М. Горький көшесі, 59 ғимаратының залдарында орналасқан «Шығыс Қазақстан қазақтарының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы этнографиялық мұрасы» атты стационарлық экспозиция келушілерді жаңаша кейіппен қарсы алады.
Бірінші залдағы барлық жәдігер енді жаңа, төбеге дейін жететін, үлкен шынылы шкафты витриналарға орналасқан. Витриналар мазмұн жағынан да жаңа жәдігерлермен толығып отыр. «Көшпенді мал шаруашылығы» тарауында XIX ғасырдың соңындағы алтынмен апталған, күміспен күптелген ат әбзелдері қойылған. Ол 2018 жылы Күршім ауданынан әкелінген. «Мал шаруашылығы» бөлімі жануарлардың түбітін тарауға арналған тарақтармен толықтырылып отыр. Ал «Ұсталық қолөнері» атты витринада жүк артылатын ертоқым пайда болды. «Біздегі кәдімгі ертоқымдар мініске арналған, - дейді қазақ этнографиясы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Айман Қайырбекова. – Ал мына ертоқым ат үстінде жүк алып жүруге лайықталған. Оның көптеген металл бөлшектері бар. Аталған ертоқым Тарбағатай ауданынан сатып алынған».
Бұған дейін залдағы биіктеу көтермеде (подиумда) тұрған үлкен киіз үй төмен түсіріліп, арнайы жайылып жатқан, жазғы мекен - жайлауды көз алдыңа әкелетін жасыл төсемеге орналастырылған. Киіз үйдің оң қапталына, онымен қатарластырыла қазан, келі мен келсап, шәйнек қойылған үш аяқты ошақ орнатылған. Бұл көрініс жаз мезгілінде киіз үй жанында ас-су әзірленгенінің куәсі іспетті. Киіз үй ішіндегі үстелге жаңа асжаулық жабылған. Оны ісмер Бұлбұл Мәрденқызы күршекпен тоқыған.
Залдағы кілем бұйымдары да басқаша жайылған. Олар дайындалу техникасына қарай орын тепкен. Мұнда сондай-ақ, сан түрлі реңкте жозыланған, аппликациялық және киіз кілемдер мен текеметтер де бар.
Көрме туралы түсінік беру де өзгерген, енді олардағы мәтіндер үш тілде: мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде беріліп отыр. Қазақ этнографиясының жаңаланған залы келушілерді күтеді. Музей-қорық алдағы уақытта екінші залды да қайта жабдықтауды жоспарлап отыр.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі
Суретті түсірген Сергей Суров.
< Предыдущая | Следующая > |
---|