырған жоқ, керісінше жастарды қолөнерге баулып, ұдайы қалада өтетін мәдени шаралардың басы-қасынан табылады.

Жолдасымен 26 жыл отасқан Айман Ыбырайқызы 1 ұл,2 қызды дүниеге әкелген. Қазір 10-нан астам немере сүйіп отырған ақжаулықты әже.

Жолдасы дүниеден өтіп, өзі зейнетке шыққаннан кейін қалалық Достық үйі ішінен 2002 жылы Айша бибі қалалық мәдениет орталығын құрады. Мұндағы мақсат –ұлттық салт-дәстүр мен қазақтың мәдениетін жастарға насихаттау. Алғаш бірлестік құрылған уақытта 5-6 әже болса, кейін мүше болуға ниет танытқан әжелер саны артып отырған. Ең үлкені 80-нен асқан. Барлық әжелер он саусағынан өнер тамған шеберлер. Өз білгендерін жас буынға үйрету мақсатында орталық ішінен Алтын оймақ үйірмесін ашқан.      «Ұрпақ тәрбиесі-ұлт тәрбиесі» дегендей талай жылдан бері курстар өткізіп, құрақ көрпе тігу, текемет басу, сырмақ оюдың қыр-сырын жас қыз-келіншектерге үйретіп жүр. Әжелер қазірге дейін мыңнан астам қыз-келіншекті қолөнерге баулыған екен.

Айман Ыбырайқызы 2009 жылдан бері көптеген қолөнер шеберлерінің жәрмеңке, көрме сондай-ақ  облыстық, республикалық, халықаралық байқауларына қатысып келеді.

Елордамыз Астанада өткен  «ЭКСПО-2017 көрмесінде» киіз басу бойынша шеберлік –сағатын көрсетіп,қолөнер бұйымдарын көпшілікке паш етіп, өз қолынан шыққан бұйымдарын шетелдік қонақтардыңназарына ұсынып, қазақ елінің мерейін асқақтатты.

            Шебер өзін батырлардың ұрпағымын деп мақтанышпен еске алып айтады.  Найман руынан тараған батыр бабасы1709-1730 жылдары  өмір сүрген Бекжан батырдың «Ақ бикеш» сауыты өлкетану музейінде сақтаулы тұр.

Қолөнершіата-анасының шебер болғанын айтады. Барлығын анасынан үйренген. Тұрмысқа шыққан кезде алаша, сырмақ, текемет жасауларыма бәрі қызыға қараған. Сол жасаудың кейбірі әлі күнге дейін сақтаулы тұр,-дейді шебер әжей. Қолөнермен айналысу арқылы адамның жан дүниесі, ақыл-ойы, қиялы, іскерлігі, шеберлігі тапқырлығы мен байқағыштығы және ұқыптылығы дамиды дейді.

Елді ашаршылық жайлаған 1930-шы жылдары Айман Ыбырайқызының ата-анасы отбасын аман сақтап қалу үшін Ресейге көшіп, 1938-ші жылы елге қайтып оралған екен. Қазақ мектебі болмаған соң әке-шешесі амалсыз орыс мектебіне берген. Орысша білім алып, жұмысқа орналасып, орыс ұлтының өкілдерімен бірге қызмет атқарады. Бірақ қалалық Достық үйіне келіп, өзі орталық ашқаннан кейін небәрі 3 жылда қазақ тілін меңгерген.

 Шебердің қолынан шыққан бұйымдардың көпшілігі киізден жасалған ұлттық нақыштағы бұйымдар. Бұл дүниелерді өткен ғасыр шежірелері деп айтуға болады. Осы дүниелер тек мұражайдың жауһары ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің үлкен мектебі деуге болады. Ұлттық мұрамызды XXI ғасырдағы Жаңа Қазақстанға жаңа леппен насихатталуына зор үлес қосып,қазақ халқының ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп жүрген заманымыздың заңғар шебері- А.Ыбырайқызының әр жылдары музей-қорық қорына өткізген 10-нан астам бұйымдары Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафттық музей-қорығында сақталып тұр.

Төменде қолөнершінің қолынан шыққанбұйымдары:

-          ақ киіз, тұскиіз, бөстек, көйлек, жастық, текемет,  панно, аяқ қап және сырмақтар. 

-          Тамыры терең төл мәдениетіміздің мыңдаған жылдық тарихы бар. Ұлттық қолөнерден сыр шертіп тұрған мына әдемі сырмақтар мен  тұскиіздерге назар аударыңыздар. Ондағы оюлардың орнымен орналасуы, өзіне шақ өлшемдерімен ойылу ерекшелігі бірден көз тартады.

-          Ақ киіз – қазақ мәдениетінің баға жетпес құндылықтарының бірі. Қазақ халқы хан

-          сайлаған тұлғаны  ақ киізге отырғызып ұлықтаған.

-          Енді қадам баса бастаған сәбидің тұсауын кесіп, ақ жолмен жүргізген.Ертеде оны да киіздени жасаған.

-          Ұзын етек көйлектер қай заманда да құнын жоймаған.  Ертеде ақсүйек әйелдердің киім үлгісі де етек-жеңі ұзын, бүрмелі болып келген.

-          Аяқ қап-қазақ халқының тұрмысында ыдыс-аяқ салу үшін арналған қапшық.Суреттегі аяқ қап шеті шашақталып, киізден жасалған.

Кп70-35068 Акт №44

Республикалық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі

Отырар 2022ж

Кп68-34465 Акт №138

 

Кп68-34599 Акт №189

Кп75-36431 Акт №116

Кп53-31016 Акт №2

 

Кп65-33764\А Акт №283

Кп59-32372 Акт №169

Кп65-33763 Акт №283

 

Кп59-32371 Акт №169 Кп62-33320 Акт №130

 

Нв26-14119


 

 

 

Қолөнерші үнемі ізденіс үстінде жүретін, қажыр-қайратын, бар өнерін ел игілігіне арнаған, алтын жүректі асыл тұлға. Бүгінгі ұрпақ үшін Айман Ыбырайқызының «өмірі-өнеге,өнері-үлгі» болып отыр.

Музей-қорық шебермен тікелей жұмыс жасауы арқылы еліміздегі осындай ерекше тұлғаны халыққа таныту ғана емес, шебердің қолынан шыққан бұйымдар арқылы халқымыздың терең тарихи толқынынан бізге жеткен өнерімізді, ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа насихаттау арқылы Жаңа Қазақстанды өркендетуші ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуді мақсат етіп келеді.

Халқымыздың тарихы мен мәдениетіне бас иіп, бүгіні мен болашағын ойлайтын еңбекқор қолөнершінің ізгі істері өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілткендей.

Музей-қорықтың да негізгі мақсат-мұраты жәдігерді жинап қою ғана емес, сол арқылы ел ертеңін, болашақ ұрпақты қазақи менталитет пен салт-дәстүр, әдеп-ғұрпымыз негізінде тәрбиелеу екенін ұмытпағанымыз жөн. Болашақта да мұражайымыз осы межелі мақсат жолында өзінің жұмысын жалғастыра бермек.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. ТОО «Издательский Дом «Эдельвейс» Золотая книга Казахстана 2020г
  2. Ш.Тоқтабаева Кошмовойлочное искусство казахов 2014 г
  3. С.Асанова, А.Птицина «Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы» Астана 2011
  4. Ғаламторда жарияланған Айман Ыбырайқызы туралы ақпараттар
  5. Шебермен жүргізілген сұхбаттан үзінділер

 

 

 

Торайгырова М.О. – специалист

отдела народного и декоративно-прикладного искусства

 

Опубликовано В сборнике «МАТЕРИАЛЫ Международной научно-практической конференции «Роль музеев в изучении и сохранении историко-культурного наследия Республики Казахстан», Акимат Павлодарской области, управление культуры, развития языков и архивного дела Павлодарской области, Павлодарский областной историко-краеведческий музей им. Г.Н. Потанина, г. Павлодар, 2022 г., с. 53-59

 

 

 

Халықтық  және сәндік қолданбалы

 өнер бөлімінің маманы - М.О Торайғырова

 

Павлодар облысының әкімдігі, Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын зерттеу мен сақтаудағы музейлердің рөлі» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының МАТЕРИАЛДАРЫ жинағына жарияланған, Павлодар қаласы, 2022 жыл, 53-59 беттер.

 

 

 

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …