Ертеде үш жолаушы арып-ашып бір байдың үйіне түседі. Үй иесі сараң болып шығып, қонақтарды үйіне кіргізбей, ол аз десең дым татырмай, қораға жатқызыпты. Қорада байдың аттары байлаулы тұр екен. Ашыққан жолаушының біріне "Осының атын сойып жеп алсақ қайтеді", - деген ой келіп, онысын жолдастарына айтады. Олар келісе кетеді де, бірі үйге жүгіріп барып:
- Байеке, байеке, пышағыңызды бере тұрыңызшы, атымыз өлгелі жатыр, - дейді. Бай сөзге келместен пышағын береді. Біраздан соң екінші жолаушы байдың бәйбішесінен қазан сұрап алады. Жолаушылар қазанға етті толтырып асып, піскен кезде асқа бай мен бәйбішесін шақырады. Бай жолаушылардың шақыруын қуанышпен қабыл алып, етке тойып, сорпасын ішкен соң " Ойпырмай, аттарыңның өліп қалғаны жаман болды, енді өз есімдерің кім болады?" - деп жөн сұрайды. Сонда жолаушылардың бірі тұрып:
- Менің есімім - Көрдік-сүйіндік, - депті. Екіншісі: - Ел жата түңілдік, - десе үшіншісі: - алдық-ұрдық, - деген екен.
Бай танысқанына қуаныш білдіріп, үйіне кетеді. Ертеңінде қорада жатқан қонақтар өзінің атын сойып, жеп тайып отырғанын біліп, бай санын бір-ақ соғыпты. Аттан салып, ауылды аяғынан тік тұрғызып , "Тез ұстап әкеліңдер, ана үш алаяқты!" - деп жар салады. Сонда жиналған халық:
- Байеке, біз оларды кім деп іздейміз, - деп сұрайды.
- Біріншісінің аты - Көрдік-сүйіндік, екіншісінің аты - Ел жата түңілдік, үшіншісінің аты - Алдық-ұрдық, - депті бай.
- Сол кезде бір қария күліп:
- Е, байеке, олардың "Көрдік-сүйіндік" дегені сенің байлығыңды көріп сүйінгендіктерін айтқаны. Ал "Ел жата түңілдік" дегендері сен қонақасы бермеген соң, ел жата түңілгендерін білдіргені . "Алдық-ұрдық" дегендері аш болған соң сенің атыңды сойып , асқандарын айтқаны екен, - депті.
Сонда ғана бай жолаушылардың тапқырлықпен өзін тақырға отырғызып кеткендерін, әрі өзінің жетесіздігі мен сараңдығынан елдің алдында ұятқа қалғанын біліп, үндемей қалған екен.
Б. Құмарова
"Дидар", 07. 03. 1992 ж.
< Предыдущая | Следующая > |
---|