2013 жылдың 5 шілдесінде мұражай-қорықтың Солжағалық кешенінің Үлкен павильонында киім дизайнері, үлгіші-стилист Евгения Михайловна Бражникованың «Менің мәңгілік гүлденген бағым...» атты авторлық көрмесі ашылды.
Е.М.Бражникованың коллекциясында 15 жыл көлемінде жиналған 500-ге тарта таза матадан тігілген бірегей киім үлгілері бар. Оның ерекшелігі киімдерді соңғы түймебауына дейін белгілі бір үлгіде автордың өзі атқарғандығында.
Е.М.Бражникова Жарма ауданының Георгиевка ауылында дүниеге келген, Өскемен педучилищесінің мектеп бөлімін бітірген (1972 ж.).
Евгения Бражникованың киімдері түстердің композициясын мінсіз сезінуімен, ежелгі орыс және европалық бал көйлектерінің дәстүрлерін табиғи түрде қолдана білуімен, детальдардың конструкциясын құбылтуымен, қазіргі заман әйелінің көркем бейнесін жасаудағы романтизмі мен ақынжандылық танытуымен сипатталады.
Е.М.Бражникова өз үлгілерін кеңінен көрсетуге 1994 жылдан бастап қатысып келеді. Алматыдағы «Бурда моден» баспасының 45 жылдығына (1995 ж.) орай өткізілген республикалық конкурстың жүлдегері, «Image» сән агенттігінің қолдауымен өткен облыстық сән фестивалінің (1998 ж.) және басқа да көптеген облыстық сән фестивальдарының лауреаты. Евгения Бражникованың киімдерінің коллекциясы Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық мұражайында алғаш рет 1996 жылы көрсетілді.
Павловопосад кашемир басорамалдарын пайдалана отырып жасаған үлгілері Евгения Бражникова коллекциясының нағыз інжу-маржанына айналғаны сөзсіз.
Орыстардың кашемир басорамалдарының дәстүрге енгеніне 200 жылға таяу уақыт болды. Экзотикалық Үндістанда таза жүннен қол тоқымашылығы техникасында орындалып, жеткізілген кашемир шәлілері Францияда Наполеон заманында сәнге айналған-ды. Өзіне тән шығыс суреті бар, қанық түсті шәлілер француз әйелдеріне ғана емес, сондай-ақ орыс ақсүйектеріне де ұнап, олар Парижден керемет қымбат кашемир шәлілер алдыртып жүрді. Мануфактуралардың іскер орыс қожайындары кашемир үлгісі бойынша жүн тоқымашылығының техникасын тез игеріп алды да, технологияны айтарлықтай жеңілдетіп, тоқылып шығатын өрнек станоктарда арнайы бояулармен соғып түсіретін өрнекпен ауыстырылды. Суреттің сипаты да өзгерді, енді күрделі шығыс өрнегінің орнына, қара, қоңыр, жасыл, көк... түстердің аясында ертегідей құлпырған, солмайтын гүлшоқтар «гүлдеп шыға келді». Осындай техникада орындалған бас орамалдар айтарлықтай арзанға түсті және қоғамның әртүрлі топтары сәнқойларының жүректерін тез-ақ жаулап алды. Өнер тарихына деген қызығушылық Евгения Михайловнаны ұлттық киімнің тарихына жаңаша үңілтті, ал орыстардың кашемир басорамалы Евгения Бражникова үшін өзіндік бір ақпараттық-көркем үлгіге айналды.
< Предыдущая | Следующая > |
---|