6 маусым күні Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының «Жастар» саябағында ЕС қолдауымен және «ТЭК» НКО-ның (Өскемен) серіктестігімен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдардың көрме-жәрмеңкесі болып өтті.
Өскемен және Семей қалалары мен Катонқарағай, Ұлан, Абай аудандарының 40-қа тарта шебері өз қолдарымен жасаған екі мыңнан астам бұйымды қалалықтар назарына ұсынды. Олар: сазбалшықтан жасалған ойыншықтар мен ысқырмақтар, бижутерийлер, күрделі техникада дүниеге келген киіз бұйымдар.
Ол шеберлердің бірі – өскемендік Марина Широких. Ол 40 жылдай уақыттан бері осы бір сүйікті іспен айналысып келеді. Аталған жылдар көлемінде ол бес мыңнан астам кәдесый жасаған екен. Бұлар кәдімгі тәлеңкелер, құлақбастар, кертпелер, қала келбеті бейнеленген жапсырма-магниттер, қаламдар және «Өскемен» деген жазуы бар ағаш қасықтар мен басқа да көптеген дүниелер.
Семейлік Айбын Жұматай қазақ қолөнерімен 2010 жылдан бері кәсіби түрде айналысып келеді. Шебер қамшы өру балалардың да қолынан келеді деп есептейді. «Оның еш күрделілігі жоқ, – дейді ол, – оған тек отыру және төзімділік қажет. Айбын аталған жәрмеңкеге түрлі әдіспен өрілген 16 қамшы әкеліпті.
Бұл күні қолөнершілер киіз басу, ши тоқу, сазбалшықтан бұйым жасау, ағаш пен тасқа өрнек салу бойынша бірқатар шеберлік дәрістерін өткізді.
Жәрмеңке шеңберінде концерт және «Шығыс кәдесыйы» атты облыстық конкурс өтті. Жалпы, мұндай конкурс аймақ көлемінде жетінші рет өткізілді. Биылғы конкурс халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналып отыр. Оған қатысушылар «Қолданбалы өнердің дәстүрлі шебері», «Жоғары шеберлік», «Жас шебер» және «Көрермен көзайымы» аталымдары бойынша сынға түсті. Сайыстың басты талабы – орындау техникасының жоғарылылығы, дизайндағы инновация. Өнім ұлттық нақышта жасалуы қажет және онда Шығыс аймағы туралы дерек беретін бір тақырып қамтылуы тиіс.
Конкурс қорытындысында бас жүлде Семей қаласының тұрғыны Гүлмира Айғожинаға бұйырды.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Сергей Суров.
< Предыдущая | Следующая > |
---|