2007 жылғы 30 тамызда Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру аясында Жамбыл атындағы саябақта қазақ халқының ұлы перзенті Жамбыл Жабаевқа кеуіт ескерткіш салтанатты түрде ашылды.
Ж.Жабаев (1846 – 1945) – халық ақыны. Жас кезінен бастап айтыстарға қатысып жүрген. 16-17 жасында-ақ көпшілікке танымал бола бастады. Қазақ фольклоры қазынасына қанық болған. Балалық шағынан бастап «Қобыланды», «Алпамыс» жырларын, қырғыз эпосы «Манасты және басқаларды жатқа біліп, олардан үзінділер айтып жүрген. Жас кезінен бастап-ақ еңбекші халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүретін, өзінің жалынды өлеңдерінде бай-манаптардың, феодалдардың, билік, дін басындағылардың келеңсіз іс-әрекеттерін әшкереледі.
Біздің қалада Жамбыл есімімен облыстық драма театры, мектеп-интернат аталады, Жамбыл атындағы көше де бар.
Кеуіт полимерлік: полимер мен пластмасса құрамынан сомдалып, мәрмәр түйіршіктерімен өңделген.
Ескерткіштің биіктігі – 1 м. 50 см, ені – 2 м 50 см, қалыңдығы – 80 см. Бұл кеудеге дейінгі бейне: қолына домбыра ұстаған Ж.Жабаев кеуіті.
Монумент авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Владимир Борисович Самойлов болып табылады.