Республикалық «Шебер-2017. Біздің мұра» конкурсында музей-қорықтың халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің меңгерушісі Раиса Мұхамеджановаға қолөнерді дамытуға қосқан көп жылғы үлесі үшін мойындау сертификаты тапсырылды.
Алматыда қазақстандық қолөнершілердің республикалық «Шебер-2017» фестиваль-конкурсы аяқталды. Оған Шығыс Қазақстаннан барған шеберлердің үйлестірушісі Раиса Мұхамеджановамен бірге біздің өңірдің алты сәндік-қолданбалы өнер шебері қатысты. Олардың бұйымдары Қазақстан дәстүрлі қолөнерінің сан алуан спектрін құрайтын фестивальдің жәрмеңкесіне қойылды. Олар: бізкестелеу, зергерлік өнері, тоқымашылық, металды көркем өңдеу және басқалар.
Семей қаласының тұрғындары – Зулай Сұлтанова мен Болат Махажановтың Қазақстан Қолөнершілер одағына мүше болуы фестивальдің айта жүрерлік жаңалығы болды. «Бұл бәрінен бұрын біздің шеберлерге деген сенім, - дейді Раиса Шериазданқызы. – Ендігі жерде сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкелеріне, шеберлік дәрістері мен тренингтерге қатысқан кездерде олардың мәртебелері ерекше биік болады».
«Шебер» конкурсының мақсаты Қазақстанда қолөнершілік индустриясының өрістеуіне кеңінен жол ашу және жаңа дарындарды іздестіріп, табу болып табылады. Аталған конкурс республикада тоғызыншы рет өтіп отыр. Ол 2009 жылы алғаш рет ашылғанда катонқарағайлық тоқымашы Гүлнар Қожамжарова оған қатысып, жеңімпаз атанған еді. Шығыс Қазақстанда сондай-ақ, Амангелді Мұқажанов және Сержан Бәшіров сынды суретші-зергерлер, Жолаушы Тұрдығұлов сынды қазақтың ұлттық аспаптарын жасаушы шебер дүниеге келіп, өнерлерімен белгілі болған. Олардың суреттері мен қолдарынан шыққан бұйымдары Раиса Мұхамеджанованың фестивальдан алып келген «Ұлы дала шеберлері» атты альбомға енгізілген екен. «Олар өздері туып-өскен «кіші Отандарын» мақтан тұтады, - дейді ол өзінің жерлестері жайлы, - және бізде өтетін көрмелерге өздерінің жұмыстарын әкелуге қарсы емес».
Осы тұста музей-қорық біздің облыстан шыққан қолөнерші-шеберлердің еңбектерін үнемі қадағалап отыратындығын да ерекше атап өткен жөн. Соның бір ғана дәлелі – жақында ғана халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің мұрындық болуымен өткен «Шеберлік баспалдақтары» көрмесі. Жалпы, Шығыс Қазақстанда аталған саланың өркен жаюына осы бөлімнің меңгерушісі ерекше тер төгіп келеді. Раиса Мұхамеджанованың республикалық «Шебер-2017» конкурсында ие болған мойындау сертификаты оның мәдени және рухани құндылықтарды, тарихи және этнографиялық мұраларды сақтап, дамыту жолындағы еңбегіне берілген лайықты баға деуге толық негіз бар.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.