«Шебердік баспалдақтары». Музей-қорықтың Қасым Қайсенов көшесі, 67 мекенжайында орналасқан көрме залында өз жұмысын бастаған сәндік-қолданбалы өнер шеберлері жұмыстарының көрмесі осылай аталады. Онда Өскемен, Семей, Риддер, Зырян қалалары мен Ұлан, Катонқарағай аудандарының шеберлері өз туындыларын көрсетті. Салтанатта сөз алған музей-қорық директорының орынбасары Тамара Быкова: «аталған экспозицияның ерекшелігі сонда, оған алғаш қатысушылармен қатар, сан түрлі шығармашылық ізденісте жұмыс істейтін өз ісінің нағыз шеберлері де қатысты» деп атап өтті.
Көрмені жыл сайын өткізу дәстүрге айналған. Музейдің халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің меңгерушісі Раиса Мұхамеджанованың сөз саптауына қарағанда, мұндай көрмемен Қазақстанның басқа өңірлері де етене таныс. Олардан «Шеберлік баспалдақтары» атты осындай көрмеге келесі жылы қатысуға өтінімдер түсуде. Алайда, экспозицияны шола отырып, біздің тоқымашылармен, кестелеушілермен, суретшілермен, ағаш пен сүйектен түрлі дүниелерді дүниеге әкелетін шеберлермен иық теңестіру мүмкін еместігіне көз жеткізесің. Мәселен, киіз басу техникасында жұмыс істейтін Семей қаласының шеберлері Айман Боқпасарова мен Нүрзия Тәшімова ұсынған бұйымдар өте керемет. Ал зыряндық Виктор Анисимов – қайыңның сыртқы қабығынан түрлі ойма жасау арқылы ата дәстүрді жалғастырып келе жатқан шебердің бірегейі. Оның қабықтан жасаған тоз қораптары көптеген елдің сәндік шығармалар коллекцияларында сақталуда. Сондай-ақ, көрмеге семейлік Сейілбек Асхан мен Ұлан ауданының өкілі Сайлан Мұхаметбек дәстүрлі «бізкесте» техникасында кестелеп, тоқыған ұлттық кілемдері – тұскиіздері мен басқа да бұйымдарын әкеліпті. Ұлттық нақыштағы қолөнер шебері, катонқарағайлық тоқымашы Гүлнар Қожамжарова – бүкіл Қазақстанға танымал адам. Ол республикалық «Шебер» («Мастер») конкурсында екі мәрте жеңімпаз болды.
Керамикадан әртүрлі бұйым жасайтын Светлана Лыкова көптен бері музеймен әріптес болып келеді. Сонымен қатар көрмеге келушілер семейлік Наталья Жукованың сазбалшықтан жасаған дүниелерін ерекше бағалады. Ал өскемендік Лидия Васютина қазақтар мен орыстардың ұлттық стильдегі костюмдерін киген қуыршақтарын ұсыныпты. Облыстық Достық үйі жанындағы украин этно-мәдени орталығы «Чаровница» үйірмесіне қатысушы шеберлердің қолынан шыққан алуан түрлі жанрдағы кестелер ауқымды орын алады. Көрме барысында аталған үйірменің жетекшісі Раиса Авдееваның атына көптеген жылы лебіздер білдірілді. Нақ осындай көрмелерге белсене қатысып келе жатқан ол жыл сайын өз ұжымының қолынан шыққан жұмыстарды музей қорына өткізеді.
Музей-қорық қорын көптеген шеберлер толтырып келеді. Олардың қатарында Наталья Королеваны (кәдесыйлар, қоға мен қарағай инеліктерінен жасалған әшекейлер), Тамара Шафранды (кәдесыйлар мен ағашқа салынған өрнектер), Наталья Баженованы (құрақ құрау), сондай-ақ, Татьяна Перетокинаны (қуыршақтар мен ойыншықтар) және басқаларды атауға болады. Аталған шеберлердің барлығына музеймен тығыз әріптестік байланыста болғаны, қолөнерді дамытқаны және жоғары шеберліктері үшін мақтау грамоталары табысталды.
Дәстүрлі экспозицияға алғаш рет қатысқан шеберлер туралы сөз саптамауға болмайды. Ол – сүйекке көркем өрнек салу бойынша көрермен назарына ауқымды бұйымдар ұсынған облыс орталығының өкілі Тоқтарбек
Әлімжанов. Музей-қорықтың сәулет бөлімінің қызметкері Виктор Шевченко да көрмеге алғаш рет қатысып отыр. Виктор Николаевич ағаштан әртүрлі мүсіндер жасайды. Оның «Инелік» «Менің қартаң мысығым», «Сулы әлем», тағы басқа да шығармалары авторлық ізденісімен және образдарының ойлылығымен ерекшеленеді. Тоқылмаған гобелен техникасындағы жұмыстарды өскемендік Александр Жульдиков орындаған екен. Ол негізгі құрал ине мен сан түрлі жіп болып табылатын, өзіндік қиындығы мол мұндай жұмыстармен өткен жылдан бері айналысып келеді. Нағыз шебердің қолтаңбасы ап-айқын сезіліп тұратын оның жұмыстары көрерменнің таңданысын тудырды.
Сондай-ақ, аталған көрмеге ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжінің оқытушылары мен студенттері және Өскемен қалалық әкімдігіне қарасты «Жас техниктер станциясы» КМҚК-ның өкілдері де қатысты.
Көрмеге қатысқан барлық шеберлерге музей әкімшілігінің алғысхаттары табысталды. Ал осы күнгі экспозицияға музей директорының орынбасары Тамара Быкова «Жарқын шығармашылық» деген баға берді. Оның пікірінше, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері жылылық пен әдемілікті дүниеге әкеліп, Ф.М.Достоевскийше айтсақ, әлемді құтқарып қалады. Ал мұндай пікірмен келіспеуге сірә да болмайтындай.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.