Солжағалық кешеннің Этноауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде татарлардың Астананың 20 жылдығына арналған ұлттық мерекесі болып өтті. Мерекені облыстық Достық үйіндегі татар этно-мәдени бірлестігі мен музей-қорықтың қызметкерлері бірлесіп өткізді.
Салтанатты мереке басталмас бұрын халықтар этнографиясы және аз санды этнотоптар бөлімінің меңгерушісі Бақытжамал Құмарова қонақтар үшін Этноауыл аумағында орналасқан татар қонысына экскурсия жүргізді. Онда Бақытжамал Мейрамқызы Сабантой мерекесінің мәні мен мағынасы жайлы әңгімелеп, татар халқының салт-дәстүрімен таныстырды.
Сабантой көктемгі егіс жұмыстары аяқталған кезде өтеді. Ол татар тілінен аударғанда соқа, жазғы егіс, көктемгі егіс жұмыстары сынды бірнеше мағына береді. Татарларда барлық егістік жұмыстары «сабан» деп аталады, ал оның мағынасы «соқа» дегенді білдіреді. Ал туй – мереке, сол себепті де көп адамдар сабантойды соқа мерекесі деп те атайды. Ол мерекенің басты атрибуттарының бірі соқаға жегілген ат болған. Ол гала-концерт басталмай тұрып, сахна алдында көрініс беріп өтті.
Жиналғандарды аталған мерекемен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева, ШҚО халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы Гүлнара Омарова, ШҚО қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы Лео Шик, ҚР татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігі Ассамблеясы басшысының орынбасары Ғабдулхай Ишмуратов, Өскемендегі РФ Бас консулдығының вице-консулы Алексей Юршин, ШҚ облыстық татар этно-мәдени бірлестігінің басшысы Сергей Фаизов құттықтады. Концертке РФ Татарстан Республикасының артистері, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының «Сарман», «Еркетай», «Яшьлек», «Ақниет», «Инсоноре», «Криничка» ансамбльдері, басқа да ұжымдар мен орындаушылар қатысып, өнер көрсетті.
Спорт алаңдарында татарлардың ұлттық күресі – «татарша куреш», гір көтеру, қол күресі бойынша спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Ал олардың қатарында ересектер мен балалар үшін аттракциондар, халық ойындары мен конкурстар өтіп жатты.
- Татар диаспорасы үшін Сабантой жыл ішінде атқарылған шаруалар қорытындыланатын және алдағы кезеңге жоспар жасалатын өзіндік форум болып табылады, - дейді мерекенің мәні жайлы әңгімелеген татар этно-мәдени бірлестігінің басшысы Сергей Фаизов. – Орайы келгенде айта кетейін, жыл сайын осындай тамаша орында, тамылжыған табиғат аясында біздердің ерекше мереке өткізуімізге қол ұшын беретін музей-қорыққа бек ризамыз. Этноауылда барлық жағдай жасалған.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Алексей Мазницын.
< Предыдущая | Следующая > |
---|