Abai175 челленджі жалғасуда. Эстафета музей-қорықтың аз санды этнотоптар бөлімінің аға ғылыми қызметкері Гүлнар Бекбердиноваға тапсырылды. Гүлнар Мигражқызы Абайдың өлеңдерін ақын Михаил Лукониннің орыс тіліндегі аудармасында оқиды. Гүлзия Қамбарбаева өзінің «Абайдың орыс тіліне аударылған өлеңдері» атты еңбегінде «Абайды орыс тілінде сөйлету – кез келген аудармашының оң жамбасына келе бермейтін асқақ өнер» деп келтіреді. Абай өлеңдерін көптеген аудармашылар аударған, әлі де аударып келеді, олардың қатарында Д. Бродский, В. Звягинцева, А. Глоба, Л. Озеров, К. Липскеров, А. Штейнберг, П. Шубин, М. Зенкевич, М. Тарловский бар. Абай өлеңдерін Михаил Луконин де (1918-1976 жж.) тәржімалады. Мәселен, ақынның «Білектей арқасында өрген бұрым» («В руку толщиной коса на ее спине») атты өлеңі қазақ қызының асқан сұлулығын танытса керек.
Гүлнар Мигражқызы дәл аталған өлеңнің таңдалып алынуын былайша түсіндіреді: «Абай өмір сүрген дәуірде қазақ әйелдері негізінен үй шаруасымен айналысты: ас-су әзірледі, бие сауды, қол еңбегімен шұғылданды, тоқыма тоқыды, киім тікті, сонымен қатар киіз үйлер мен тағы басқаларға арнап, небір ою-өрнектер ойды. Әйел адамның нәзік иығына түскен шаруа аз болған жоқ және оның барлығын атқару оған оңайға соқпаған. Әйелдер он саусағынан өнер тамған ісмер де болуға міндетті болды. Әйел қолы – расында да ғажайып дүниелер жасаушы құдіретке ие. Ақын бойжеткен сұлудың терісінің әдемілігін, сымдай тартылған бітімі мен кереметін нақтылай отырып, оның сұлу жанарының тұнықтығы мен албыраған бет-әлпетіне де ден қояды, сөйтіп, адамның ішкі жан-дүниесіне үңілгендей болады».
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?
Сіздердің назарларыңызға жазылып алынған бейнетаспадағы «Білектей арқасында өрген бұрым» атты өлеңнің орыс тіліндегі нұсқасын ұсынамыз.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Бейнетаспаны жазған Алексей Мазницын.
< Предыдущая | Следующая > |
---|