28 тамыз күні музей-қорықтың Солжағалық кешені ШҚО тілдерді дамыту басқармасы Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының тәжірибелік сабақтар алаңына айналды. Тұрғындарға арналған «Тiлашар» қысқа курсына қатысушылар, қазақ тілін үйренушілер осы жерде өз білімдерін нығайта түсті. Оларға музей-қорықтың сирек кітаптар бөлімінің қызметкерлері көмектесті.
«Тiлашар» курсында алған білімді нығайта түсу – тілдерді дамыту басқармасы жүргізген «Ойна да күл, қазақша бiл» атты тіл лагерінің басты мақсаты. Ол үшін балабақшалардың оқытушылары мен әдіскерлеріне, студенттерге, облыс орталығындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне, зейнеткерлер мен басқа да санаттағы курс тыңдаушыларына арналған тренингтер мен ойын тәсілдері қолданылады. Солжағалық кешенде өзгеше саяхат сабағы өтті. Музей-қорықтың сирек кітаптар және иконажазу бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Кашаку мен кіші ғылыми қызметкері Әсел Қаршалова оған қатысушыларға Этноауылды таныстыра отырып, паровозбен экскурсия жасады. Курс өкілдері экскурсия барысында қазақ қонысында болып, Үлкен киіз үйдегі «Құнды мұра» атты экспозицияны тамашалады. Ал кешендегі Кіші павильонда Абайдың шәкірті, Қазақстанның халық ақыны Төлеу Көбдікұлының (1874-1954) өмірімен, шығармашылығымен танысты.
Қатысушылар сабақ соңында «Тiлашар» курсын бітіргендігі туралы сертификаттар алды. Аталған іс-шараның 5 қыркүйекте республика көлемінде аталып өтілетін Қазақстан халқының Тілдері күні қарсаңында өткені ерекше еді.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Алексей Мазницын.