Өскемендегі қалың жұртқа танымал музей-қорықтың негізін қалаушы Николай Алексеевич Зайцевтің құрметіне сан түрлі әсем шарлар аспан көгіне ұшырылды.
Өскемендегі облыстық этнографиялық музей-қорық бұдан табаны күректей жарты ғасырдай бұрын Бутаково селосындағы мектептің бір бөлмесінде ашылған шағын музей болатұғын. Келесі жылы оған 50 жыл болады. Бүгінде ол тек Қазақстандағы көпбейінді музей-қорық қана емес. Ол дегеніңіз – өз аумағына ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы тарихи және сәулет ескерткіштерін топтастырған музей, «Жастар» этносаябағында ашық аспан астында орналасқан музей, Жамбыл атындағы демалыс саябағы және 100 гектардан астам аумақты алып жатқан Солжағалық кешен.
Музей-қорық директоры Николай Зайцев осынау жылдар бойы музейдің жылдан-жылға көркеюі үшін барлық күш-қуатын, білімі мен баға жетпес тәжірибесін жұмсады. 24 қараша күні оның аталған лауазымдағы соңғы күні болды, ол құрметті еңбек демалысына кетті. Нақ осы күні басшының барлық ісіне риза көңілді өскемендіктер музей-қорық қызметкерлерімен бірге музейдің әкімшілік ғимаратының алдына жиналып, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген қызметкеріне, Өскемен қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматына, Өскемен қаласының тұрғындарын жұмыспен қамтушы үздік басшыға өздерінің асқан ризашылық сезімдерін білдіруге жиналды. Николай Алексеевич сыртқа шыға бергенде олар: «Рахмет! Біз Сізді ерекше бағалаймыз және жақсы көреміз!» деп ду қол соқты. Осындай жүрекжарды ризашылықтың айқын белгісіндей болып сан түрлі шарлар аспан көгіне көтерілді.
- Мен жан-жүрегіммен тебіреніп тұрмын, маған қолдау көрсеткендеріңіз үшін үлкен рахмет, - деді Николай Алексеевич. – Бұл менің жеке басыма ғана емес, бүкіл ұжымға берілген баға деп білемін. Өзіміз іргетасын қалаған музейге келушілер қуанып және жадырап қайтуы үшін біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Өз басым аталған шаруалардың барлығы алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін.
Қалалықтар Николай Зайцевқа «Өскемен тұрғындарынан махаббатпен және ризашылықпен» деген жазуы бар кубок табыстады. Олар сонымен қатар музей-қорықтың негізін қалаған басшының ерен тәжірибесі мен терең білімі келешекте де игілікті кәдеге жарайды деп үміттенетіндерін жеткізді.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Сергей Суров.
< Предыдущая | Следующая > |
---|