ШҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Риддер тарихи-өлкетану музейі» КМҚК-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Әшекей – халық жанының айнасы мен тарихы» атты көрме ашылды. Онда қазақ халқының әшекей бұйымдар тақырыбындағы болмысын көрсететін тұрмыстық бұйымдар, сондай-ақ, бейнелеу және қолданбалы өнер заттары орын тепкен. ШҚ облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының қор топтамаларынан алынған 50-ден астам бұйым қойылды.
Музей-қорық музейаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған осындай жобаны әлі де, атап айтқанда, 2020 жылдың соңына дейін жалғастыруды көздеп отыр. Орыс этнографиясы бөлімі Алтай қаласында «Орыс сүлгісі» атты көрме өткізуді жоспарлауда. Сирек кітаптар бөлімі Абайдың Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи, мәдени және әдеби-мемориалдық музейінде «Б.К. Исиннің шығысқазақстандық жазушылардың туындылары желісі бойынша салған живописі» атты көрмені дайындап, ұйымдастырумен айналысуда. Қазақ этнографиясы бөлімінің қызметкерлері аудандар тұрғындары үшін үй қолөнерін ұсынбақ. Ал ағарту және көпшілікпен жұмыс бөлімі 2020 жылдың наурыз-сәуір айларында Төлеген Тоқтаровтың туғанына 100 жыл толуына орай «Қаһарман батыр» атты көрме өткізуге дайындық үстінде.
Аталған іс-шараның барлығы музейаралық әріптестік аясында өтеді және Шығыс Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге бағытталған. Мұнымен қоса аталған көрмелер облыс тұрғындарының музей-қорық қорындағы ерекше қор топтамаларымен жақынырақ танысуына мүмкіндік туғызады.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.