2020 жылы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады және бұл музей-қорықтағы іс-шаралардың бірден-бір атаулысы болып табылады. 17 қаңтар күні сирек кітаптар бөлімінің қызметкерлері Белоусовка кентіндегі №1 орта мектепте қор топтамаларынан алынған «Абайдың өмірі мен шығармашылығы» атты көшпелі көрмемен болып қайтты. Көрмеде Абайдың кітаптары, ақынның портреті, сондай-ақ, картиналары қойылды.
Бұлармен қатар шығысқазақстандық суретші Болат Исиннің Абай туындылары желісінде салған жұмыстары, Юрий Хабаровтың ұлы ақын және ойшылдың шыққан тегімен таныстыратын акварельдері және музей-қорықтың аға ғылыми қызметкері Гүлнар Бекбердинованың «Абайдың туған жерлері» атты картинасы ұсынылды. Оқушыларды әсіресе, құран мен Абайдың исламға көзқарасы турасында баяндайтын діни бұйымдар көбірек қызықтырды. Абай еңбектерінің арасында латын тілінде жазылған 1936 жылғы таңдамалы шығармалары мен 1940 жылы жарық көрген толық шығармалар жинағы, сондай-ақ, философ-ақынның қалың елге әбден таныс «Қара сөздері» болды.
Сирек кітаптар бөлімінің меңгерушісі Әсел Қаршалова оқушыларға Абай Құнанбайұлының ағартушы, ақын, ойшыл, қазақ әдебиетінің негізін салушы болғаны туралы әңгімеледі. Көрмеде 4 – 10 сыныптарда оқитын 140 оқушы болды. «Біз үшін бұл көрменің мәні зор, - дейді мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Алёна Тимофеева. – Соның арқасында балалар ұлы ағартушы және ақын туралы көбірек біле түсті».
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Алексей Мазницын.
< Предыдущая | Следующая > |
---|