Музей-қорықтың барлық бөлімі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне дайындық жұмысына кіріскен. Халықтар этнографиясы және аз санды этнотоптар бөлімі 2019 жылдың 13 желтоқсаны күні №10 мектеп-гимназияның оқушылары үшін «Туған күніңмен, Тәуелсіз Қазақстан!» атты сыныптан тыс музейлік іс-шара өткізді. Бөлім меңгерушісі Татьяна Свахинаның сөзіне қарағанда, оқушылар тек өз мемлекетінің тарихын ғана біліп қоймай, мемлекеттің атаулы күндерінің маңызын да түйсініп, тапсырылған белгілі бір тақырып бойынша әңгімелесу мен монолог жүргізуге де үйренуі, сондай-ақ, постер мен коллаждарды безендіру арқылы өздерінің дағдылары мен мүмкіндіктерін көрсете білуге дағдылануы керек. Оқушылар екі топқа бөлініп, әр топ жетекші қойған сауалдарға жауап берді. Іс-шараны ұйымдастырушылар балалардың көңілін аулай отырып, ойын элементтерін қолданды. Жүргізуші аталған кездесуді қорытындылай келе ғаламшарда өмір сүретін әрбір адам өзінің Отанына, халқы мен еліне және жері мен тарихына деген асқақ сезімді бастан кешетінін айтты. Бүгінгі күні біздерге өткенімізді ұмытпауымыз, бүгінгімізді танып-білуіміз, сөйтіп, жарқын болашағымызды жасауымыз керек. Ал біздің ортақ міндетіміз – бір шаңырақ астындағы ортақ үйімізде бірлік пен келісім және бейбітшілік орнығуына бар күшімізді жұмсау.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Сергей Суров.
< Предыдущая | Следующая > |
---|