Музей-қорық Қазақстанның Тәуелсіздік күні алдында қалалықтарға нағыз қысқы мереке жасады. 15 желтоқсан күні Солжағалық кешен бағында қысқы маусым ашылды. Ашылу салтанатына Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қатысты. Ол А.В.Тен директор болып отырған музей-қорық басшылығына кешен аумағында биыл тұңғыш рет ашылып жатқан айдынды сырғанақ жасағаны үшін алғысын білдірді. Ал қала әкімінің өзі аяғына коньки байлап, мұзды байқап көргені ерекше еді.
Мереке бағдарламасы өте бай болды. Айдында Шығыс Қазақстан облыстық конькимен сырғанаушылар федерациясының жас сырғанаушылары «Аяз Атаның көмекшілері» атты бағдарлама бойынша өнер көрсетті және жеке номерлер орындады. Ал айдын жанында музей-қорықтың қазақ этнографиясы бөлімінің қызметкерлері арқан тарту сынды ойын бағдарламасы мен ептілер конкурсын өткізді. Орыс этнографиясы бөлімі келушілерді бөлім меңгерушісі Александр Яковлев сырнайда ойнаған хороводқа топтастырды. Осы арадағы ағаштан салынған ғимарат жанында ыстық шәй мен тәттілер толы үстел орын алды. Музей-қорық қызметкерлері келушілерге тегін дәм татырды. Сонымен қатар аталған ғимаратта орналасқан буфетке барып, тамақтануға да мүмкіндік болды. Ғимаратта конькилерді жалға беретін орын жұмыс істеді.
Мерекелік концертке С.Аманжолов атындағы ШҚ мемлекеттік университеті жанында жұмыс істейтін «Шабыт» студенттер театрының өкілдері, «Бастеньки» ансамблі қатысты. Қолөнершілер халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің ұйымдастыруымен келушілерге өздерінің кәдесыйлық өнімдерін ұсынды. Ал дәл осы кезде этнобақтың басқа жағында - әскери кешен жанында «Этноауыл» бөлімінің қызметкерлері «Достар ортасында» атты театрландырылған ойын-конкурстық бағдарлама өткізді. Оның басты кейіпкерлері Үндістаннан келген диджей мен Солтүстіктен қысқы ойындарға арналған сыйлық әкелген қонақ болды. Оған балалар ғана емес, олардың ата-әжелері де қуана атсалысты.
Міне, барлық сырғанақ тебуге құштарлар айдынға шығар кез де келді. Мерекеге жиналғандардың көбі бас кіреберіс жақтан басталатын бірінші айдыннан әскери кешенге дейін созылған екінші айдынға дейінгі мұзды жолға лайықты бағасын берді. Мұндай мұзды жол құю идеясы музей-қорық директоры Арсен Тенге тиесілі. «Бұл әдеттегіден өзгерек және өте тамаша!» десті көптеген келуші. Ендігі жерде оның қызығын барлық адамдар көре алады. Айдын күн сайын сағат 10.00-ден 23.00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері түнгі 01.00-ге дейін жұмыс істейді. Кешен аумағына кіру тегін. Конькилерді жалға беретін орын және буфет жұмыс істейді. Егер конькимен сырғанағыңыз келмесе, онда оның жанында сырғанақ-төбешік орын тепкен. Мереке барысында оған балалар да, үлкендер де лайықты бағасын берді.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Алексей Мазницын және Сергей Суров.