2019 жылдың 3 тамызы күні Қ. Қайсенов атындағы саябақта сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін осымен үшінші рет Шығыс Қазақстан облысы қолөнершілерінің фестиваль-конкурсы болып өтті. Іс-шараны ШҚО туризм және сыртқы байланыс басқармасының Туристік ақпарат орталығы мен Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы ұйымдастырды. Фестиваль-конкурсқа Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Ұлан, Глубокое, Көкпекті, Бесқарағай аудандарынан барлығы 40 қөлөнерші қатысты. Фестиваль барысында қонақтарға шеберлердің жұмыстарымен қатар ши тоқу, қоға өру, ағашқа ойып, өрнек салу, киіз басу, матадан қуыршақтар және былғарыдан білезіктер жасау сынды халықтық өнер бойынша шеберлік дәрістері ұсынылды.
Конкурс қорытындысында жеңімпаздар «ШҚО өңірін бейнелейтін үздік бұйым үшін бас жүлде», «Дәстүрлі қолөнер шебері», «Жоғары шеберлік», «Дизайндағы жаңашылдық», «2019 жылдың жас шебері» (18-36 жас) және «ШҚО қолөнершілігін дамытуға қосқан үлесі үшін» атты алты аталым бойынша марапатталды.
Әдеттегідей, мереке қонақтары үшін саябақтың орталық алаңында Өскемен қаласының және Ұлан ауданының шығармашылық ұжымдары мен орындаушыларының концерті ұйымдастырылды.
Фестиваль-конкурсты барлығы 2 мыңнан астам адам тамашалады.
Суретті түсірген Сергей Суров
< Предыдущая | Следующая > |
---|