Қазақтардың әскери сауыт-саймандары: қару және қорғаныстық құрал – жарақ болып бөлінген.
Қазақ қаруы дәстүрлі бес түрге бөлінген:
- садақ (кейіннен мылтық)
- қылыш (ертеректе семсер, шашке)
- найза (сүңгі – найзаның бір түрі)
- айбалта
- шоқпар (соғыста «гүрзі» қолданылған)
Бұл олардың функциялық маңызына қарай бөлу деген сөз. Ату қаруына садақты, кесетінге – қылышты, шаншитынға – найзаны, шабатынға – айбалтаны, соғатынға – шоқпарды жатқызады.
Қазақ садағы қарудың ең көне түрлерінің бірі, ол құрылысы бойынша қарапайым және күрделі болып бөлінеді. Қарапайым садақ берік ағаш доға түрінде болған, оның ұштары тері баудан жасалған адырнамен тартылып тұрған. Күрделі садақ ағаштардың әртүрлі тұқымдарының тіліктерінен жасалған, олар өзара желімделген, басқа жағдайларда – ағаш негіздің сырт жағына тарамыстар, ішкі жағына – мүйіз тілімдер жапсырылған, сабының ортасы мен ұштарына сүйек жапсырмалар.қолданылған. Күрделі садақтың артықшылығы оның беріктігі мен жебелерінің ұшу қашықтығында. Жебелердің екі, үш, төрт, алты қырлы ұштары болған. Қорамсақтың екі: садаққа арналған, жебелер салатын түрлері болған.
Білтелі мылтықтар, бір-екі оқпанды бердеңкелер, оқпан ауызды-оқ дәрілі кертпелі мылтықтар қазақтардың арасында кеңінен тараған. Кейіннен капсюльді мылтықтар қолданыла бастаған.
Жақын қашықтықта шайқасқан кезде иілген ұзын болат жүзді қылыш пайдаланылған. Бұрынырақ екі жүзі бірдей түзу өткір жүзді ұзын семсер және жүзі мен қыры сәл иілген қару – шашке қолданылған.
Қазақ найзасының ұшы жапырақ тәрізді жалпақ болған. Найзалардың ұзындығы 1,5 – 2 метр, сүңгілердікі 3 – 3,5 метр. Сүңгі сауыт-сайманды шаншып тесіп өтуге арналған, екі жағы қырлы ұзын жіңішке ұштары болған.
Соғыста сан түрлі айбалталар өте жиі қолданылған. Олардың бір-бірінен айырмашылығы ағаш сабының ұзындығына және ұштарының әртүрлі болуына байланысты.
Шоқпарлар да жиі қолданылатын. Олар жасалынған матераиалы мен сырт пішініне қарай ерекшеленетін. Әскери мақсатта қырлы металл басы бар ауыр гүрзі қолданылған.
Соғыс кезінде жеңіске қол жеткізу үшін қару ғана емес, сонымен қатар қорғаныстық сауыт-сайман да қолданылған. Қазақ жауынгерлері дененің барлық бөліктерін қорғау үшін: денеге – сауыт, шарайна, қолға – жеңсе, тізелерге – тізелік, балтырларға – балтырлық, бастарына дулыға киген. Қорғанудың тағы бір құралы – қалқан болып табылады. Сондай-ақ, аттарды қорғайтын құралдар да жасалған.
Туған жердің әр қарысын қорғау қажет болған сайын дала жағдайында қолында қаруы бар және оны қолдана білетін адамды ерекше қадір тұтқан.