Өскемен қаласындағы «Мұра» баспа үйінің ұжымы баспагерлікпен қоса, қолдарына түскен құнды жәдігерлерді жинақтап, мұражайдың көмегімен халыққа көрме ретінде ұсынуды дәстүрге айналдырған.
Облыстық этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражайда ашылған «Өткеннің зердесі» атты көрме – осының айғағы. Көрмеге бүгіндері библиографиялық сирек кездесетін құнды мұра ретінде бағаланатын ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында өмір сүрген дін қызметкері, өлкетанушы-ғалым Борис Герасимовтың ғылыми еңбектері мен суретші-сәулетші Василий Бобровтың фотосуреттері, сол дәуірден сыр шертетін басқа да толып жатқан жәдігер енген.
- Біздің мұражай жеке коллекционерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Көпшілікке ұсынылып отырған «Өткеннің зердесі» атты бұл көрме соның айқын айғағы деуге болады. Өңіріміздің тарихын ғылыми негізде танып-білуге үлес қосатын құнды көрме болғандықтан көрермендеріміз де көп болады деген сенімдемін, - деді көрмені ашқан мұражай директорының экспозициялық-көрме жұмысы бойынша орынбасары Тамара Быкова.
Айтса айтқандай, көрмеге «Мұра» баспа үйі мүшелерінің жеке коллекция жинақтаушылары жинастырған 400-ден аса бұйымдар мен фото-суреттер қойылған. Сонау бір заманда осы өңір халқының тұрмыстық қолданысында болған, темірден, мыстан, ағаштан жасалған заттар, түрлі фотосуреттер мен құжаттар өткен өмірден сыр шертеді. Әсіресе, көне суреттердегі бүгінгі көркіне көз тойғысыз Өскеменнің ХІХ ғасырдың соңындағы келбетін көрген көрерменнің бүгінімізбен мақтанары хақ. Аз ғана екі қабатты құрылысы бар, өзгесі жаппай жатаған үйлерден құралған шағын қалашық кешегі дәуірдің дәрежесін паш етіп тұрғандай.
- Біздің «Мұра» баспа үйі өткен жылы «Дін қызметшісі Борис Герасимовтың Семейден Рахман қайнарына жасаған сапары» атты суретті альбомын шығарған еді. Альбомға кірген шежірелі фотосуреттер бізді осынау көрмені ашуға итермеледі. Сөйтіп, оны халыққа кеңінен насихаттайық деген ойға келдік. Бұл біздің этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражаймен алғашқы байланысымыз емес. Олармен көп жылдан бері ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз, - дейді «Мұраның» бас редакторы Александр Харламов.
Дәл осы жолы көрмені тамашалауға келген көрерменнің қарасы көп болмаса да, олардың бәрі жәдігерлерді тамсана тамашалап, бағаларын беріп жатты.
Ақпан айының соңына дейін есігі жабылмайтын бұл көрмені өскемендіктер армансыз тамашалай алады.
Бодаухан Тоқанұлы
г. Дидар, 2012 ж., 8 ақпан
< Предыдущая | Следующая > |
---|