2021 жылдың 29 қарашасында ШҚО музей-қорығының ақпараттық-ағарту бөлімінің қызметкерлері Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы – Көкшетау қаласына арналған «Музейдің елдер достастығындағы іс-тәжірибесі» атты халықаралық онлайн семинар өткізді.
Музейлік семинардың мақсаты республикалық, облыстық музейлердің ғылыми, көрме-экспозициялық және ағартушылық салалардағы жұмыс тәжірибесін таныстыру әрі зерделеу болды. Іс-шараның модераторы – ақпараттық-ағарту бөлімінің меңгерушісі Шынар Кәрібаева. Семинарға Қазақстанның, Ресей мен Эстонияның әртүрлі қалаларындағы музейлердің қызметкерлері қатысты.
Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының өкілі Ұлан Сағадиев алғысөз сөйледі. Семинар алаңына жиналғандар онлайн режимінде Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Пушкин қаласындағы «Царское село» мемлекеттік музей-қорығының, Санкт-Петербург қаласындағы МОМ «Виртуалды Орыс музейі» қызметінің, Кохтла-Ярведегі (Эстония) Сланец музейінің және ШҚО-ның Невзоровтар отбасы атындағы өнер музейі мамандарының іс-тәжірибесімен танысты. Сондай-ақ, ғылыми атрибуция мәселелері, Павлодар облыстық көркемсурет музейі, Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігі қызметкерлерінің шығармашылық табыстары туралы танып-білді. Онлайн іс-шараның модераторы атап өткендей, семинар музей-қорыққа және барлық музей қызметкерлеріне пайдалы болды. Музейге әртүрлі ұжымдар тарапынан алғыс-тілектердің үзбей келетіні де сондықтан болса керек.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі