2021-ші жыл Қазақстанда атақты халық ақыны Жамбыл Жабаев жылы болып жарияланды. Ақын 1945 жылдың мамыр айында Ұлы Жеңісті қарсы алып, жүз жылға жуық өмір сүрді және Қазақстанда дәуір сабақтастығының нағыз символына айналды. 2021 жылдың 18 қарашасында ағарту және көпшілікпен жұмыс бөлімінің қызметкерлері музей-қорықтың М. Горький көшесі, 59 мекенжайындағы көрме корпусында Жамбыл Жабаевтың мерейтойына арналған кездесу-концерт өткізді. «Жамбыл әндері ұрпақтар жүрегінде шырқалады» атты концертке Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының «Ақ босаға» шығармашылық ұжымы (жетекшісі Надежда Шәмшиева), қалалық музыка мектебінің мұғалімдері Әли Сапарбек пен Арна Бәтиханов, сондай-ақ, «Қазақстан-Американ еркін университетінің» студенттері қатысты.
Концертті Сәуле Жүнісова жүргізді. Жүргізуші көрермендерді Жамбылдың шығармашылық өмірбаянымен, оның Шөже ақынмен кездесуі туралы маңызды деректермен таныстырды. Асан Қайғы туралы аңыздар кейініректе Жамбылды «Өтеген батыр» поэмасын жазуға шабыттандырды, ол оны «Хикая» деп атады. Жамбыл әрқашан халық өміріне етене жақын болды. Ол туған ауылының, жаңа зауыттар мен фабрикалардың жұмысына ерекше қызығушылық танытты. Ақын жасының ұлғайғанына қарамастан, көп саяхаттады, оның дауысы шартарапқа естіліп жатты. Жамбыл поэзиясының дауылпаз күшін замандастары да атап өтті. Мысалы, украиналық классик Янка Купала ақын туралы: «оның жырлары радио толқындары сияқты бүкіл елге таралады», - десе, көрнекті орыс әдебиеттанушысы К. Зелинский: «Жамбылдың ой-өрісі кең, арман-қиялы ерекше ұшқыр, міне, оның әндеріндегі ең қызықтыратын нәрсе осы. Шындықты бұлайша эпикалық қабылдау Жамбылдағы кең ауқымды жоспардың болмысын білдіреді» деп жазды. Сәуле Жүнісова Жамбылдың ұлы Отан соғысы кезіндегі ленинградтықтарға арнаған «Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің» атты поэтикалық үндеуі туралы да айтып берді.
«Ақ босаға» ансамблінің орындауында Жамбыл Жабаевтың өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды. Қалалық музыка мектебінің оқытушылары домбырадан ғажап саз төкті. Мерекелік кездесу соңында бөлімнің әдіскері Юлия Курдакова және қазақ этнографиясы бөлімінің қызметкері Жанбота Шерікбай Жамбыл Жабаевтың өлеңдерін оқыса, Нұрсұлу Мырзашова ән шырқады. Барлық қатысушыларға музей-қорық әкімшілігінің алғысхаттары табыс етілді.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі
Суретті түсірген Алексей Мазницын
< Предыдущая | Следующая > |
---|