Ашық аспан астындағы облыстық этнографиялық кешенде (бұрынғы Киров паркі) қазақ ауылы ашылды. Х1Х ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы ауқатты қазақ интеллигентінің үйі ұлы Абайдың үйінің жобасымен, тек ішіндегі дүние-мүлкі біраз өзгертіліп салынған. Тікбұрышты, бес бөлмеден тұратын үйдің едені тақтай, терезелері шыныланған. Сол кездегі ыдыс-аяқтар қойылған ас үй, меймандарды күтіп алатын қонақ бөлме, кітап оқып, аударма жасаған, жазу жазған жұмыс кабинеті, кіші әйелі мен келіннің жасауы жиылған бөлмелер.
Кіре берістегі кең бөлмеге қойылған әшекейлі сандық, ертоқым, аңшы мылтығы және аңдардың бағалы терілері еріксіз өзіне назар аудартады.
Үйге жақын тошала салынған, көбінде ас үй және қойма ретінде пайдаланылған. Қыста онда соғым еті сақталса, жазда талқан түйіп, май шайқаған.
Қазақ ауылында қазақтардың қыстақ ретінде пайдаланылған басқа да баспаналары бар.
Ғажайып қазақ ауылын тамашалауға, қазақ халқының тұрмысымен танысуға келуші жастар, мектеп оқушылары, зейнеткерлер, қала тұрғындары мен қонақтарының аяғы саябырлар емес.
Өкінішке орай, бұл керемет үй қазір қысқы мезгілге жабылып қалды. Көктем шыға ол меймандарға құшағын қайтадан айқара ашатын болады.
В. ЩЕТНИКОВА
Дидар, 16. 11. 2002 ж.
< Предыдущая | Следующая > |
---|