Музей-қорықтың Солжағалық кешеніндегі «Жібек жолы» - «Шёлковый путь» саябвғының Император сарайында жаңа зал ашылды.
Қытай императоры сарайы жаңа залының ашылуына балалар да, үлкендер де жиналды. Мерекенің ашылуына сіркіреп жауған жаңбыр еш кедергі жасай алған жоқ. Мереке тасты бақ жанындағы әсем алаңда басталды. Салтанатқа қытай музыкасы ерекше реңк бергендей еді. Жиналғандарды музей-қорықтың аға ғылыми қызметкері Гүлнәр Бекбердинова құттықтады. Ол Император сарайының бірінші қабатында орналасқан жаңа залды безендіру барысында қолданылған қызыл және сары түстердің Қытай үшін қаншалықты маңызды екені жайлы әңгімеледі. Қызыл түс сәттіліктің, өркендеу мен бақыттың символы болып есептеледі. Дәл осы қызыл түс олардағы барлық салтанаттарда, әсіресе, Айлы жаңа жылды мерекелеуде ерекше қолданылады. Ал сары түске келер болсақ, Қытайда әлі күнге дейін осынау түс барлық түстер арасындағы ең бастысы екенін көрсететін «сары түс Инь мен Яньді тудырады» деген түсінік қалыптасқан.
Бағдарламаға қытай күрес өнері түрлерінің бірі ушудың тайцзи өнерін көрсеткен спорттық топтың өкілдері қатысты. AMATERASU трайбл-тобының мүшесі Евгения Зинина қытай биін орындады.
Одан соң барлық келушілер жаңа залдағы «Заманауи Қытай мәдениеті» атты суретті көрмеге шақырылды. Онда Қытайдың заманауи фотосуретшілерінің жұмыстары қойылған. Олар музей-қорыққа Қытай мәдениет министрлігінің Шығыс Қазақстанмен мәдени байланыстар және тату көршілік шеңберінде сыйға тартылған. Авторлық фотосуреттерде Қытайдың заманауи өмірінен түсірілген әртүрлі оқиғалар, сәулет құрылымдары мен табиғат көріністері бейнеленген. Залда экскурсияға қатысушылар жалпы Қытай туралы нақты бейнефильмдер көруге мүмкіндік беретін үлкен телевизиялық экран қойылған. Фотокөрме қараша айының басына дейін жұмыс істейді.
Император сарайында жаңа зал мен фотокөрменің ашылуы музей-қорыққа келушілерді Ұлы Жібек жолы мемлекеттерінің мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен таныстыруды жалғастыра беретініне дәлел болғандай.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Алексей Мазницын.
< Предыдущая | Следующая > |
---|