Әріптестері музей-қорық директорының экспозиция-көрме жұмыстары жөніндегі орынбасары Евгения Рахматулинаны туған күнімен құттықтады. Осы бір сәттің Евгения Юрьевнаға тарих ғылымдарының кандидаты атағының берілуімен сәйкес келуі ерекше еді. Е. Ю. Рахматулинаға бұл ғылыми дәрежені Алтай мемлекеттік университетінде (Барнаул қ.) қорғаған диссертациясы үшін Ресей Федерациясы Ғылым және жоғары білім министрлігі тағайындаған-ды. Диссертацияның тақырыбы – «Шығыс Қазақстанның 1920-1930 жылдарғы кеңестік модернизация жағдайындағы көркем интеллигенциясы».
Е. Рахматулина аталған тақырыпты ашу үшін бірнеше жыл бойы облыс пен республиканың мемлекеттік архивтерінде жұмыс істеді. «Тарих ғылымдары кандидатының дипломы – біздің қызметкерлердің жоғары деңгейлі ғылыми білімге ие екенінің дәлелі, - деді музей-қорық директоры Арсен Тен. – Біздің арамызда ғылыми атақ алуға лайықты әлі де бірқатар кандидатуралар бар».
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.