1. Мектептік
2. Халықтық
3 .Филиал
4. Облыстық
5. Музей-қорық
Мектептік
Мұражай 1968 жылы Бутаково селосындағы сегізжылдық мектеп жанында ашылған болатын. Мұражайда көненің көздері – өлкенің тарихы мен тұрмысын айқындайтын бірегей бұйымдар жиналған еді.
Халықтық
1971 жылғы 7 мамырда еңбекшілер депутаттары Лениногор қалалық Кеңесінің атқару комитеті «Бутаково халықтық мұражайын ұйымдастыру туралы» № 150 шешім қабылдады. Халықтық этнографиялық мұражайдың директоры болып Н.А.Зайцев тағайындалды. Лениногор қалалық тарихи-өлкетану мұражайына қолда бар жәдігерлерді жүйеге келтіріп, мемлекеттік сақтауға алу туралы тапсырыс берілді. Үлбі кенттік Кеңесінің атқаркомы 1971 жылғы 1 тамызға дейін мұражайды орналастыруға үйжай бөлу керек болды.
Филиал
1972 жылғы қаңтар айында Қазақ КСР Мәдениет министрлігі Лениногор тарихи-өлкетану мұражайына ғылыми қызметкердің бюджеттік бірлігін Бутаково мұражайында пайдаланылсын деген тапсырмамен бөлді. Бутаково мұражайы Лениногор мұражайының филиалына айналды. Мұражайдың бірінші ғылыми қызметкері Бутаково мектебінің бұрынғы оқушысы Тоня Полторанина болып табылды.
1976 жылы мұражай қорында 3 мыңнан астам мұражайлық бұйымдар болды. Мұражай жанынан «Жас өлкетанушы» клубы құрылды.
Осы жылғы 7 сәуірде теледидар арқылы алғашқы хабар берілді. Оған Н.А.Зайцев пен журналист А.В.Рябков қатысты, бұл сұхбат режиссер Вера Лазареваның «Сіздермен бірге жарты сағат» атты жастар хабарының бөлімінде жүргізілді.
1976 жылы мұражайға 60 мыңға таяу адам келіп, тамашалады.
Облыстық
Бутаково этнографиялық мұражайында ШҚО-ның бірқатар орыс селоларындағы ескідәстүршіл тұрғындардың материалдық және рухани ескерткіштерінің жиналғанын, сондай-ақ олардың бірегей болып табылатынын тарих ғылымдарының докторлары С.С.Черников пен А.А.Каприелов мойындаған болатын. Ленинградта этнография мәселелеоі бойынша 1972 жылы өткен халықаралық симпозиум, сондай-ақ 1975 жылы КСРО Ғылымдар Академиясы этнография институтының аға ғылыми қызметкері, ғылымдар докторы А.А.Лебедевтің басқаруындағы экспедициясы олардың пікірлерін қуаттаған еді. Осыларды ескере отырып еңбекшілер депутаттарының Лениногор қалалық атқару комитеті 1976 жылғы 19 наурызда «Лениногор тарихи-өлкетану мұражайының Бутаково филиалын ашық аспан астындағы Бутаково этнографиялық мұражайы етіп қайта құру туралы» шешім қабылдады..
Бутаково этнографиялық мұражайының еңбекшілерді коммунистік тәрбиелеу ісіндегі ерекше маңызын және ондағы жиналған этнографиялық жәдігерлердің бірегейлігін ескере отырып Еңбекшілер депутаттары Шығыс Қазақстан облыстық Кеңесінің атқару комитеті 1978 жылғы 1 шілдеден бастап Бутаково этнографиялық мұражайын ашық аспан астындағы облыстық мұражай етіп қайта құру туралы шешім қабылдады (1977 жылғы 9 қарашадағы № 618 шешім).
1978 жылғы 10 мамырда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Өскемен қаласында этнография мұражайын ұйымдастыру туралы өкім (№ 197-ө өкім) шығарды.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1978 жылғы 10 мамырдағы № 197-ө өкімі негізінде Қазақ КСР Мәдениет министрлігі 1978 жылғы 23 мамырда Өскемен қаласында этнография мұражайын ашу туралы бұйрық шығарды.
Еңбекшілер депутаттарының Шығыс Қазақстан облыстық Кеңесі атқару комитетінің 1978 жылғы 11 қазандағы № 110 бұйрығымен Н.А.Зайцев 1978 жылғы 1 қыркүйектен бастап мұражай директоры болып тағайындалды.
1983 жылы мұражай Өскемен қаласына көшірілді. 1983 жылы мұражай қорында 10 мың зат болды.
Мұражай-қорық
2005 жылы Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық мұражайы мұражай-қорық мәртебесіне, көпсалалы мекеме мәртебесіне ие болды, өйткені ол этнографиялық мұражайдың аясынан шығып кеткен еді: мұражай қызметінің салалық және тақырыптық диапазоны (бұл әрі тарих, әрі табиғат, әрі сәулет) кеңейген болатын. Сонымен қатар, мұражай қарамағына зообақ, екі саябақ берілді, онда мұражайдың ашық аспан астындағы экспозициясы ашылды және реконструкцияланған саябақтардың аумақтарында табиғи-ландшафтық аймақтар құрылды, оларға өсімдіктердің сирек және мәдени түрлері енген болатын. Нарықтық қатынастарға көшудің өзі мұражайдың ұсынатын қызметтерінің аясын кеңейтуді талап етті. Мұражай «қарым-қатынас кеңістігі» мен қазіргі заманғы бос уақыт орнына айналды. Мұражай бағдарының «этнографиялықтан» «көпбағдарлыққа» ауысуына байланысты нағыз атқарылатын шаруа жағдайы нақтылана түсті.
Осылайша, мұражай мәртебесінің өзгеруіне себеп болғандар:
- мұражай қызметінің салалық және тақырыптық диапазонының кеңеюі;
- мұражай құрылымына халық сәулетшілігінің жылжымайтын ескерткіштерінің енуі;
- тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау және сақтау қажеттігі;
- әлеуметтік сала мәселелерін шешу кезінде мұражай қызметін қамтамасыз ету (ескерткіштердің өздері, инженерлік коммуникациялар, жолдар, аллеялар, қоршаулар жөндеуді, қалпына келтіруді және реконструкиялауды үнемі талап етеді).