
2026 жылғы 29 мамырда Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық музейінде Халықтар этнографиясы және аз санды этникалық топтар бөлімінің ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Қасіретті жылдар жаңғырығы» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – ХХ ғасырдың 20–50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін мен депортация жылдарының тарихи шындығын насихаттау, жазықсыз жапа шеккен азаматтардың есімдерін ұлықтау, тарихи жадыны сақтау және өскелең ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру.
Шараға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері Айым Смағұлова, Жаннұр Ордабай және магистрант Сайдахмет Нұртай Болатұлы қатысып, «Қуғын-сүргін құрбандары: дерек пен дәйек» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама барысында архивтік құжаттар мен тарихи деректер негізінде қуғын-сүргін жылдарындағы оқиғаларға жан-жақты тоқталды.
Іс-шараның арнайы қонақтары ретінде Шығыс Қазақстан облыстық неміс мәдени орталығы «Видергебурт» қоғамдық бірлестігінің өкілдері Роот Лидия Генриховна, Гопп Мария Марковна, Красильникова Ольга Петровна, Шығыс Қазақстан корейлер қауымдастығының өкілі Пшимбаева Павлина Михайловна және Шығыс Қазақстан облыстық поляк мәдени орталығының өкілі Фрышко Валентина Васильевна қатысып, Қазақстанға күштеп қоныс аударылған халықтардың тарихы, олардың тағдыры мен қиын кезеңдердегі өмірі туралы естеліктерімен бөлісті.
Кездесу соңында қатысушылар саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жариянып, өткеннің ауыр сабақтарын ұмытпау, тарихи әділдікті сақтау және болашақ ұрпаққа шынайы тарихты жеткізу – баршаның ортақ парызы екендігін атап өтті.












