Өскемендегі облыстық драма театрында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 2019 жылы аймақты әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері бойынша атқарылған жұмыстар турасында жұртшылық алдында есеп берді.
Театрдың екінші қабатындағы фойеде облыс музейлері аймағымыздың ғасырлар бедерінде дамығанынан хабар беретін топтамаларды ұсынды. Олардың қатарында Тарбағатай ауданының Елеке сазы қорымын қазу барысында табылған «Алтын адам» да бар. Музей-қорық І Ақбауыр аумағындағы қазба жұмыстары кезінде табылған материалдардан тұратын витринаны жабдықтады. Олар тастан жасалған еңбек құралдары, керамика кермелер мен керамикалық ыдыстардың көріністері.
Конференцияға қатысушылар қатарында Ақбауыр қазбаларын қазумен айналысқан тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев та болды. Біз ғалымнан бүгін көпшілікке ұсынылып отырған жәдігерлер турасында айтып беруін өтінген едік. Ғалымның сөзіне қарағанда, қазба жұмыстарында табылған дүниелер белгілі бір замандарда біздің аумақты мекен еткен халықтың өткен тарихына тың көзқараспен қарауды талап етеді. «Бұлардың барлығы сақтардың отырықшы болғанын дәлелдейді, - дейді Зейнолла Самашұлы. – менің ойымша, Ақбауырмен етене әрі толыққанды айналысу керек». Белгілі археолог алдағы уақытта Ақбауырға арнап музей ашуды қолға алу керек деп есептейді. «Қалада екі бірдей университет бар, - дейді Зейнолла Самашев, - студенттер қазба жұмыстарымен айналысады, десе де олар тәжірибеден өтетін база жасалуы керек. Бұл тарих ғылымы мен өлкетануды жүйелі дамытуға жол ашып, студенттердің кәсіби бағдар алуына негіз болады». Сонымен қатар музейдің ашылуы облыста, республикада туризм саласын дамытуға үлкен жол ашпақ.
Облыс әкімі Даниал Ахметов те өз баяндамасында туризмді дамыту турасында айтып өтті. Аймақ басшысы жұртшылық алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар жайлы есеп беріп, ағымдағы жылы облысты дамытуға бағытталған жоспарлар турасындағы ойларын ортаға салды.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Сергей Суров.
< Предыдущая | Следующая > |
---|