2011 жылғы 30 қазанда мұражай-қорықта Польша Республикасының Қазақстан Республикасы мен Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Яцек Ключковски, Польша Республикасы елшілігінің ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесшісі Павел Есса болып қайтты. Сол күні мұражай-қорық қонақтары Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасы елшілігінің көмегімен ұйымдастырылған «Қазақстан. Кеше мен бүгін» атты көрменің ашылуына қатысты.
Көрмеде поляк зерттеушісі Константин Николаевич де Лазаридің (1869-1930) түсірген бірегей фотосуреттері назарға ұсынылған болатын. 1897 жылғы халық санағы кезінде ол Жетісу облысы Лепсі уезінің бастығы болған және санаққа қатысқан. 1897-1898 жылдары К. де Лазари Ұлы Петр атындағы антропология және этнография мұражайына Жетісу облысының Лепсі уезі мен Ақмола облысының Көкшетау уезі қазақтарының мәдениеті және тұрмысы бойынша фотоматериалдардың үш коллекциясын жолдаған.
К. де Лазаридің көрмеге қойылған фотосуреттері мұражай-қорыққа сыйға тартылды. Фотосуреттердің Қазақстанға қайтарылуына Константин Николаевичтің ұрпағы Анджей де Лазари бастамашы болған екен.
< Предыдущая | Следующая > |
---|