• Increase font size
  • Default font size
  • Decrease font size
бөлімдер қазақ этнографиясы бөлімі
Қазақ этнографиясы бөлімі

Қазақ мифологиясындағы этнографиялық құндылықтар . 2012

Ертегілер елі

Мұражай-қорықтың Солжағалық кешенінің аумағындағы «Ертегілер елі» атты Балалардың көрме-ойын кешенінде «Ғасырлар қойнауынан», «Бала қиялдарының әлемі» деп аталатың этнографиялық мол мазмұны айқын көрініс тапқан танымдық көрмелер орналасқан.

Кімде-кім мәдениет тарихы, әдебиет және өнерге кызығатын болса, ол адам көне түркілердің мифологиясынан мол қазына таба алады. Түркілер мифологиясының арғы тамырлары қола ғасыры, ертетемір замандарынан бастау алған. Қазақстан аймақтарында, Алтай аумағында көне мифологиялық сюжеттер тастағы суреттерде өрілген. Сонғы 20-30 жыл ішінде Шығыс Казақстанның көптеген көне ескерткіштері ашылып, зертеле түсті. Қазақстан петроглифтері», «Көне Алтайдың алтын әшекейлері», «Қазақстан атласы» сияқты жақсы безендірілген альбомдар да жарық көруде. Құпиясы мол, тылсым сырлары әлі жете ашылмаған көне аңыздар зерттеушілер назарына ілігіп, өнер қайраткерлерін де қызықтыра түсуде.

«Ғасырлар қойнауынан» атты көрмеге қазақ әліппесінің әрбір әрпіне орай қазақ халқының таным-түсінігі, қазақтың мифологиялық және ертегілік кейіпкер бейнелері енгізілген.

«Киелі Қазақтың Мәңгі елі – реалды географияда емес, біздің санамыз бен түйсігімізде, яғни әрбір қазақтың ішінде орналасқан, әбден тұмшаланып, шаң басып, танылмай жатқан «ішкі елімізде». Міне, мифология – осындай кеңістікті қайтадан танып білуге жол ашып беретін кілттердің ішіндегі негізгісі. Қазіргімізді, өздеріміздің кім екенімізді (яғни, мұсылмандығымызды) естен шығармай, өткен заманның ұмыт болған қабаттарының бетін аршып алуға, естен шыққан Рухты, Киені, Ділді, Танымды еске түсіруге мүмкіндік беретін әдіс те – осы мифология» деп жазады өзінің зерттеулерінде көрнекті мифолог С.Қондыбай.

Йұнт-йонт-жұнт (көне түркі тілі) –жылқы

Йұнт-йонт-жұнт (көне түркі тілі) –жылқы

Мифологиялық бейнелеулер біздің қазіргі заманғы өмірімізде туған тіліміздің арқасында әдет-ғұрыптар мен салт-саналар түрінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мақалдар мен мәтелдер арқылы қолданылып келеді. Көптеген сөздер мен бейнелі түсініктер бізге ерте заманғы тарихымыз мен мифологиялық өткенімізден жетіп, тілімізде көрініс тапқан, біз оларды ертеректегі мазмұнына қарамастан күнделікті өмірде қолданып жүрміз.

«Ғасырлар қойнауынан. Көне түркілердің мифологиялық әліппесі» атты бұл тақырыптық көрмеде, аныз кейіпкерлері арқылы табиғат, жер бетіндегі тірлік, адам өмірі келісімді өрнектеліп, түркілік дүниетанымның ерекшеліктері жеткізіледі.

Қазақтың архаиқалық, халық ертегілері арқылы жаксы таныс кейіпкерлер: жестырнақ, мыстан кемпір, диу, ергежейлі, Шалқұйрық «сегіз аяқты» ат сияқты тағы басқалары. Бірқатары қазірғы кезде ұмытыла бастаған, бірақ заманында кең тараған аңыздарға негіз болған. Енді бірі түркілік табыну, киелік есімдер: ғаламға жарық таратушы – Ұлы тәнір, Ұлы ана – Ұмай(Май-ене), Франгасийан – Афрасиаб (батыр, түркі тайпаларының көсемі), әлем кіндігі «Ғаламдық тау», «Өтукен», « Жерүйық» сияқты үғымдар. Ішінара бұл мәдениет сарқындары қазақ халқында сақталып отыр. Барлығының түркілік дүниетанымында өзіндік орны бар.

Кейбір тарихи тұлғалардың әдеби немесе ғылыми шығармаларда аңызға айналып кетуі, немесе керісінше болуы ықтимал. Қазақ әдебиетіндегі Қорқыттың, Алаш ханның бейнелері осындай, олардың өмірде болғандығына кейбір зерттеушілер шүбә келтіреді: өйткені есімдері тарихи хроникалардан табылмаған...

Қазақ тіліндегі «Алты алаш», «Алаштың азаматы», «Алаш баласы», «Алаша атқа мінгелі», «Алаш жұрты», «Үш алаш», «Алашорда» фразиологизмдері де, сондай-ақ Алтау ала болса- ауызындағы кетеді, төртеу түгел болса-төбедегі келеді» деп айтылатың мәтел сөз де халық жадында байырғы заманнан бергі сақталып келе жатқан этногенеалогиалық түсінік болып табылады.

Алаша – қоғам құрушы, билеушуі, батыр
Алаша – қоғам құрушы, билеушуі, батыр

«Алаш» – «қазақ» сөзінің этнонимі. Халық арасындағы этногониялық аңыздарда қазақ мемлекеті, этностың және үш жүздің пайда болуы Алаша ханның атымен байланысты.

Қазақ мифтердің тағы бір ең байырғы түрлерінің бірі – жан-жануарлардың (өсімдіктер) қалай пайда болғандығы туралы айтылатын түрлері. Бұлардың дені адамдарға да қатысты. Мұндай ойлаудың айшықты бір көрінісі – адамдардың алғашқы ата-бабаларын жан-жанурлардан тартарын төтемдіқ түсінігімен байланысты. Ертедегі мифтік ұғымның осындай бір мысалын қазақтың «Аққасқыр» ертегісінен анғаруымызға болады. Бұл ертегіге адам мен қасқырдың үйленуі, қасқырдың адамға, артынан шарттың бұзылуына байланысты қайтадан қасқырға айналуы, жалпы қасқырлар елін адамдардың қоғаммен барбар дәрежеде түсінуі сияқты мифтіқ ұғымдар негіз болып алынған. Байырғы түріктердің қасиетті төтемі қасқыр болғаны баршаға аян.

 

Өтүкен
Өтүкен

Өтүкен – көне түркілер үшін қасиетті үңгір, оның аясында көкбөрі көктүркілердің жаңа ұрпағын дүниеге әкеліп, емізген деп санаған. Өтукен – түркі көшпенділерінің қайта өрлеуінің «отты (қасиетті) кеңістігі» – киелі кіндігі. «Темір етігі теңгедей, темір таяғы тебендей» болған қазақ қаһарманының да іздегені осы киелі кіндік болмақ.

Бәйтерек - үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде әспеттелінеді. Орта дүниені — адам, жоғарғы дүниені - қарақұс, төменгі дүниені — жылан-айдаһар көрсетеді. Қазақ ертегілерде кейіпкер жерасты әлеміне тап болады және ұзаққа созылған сапар кезінде үлкен ағашқа жолығады, ол жерде ағашқа өрмелеп бара жатқан жыланды өлтіріп, Самұрықтың балапандарын айдаһардан құтқарып қалады. Осы ерлігі үшін Алып Қарақұс кейіпкерді жер бетіне алып шығады.

Ертегіде Самурык кұсы осылайша мінезделінеді. Кейіпкер жыланды өлтірген сон Байтеректің түбіне демалып отырады. «Сол кезде күнбатыс жақтан бір қара бұлт шығты. Қатты дауыл жерді шандатты.

- Бұл не? – деп сұрады (Жарты – Төстік)?

Сонда екі балапан айтты:

- Бұл біздің анамыздың қанатының екпінді желі, - деді.

Күн нөсер жауын құйып – құйып жібереді.

- Бұл қалай? – дегенде, балапан айтты:

- Анамыздың көз жасы. Жылда-жылда бала тапсам да, бірі ілеспей койды деп жылағаны – деді. Құс ашылып қар жауды, жапалақ – жапалақ.

- Бұл не – деді.

- Анамыздың қуанып, қарқ-қарқ күлгені, - деді.

Байтерек – киелі ағаш

Байтерек – киелі ағаш

Құскеліп ағаш басына қонғанда, үйдін жуандығындай ағаш иіліп жерге тиді – дейді».

Бұл теректің басы аспанмен, түп тамыры жер астымен жалғасқан. Ол көзге көрінбейтін киелі ағаш. Бәйтерек мазмуны бірде зәүлім ағашы көзге елестетсе, екіншісінде мықты, зор күшті үшіншісінде, ғарыш пен жер арасындағы тылсым байланысты бейнелейді. Сондай-ақ ол тіршілік иелеріне тірек, суйеніш, қорған, пана деген, ұғымды да білдіреді.

Аныз бойынша мифологиялық Бәйтерек немесе Жолтерек (жолдарақ) О дүние мен Бұл дүние арасын жалғаушы жол(йол) ретінде саналады. Алып теректің ерекше қасиеті сол оны айнала ән салып, тілеген адамдардың тілегі қабыл болып жақсылққа өзгереді екен, ал бұрынғы уайым-қайғы ұмыт болып, қалаған кезінде, тіпті, О дуниемен хабарласа алатын қабілет даритын болған. Түркі жұрты жарқын, жақсы рухтардың көсемі Ергенеге бас иген. Күн мен Ай Ергенеге бағынады деп түсінген халық алғыс ретінде Ергененің сүйікті ағашы – шыршаны үйге кіргізіп, оның бұтақтарына қызылды-жасылды жіптер мен шүберектер байлаған, түбіне сыйлықтар қойған. Шырша тойы қыстың ең бір қаһарлы кезінде - 25 желтоқсанда тойланған. Тарбағатайдың басындағы таңбалы тастарда шырша бейнесі жиі кездеседі, оларды айнала адамдардың ойылған суреті салынған. Көне түріктер шыршаны «Ергененің киелі ағашы» деп атаған. Шырша садақтың жебесіндей көкке шаншылып, Аспанға, Тәңірге жол нұсқап тұрған.

 

Ёл-йол-жол

Ёл-йол-жол

Мереке алдымен Иер-суға арналады, ол жердің кіндігінде, құдайлар мен рухтардың басқосқан жерінде өткізіледі. Иер-судың қасында үнемі Ергене, қалың кұміс сақалды, ашық қызыл шапанды қарт болады. Ол жер астындағы алтын қақпалы алтын сарайдың алтын тағында отырады. Күні бүгінге дейін қазақтар жана отауға, жана үйге кіргенде шыршаны не аршаны жағып, отпен аластайды. Нәрестені бесікке салғанда да аршамен аластау дәстүрімізде сақталған. Бұл бүгінгі баршама мәлім жаңа Жыл Шыршасы! Ергене қарт бүгінде аты өзгеріп Аяз Ата атанады. Шырша төнірегінде Күнді бейнелеп қол ұстасып айналуынаң «Айналайын» деген ең жылы сөз де осыдан алынған.

Көктүркілерде (орхон-енисей ескерткіштерінде) Тәңір құдіретті: Тәңір – Ұмай сынды жұп ретінде беріледі.

Ұмай(Май ене) – Ұлы Ана
Ұмай(Май ене) – Ұлы Ана

Ұмай (Май-ене) – түркілік мифологиясындағы Ұлы Ана есімдерінің бірі. Ұмай – жас босанатын келіншектердің, әйелдер мен жас нәрестелердің қамқоршысы болып есептелген. Аналық негізді әйелбейнелі тұлға, береке мен қайырымның көзі, жер бетіне Жаратқаның бұйрығымен дарыған игіліктерді туындаушы, еселеуші, молайтушы кейіп; Жердін мифтік бейнесі, киесі. Ол мал басын көбейте отырып – малшыларға, мол өнім сыйлай отырып – егіншілерге көмектеседі.


Қазақ ертегілері мен аңыздарында Жындарға қатысты көптеген сюжеттер кездеседі.

Пері – аспан тұрғындары
Пері – аспан тұрғындары

Періғажайып перілер, ұшып жүретін қыздар, аспан тұрғындары, жел лебімен, ауа толқындарымен тау мен дала үстінде қалықтап жүреді, рух түрлерінің біріне жатады. Аңыздардың көпшілігінде перілер адамдарға ниеттес болған. Қазақ мифологиясы мен шежіресінде қаһарманның пері қызға үйлену оқиғасы кең тараған. Дегенмен перілердің зиян тигізулері де мүмкін.


Ібіліс – шайтан
Ібіліс – шайтан

Ібіліс – діні ұғымда көктен қуылып, күнәға ұшырататын перінің есімі. Ібілісті басқаша - шайтан (шайтандардың - барлық қара ниеттердің басшысы), «Аллаһтың жауы» немесе жай ғана «дұшпан» деп атайды. Ел аузындағы аңыздарда әр түрлі бейнеде көрінетін құбыжық кебісі ешкінің тұяғы пішінінде бейнеленеді. Ежелгі үнділер, қытайлар, гректер, парсылар сияқты көне түріктердің де «жаман рухтарға» сенгені мәлім. Дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан күл-қоқыс баспау, иесіз жұртқа түнемеу тәрізді, тағы басқа ырымдар ол орындарды «жындар жайлаған» деген сенімге байланысты туындаған.

Көшіп-қонған ел үнемі қозғалыс үстіндегі аспан денелері, төрт түлік мал, оны ит-құстан, ұры-қарыдан қорғау (Жетіқарақшы, Ақбозат, Көкбозат, Арқан жұлдыздары), жылдың әр мезгілінде әр түрлі өзгешеліктермен көрінетін андар мен жан-жануарлар (Үш арқар, Қамбар, Үркер т.б. жұлдыздар), қосақтап сауған қойлар (Кемпірқосақ), түнгі бақташының жөн сілтер, мезгілді анықтар бағдары (Темірқазық, Шолпан, Сүмбіле, Құс жолы), ауа райының, жыл маусымының малға жайлы-жайсыздығын болжау (Айдың қалай тууы, күнің батуы, жұлдыздардың түр-түсі, т.б), бұлардің бәрі дала тіршілігінің мифтік ұғымдарға астасып жатқан көріністері екені даусыз.

Яда – жады тас
Яда – жады тас

Ғасырлар бойы қоршаған орта мен табиғат құбылыстарының қасиет-болмысын қалт жібермей бақылау арқылы қазақтар өздерінің білік-тәжірибесін шыңдап отырған, құдірет деп таныған заттар мен құбылыстарға сенген. Соған орай тотемдік және шамаңдық сенім қағидаларын нысана тұтқан. Ұлы тәңірден көптің көз жасын көруді, елдің ырысын суалдырмай, тынысын кеңейтуді, сол үшін жаңбыр жаудыруды өтініп, алақаңдарын көкке жаяды. Бұл да қазақ өміріне сіңген ежелгі дағды. Ақ ниет пен шын тілеудің нысаны. Ш.Уәлиханов түркілердің Әбілғазидің деректерінен келтіре отырып, қазақтар «жай тасы» деп атайтынын, бұл жай тасы арқылы жауын шашып шақыра алатын қабілеті бар адамдардың ел ішінде көп екенін жазады. Яда тасының бір қасиеті бар екен: бас пайдасына немесе арам пиғылмен табиғатқа әсер етпек болғанның қолына түспейді, тек ниеті дұрыс, сыйқырлы тасты пайдалана отырып, елге жақсылық әкелетін, олардан ауыртпалықты аластатын адам ғана оған ие бола алады. Осындай адамға Тәңір Жад тасты өзі бермек – оны аспан бүркіті жеткізеді. Жауын шақыратын яда немесе жада тасы туралы көрмеде қазақ әліппесінің сонғы әріп таңба қатарынан таба аламыз.

Ырыс
Ырыс

«Ырыс» ұғымы түркілерде Көк пен адамның арасындағы қаттынастың нәтижесі болып табылады: «адам баласы Жаратушы алдында қаншалықты жағымды болса, соншалықты несібеге ие» деген ырымдық түсінік қалыптасқан. Ырыстың елдік деңгейдегі нышаны – тайқазан болса, ал әрбір жанға тән ырыстық атрибут – тостаған. Осындай сенімнен туған ырымдар қазақ арасыңда көп. Тасаттық беру жосыны да көне заманнан қалыптасқан сеніммен өзектес. Казірге дейін санадан орын алып, тіршілік арнасынан ауытқымай өрбіген рәсім.

Қазақ үшін «көктеу», «жайлау», «күзеу», «қыстау» ұғымдары әрі жыл маусымдарын, әрі мал шаруашылығын бейімдейтін мекен тұрақты білдіреді. Былайша айтқанда, көктеу – көктем маусымының, жайлау – жаз маусымының, күзеу – күз маусымының, қыстау – қыс маусымының мекен – тұрағы.

Халқымыз жыл мезгілдері мен әр жыл мезгілдеріндегі табиғат құбылыстарын көбінесе аспан денелерімен жан-жануарлар әрекетіне қарап болжаған. Олар алдымен шаруашылығындағы үй жануарлары: жылқы, қой, ешкі, сиыр, түйе. Сондай – ақ төрт түлік малдың күй алуы, өрістен қайтуы, дыбыс шығаруы (мөңіреуі, маңырауы, кісінеуі, боздауы) да алдағы күннің райын білуге көмектескен. Мысалы, қыс қатты жылдары малдар өте күшті қоңдылық ала бермейді және сиыр, қой малы аяғын көсіліп ыңыранып күйіс көп қайтаратын болған. Ал малдар өріске беттемей мазасыздана бастаса ауа – райы онша қолайлы бола қоймайды деген сөз. Әсіресе түйе малын қазақ басқа малдардан артық сезімтал деп біледі. Түйелер ауа райының өзгерісін екі – үш күн бұрын біледі дейді. Жел соғып, қарлы борасын, боран, дауыл соғатын болса, түйе күлде, бұта, ши түбінде төмен қарап шөгіп жатады. Түйе ертеңгісі, жайылымға жайбарақат өзі шықса, күн жайлы желсіз, жауынсыз, қарсыз болады. .

Ерте замандардан бері мал баққан қазақ халқы «Әр түліктің өз желеп-жебеушісі, қамқоршысы, иесі, пірі бар деп сенген қазақтар түйені – ұлық малы, түлік төресі немесе «түйе - байлық, жылқы – сәндік» деп бағалаған.

Ойсыл қара – түйлердің иесі
Ойсыл қара – түйлердің иесі
Шопан ата – қойдың иесі
Шопан ата – қойдың иесі
Зенгі баба – сиыр малының иесі
Зенгі баба – сиыр малының иесі

Қазақтардың мифологиялық түсініктерінде жылқы – желден, түйе – сордан, қой – оттан, сиыр – судан, ешкі – тастан жаратылған деп есептеледі.

Ютпа-кер йұтпа-жұтпа – алып құбыжық
Ютпа-кер йұтпа-жұтпа – алып құбыжық

Түйе тіленсен, сұлтаным,

Ойсылқара пірі бар.

Қой тіленсең Шопан ата бар.

Тіленсен сиыр, сұлтаным,

Зенгі-баба пірлер бар.

Кер йұтпа, ютпа, жұтпа – түркі мифтік образының атауы. Ол «үстіңгі ернімен көкті, астыңғы ернімен жерді» тіреп тұратын алып құбыжық. Еріндерімен көк пен жерді тіреп тұрған кер жұтпалардың біреуі жерге суықты, күз бен қысты, екіншісі – жылылықты, көктем мен жазды жіберіп тұрады екен. Олар - осы уақытпен, жылдың екі маусымымен байланысты. Оның «кер күш», «керилан» (кер құс пен жылан, балық) деп ажыратылу нұсқасы да бар, есімдегі «ютпа», «йұтпа» сөзі өзімізге таныс «жұту» естістігінен өрбігені анық.

Эрхиймерген-Арғымерген
Эрхиймерген-Арғымерген

Эрхий мерген – Арғымерген – ежелгі аспандағы басы артық күндерді атып түсірген ерен садақ тартушы мерген болып саналады. Мифологиялық кейіпкер, ежелгі аңшы–садақшы, ертегілерде кездесетін барлық мергендерді іс жүзінде бір бейне деп есептеуге болады. Қазақ даласында ежелгі аңшылар жалпы атпен – мерген деп аталған, бұл сөз аңшының нақты есіміне қосымша түрінде тіркеледі. Мысалы, Арғымерген, Арықмерген, Есекмерген, Құрмерген, Сұрмерген, Құламерген.

Кемпір қосақ
Кемпір қосақ

Кемпірқосақ – жанбыр жауғаннан кейін көрінетін таңғажайып сұлу табиғат құбылысы. Кемпірқосақтың көк өңі басқа өңдерінен ашық көп болса, бұл ауа райының өзгеріп, нашарлауының белгісі, егер жасыл өңі басым болса, күшті жауын жауатынының сыңайы, ал қызыл түсі молырақ көрінсе, аспан ашылып жел соғатынының белгісі болмақ. Бұл құбылыс жайлы мифте – Көк пен Жердің арасына тартылған көпір, өлгендердің жандары соның бойымен басқа әлемге көтеріледі деген ұғымды да білдіреді. Кемпірқосақ сөзі бұл кемпірдің қосағы дегенді білдіреді – ұзын арқанмен мойындарынан бір-біріне айқастыра тіркеп байлаған қой, ешкілер тобы. Әлі күнге дейін жайлауда, қой-ешкілерді саумас бұрын жан-жаққа бытырап қашып кетпес үшін оларды матастырып байлайды. Аспан елінде тұратын бай кемпір қосағындағы қойларын осылай жинап, ылғи жауыннан кейін сауады деп есептеледі. Ол кемпірқосақтың көмегімен қойларды екі жағынан ілгекке іліп, қосақтап, жерге байлап қояды, Қосақталған қойлардың түр-түсі сан алуан болғандықтан, кемпірқосақ та түрлі-түсті.


Үркер – жұлдыздар шоғыры
Үркер – жұлдыздар шоғыры

Үркер – Торпақ зодиактың шоқжүлдызының ауқымына кіргізілетін шашыранды галактикалық жұлдыздар шоғыры – қазақ танымындағы үнгі аспандандағы бағдартұтар нысандарының ішіндегі негізгісі, түнгі шырақтардың бірі. Алтай түркілерінің аңызында Дьетиган (Жетіген) Үркерлерді ұстап алған сон жерге түсіп, жылқыға оларды «таптап таста» деп бұйырады, бірақ жылқыдан бұрын барып таптап тастамақ болған сиыр Үркерді басып қалғанда ол жеті бөлшекке бөлініп, екі түқай арасынан аспанға көтеріліп кетеді. Тағы бір мифте көктемде алғаш рет күркіреген күн осы Үркердің көк айығырның кісінеген үні, үйірін қайырып шапқылаған дүбір мен дүрсілі екен. Үркер - негізінде жеті жұлдыз бұлардың жылтылдап көрініп тұрғаны алтау. Жетіқарақшы келіп шапқанда бұлар үркіп, содан «Үркер» атаныпты.

Қазақ халқының аспан, ғарыш денелері арқылы ауа райын болжау дәстүрлерінің бірі Ай мен Үркердің бір – біріне жақындауы және алыстауы. Бұлардың өзара жақын, алыс болуын халық тоғыс, тоғысу деп атаған. Соған сәйкес халық ауа райын болжап, шаруашылығын, тіршілігін солармен сәйкестендіре жүргізіп келген. Қыс ортасында, ақпан айында күн батысымен тас төбеде Үркер шоқжұлдызы жарқырап көрініп тұрады. Осыған орай есепшілер тілінде және халық ауызында «Үркерлі айдың бәрі – қыс» деген сөз қалыптасқан. Ол сөздің төркіні қарапайым халықтың қыс айларында Ай мен Үркердің «тоғысу» құбылысын өз көздерімен көре алатынына байланысты. Маусым айының басында Үркер көрінбей кетеді. Содан кейін 40 күн шілде басталады. Біздің ата-бабаларымыз соған сәйкес: «Үркер жерге түспей жер қызбайды», - деген.

Қазақ халқы ауа райына тәуелділік, одан сақтану салт – дәстүрі ұрпақтан – ұрпаққа жалғасты. Бүгінгі күні бұл әдістердің белгілі бір жердегі ауылдардың тыныс – тіршілігінде маңызы зор болмақ.

Ит – жеті қазынаның бірі
Ит – жеті қазынаның бірі

Ит – қазақ мифологиясында ерекше орынға ие болған жануар. «Жеті қазынаның бірі» саналатын он екі мүшел жылдың бірі. Қазақтың «жеті қазынасына» кіреді – Жер, Су, Ай, Күн, Аспан, От, Ит – мұнда алдыңғы алты затты бір Алланың кұдіретімен жаралған асыл заттар деп, ал «осыларды қарауылдайтын кім болады?» дегенде періштелердің бірі тұрып «адамға жақын көп заттың қорғаны болып жүрген ит болады» деген екен. Сондай-ақ ит періштелермен бірге жұмаққа кірген деседі. Міне, иттің жеті қазынаға кіруі осыдан болған екен. Қазақ ұғымында: Ит жеті ырыстың біреуі», «Итті тепкен ырысты тебеді» деп шаңырақтың құт-берекесі, ырысы итпен сабақтаса жүреді деп сенген. Ауызекі тілде күніне сан қайталанатын, мәтелге айналған «соңғы түйенің жүгі ауыр» тіркесі итке қатысты, онымен үйдің ырысы-берекесі, ырыздығы сабақтасып жүреді деген сенімнен туындаған.

Қазақы иттердін ішінен бөліп қарауға тұрарлық Құмай тазы бар. Құмай – деген аспанда ұшып жүрген құс. Құмай тазы атанбай тұрғанда, тазының кұшігін кұмай қүс алып кеткен. Қыран, құмайлар, ана бүркітер, тағы басқа ірі құстардың жұмыртқадан балапандары шыққан сон, өзінің әлі жететін хайуандарын өлтірместен тырнағымен әкеліп, оны ұяға тастайды. Тазы ит осы ұяны мекендеген алып құс - құмайдың жұмыртқасынан шығыпты. « Қыран құмай екі жұмыртқа табады. Соның бірі – осы құмай тазы» деп жориды қазақ.

Қазақтың өрнекті әшекеймен істелетін қолөнерінің түрлері де атаулары да өте көп. Қолөнерге байланысты барлық заттар - музейлер үшін тамаша экспонаттар болып табылады.

Ою-өрнек ісінде қазақ арасында ең көп тарағандары: сырмақ, текемет, түс киіз, дебіске, сандыққап, дөдеге, түйенің жабуы сияқты тағы басқа киізден ойылып алынатын заттар. Әрине осы атталған заттарды өрнектеу тәсілі әр алуан. Өткен замандағы әдебиеттер мен халық аузындағы деректерге, қазірғі қарт шеберлердің айтуларына қарағанда, ою-өрнектердің қайсысы болса да бір ұғымды бейнелеуден туғандығы анықтала түседі. Көрнекті этнограф С.Қасиманов өзінің зерттеуінде, Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында тұрған 89 жастағы ағаш шебері, әрі етікші Жапардың «су», «бессаусақ», «бесгүл» атты оюлары туралы аузынан естіген әңгіме негізінде мынадай аңыз келтірген: «Бар байлығына көзі тоймаған Сұмырайхан жер бетіндегі су біткенді өзімдікі деп жар салып, малды, жанды сусыз қырғынға ұшыратады. Ұсақ хандықтарды жаулап, суды өзіне пайда түсіретін байлық көзіне айландырады. Бірақ халық еріккен ханның қалағанындай жүріп-тұра алмайды. Күшті қарсылықтар көрсетіп, бітпес күреске шығады. Уақытша жаулап алған елдердің халқы ханның жандайшаптарынан су бар жерлерді жасырып қалуға тырысқан. Қазақ халқының «сұмырай келсе су құриды» дейтіні осыдан шыққан екен деп түсіндіреді.

Райхангуль –  ою-өрнегі
Райхангуль – ою-өрнегі

Осы үшін болған бұл күресте Сұмырайхан Райхан деген шебер қыздың оң қолының бес саусағын шауып тастайды. Алайда халық женіп, Сұмырай ханды өлтіреді. Суды пайдалану еркіндігін күшпен алған халық осы уақиғаға байланысты ою-өрнекке «су» деген ескерткіш өрнек қосқан. Жер – ана Райханның бес саусағын бес тармақты гүл етіп, жер бетіне жайқалтып өсіреді. Бес жапырақты қызғалдақтытың ою-өрнеке енуі Райханның бес саусағының ескерткіші ретінде қалған екендігін жазады. Келтірілген жорамалдарға қарағанда айтатынымыз, өмірдегі болған оқиғалармен аңыздардың, діни ұғымдардың өрнек, әшекей істерінің кейбір элементтеріне әсер еткендігіне көз жеткіземіз.

Табиғаттағы заттар мен құбылыстардың адамға тән көңіл-күй, іс-әрекетпен көрінуі, көне мифтік тұрғыдан келгенде, барлық құбылыс пен заттардың рухы, жаны бар деген сенімнен туындаған сенімнің нәтижесі.

 

 

 

«Бала қиялдарының әлемі» деп аталатын бұл көрмеге мұражай-қорықтың 2012 жылғы тапсырысы бойынша қолдан жасалған қуыршақтар коллекциясы назарға ұсынылған. Онда қазақтардың мифологиялық аңыздары мен ертегілері кейіпкерлерінің бейнелері көрініс тапқан. Балалар ойыншығы ертеден-ақ, мәдениеттанушылардың зерттеу тақырыбына айналған болатын. Мұражай коллекцияларында өзіндік орынға ие болған олар өзіміздің шексіз бақытты, қуанышты да, алаңсыз балалық шағымызды еске түсіруге мүмкіндік береді. Өскемен қаласының ісмерлері Н.В.Молоканова, Е.Ю.Пивоварова, Н.Ф.Трусова және басқалар тапсырыс бойынша жасаған қуыршақтарды тарихи этнографиялық мәліметтерге сүйеніп орындаған.

Қазақ аңыздарының әйгілі кейіпкерлері: күлкі мен тапқырлықтың түпкі атасы Алдар көсе, сараңдығымен атағы шыққан шық бермес Шығайбай бай, епті Батыр мен Күнекей қыз, сондай-ақ қазақ елі үшін киелі жануарлардың бірі – Түйе мен құс төресі – Аққу бейнелері және қиял-ғажайып ертегілердің, аңыздар мен хикаялардың кейіпкерлері: құбыжықтар мен әзәзілдер - жалғыз көзді дәу, албасты, жалмауыз кемпір, айдаһар және тағы басқа үлкенді-кішілі кейіптегі қуыршақтар көрермендер назарына ұсынылған.

Алдар көсе мен бай
Алдар көсе мен бай

Алдар көсе туралы аңыздардың қай-қайсысы болмасын оны тапқырлықтың өкілі етіп және ол қандай іс-әрекет жасаса да жазғырмай, сүйікті етіп көрсетуі Алдардың ел санасынан ұнамды кейіпкер түрінде тұрақты орын алғандығын аңғартады. Мұны біз «Алдар көсе мен Алаша хан», «Алдар көсе мен шық бермес Шығайбай бай», «Алдар көсе мен саудагер», т.б. аңыз әңгімелерден көреміз. Осы аттары аталған ханды, бай мен саудагерлерді Алдар көсе өзінің тапқырлығы, ақыл-айласының арқасында алдап соғады, ел алдында мазақ, күлкі етеді. Ол сараң байға өз атын өзіне сойғызған, әлпештеп отырған ерке қызын тегін алып кеткен. Алдар қалтыраған қараулығымен даңқы шыққан шық бермес Шығайбай байдың танауын тасқа тигізген аныз кейіпкері.

Бұл көрмеде көрікті қуыршақтар ғажайып киім-кешектерімен, қазақтың өрнекті әшекейімен көз тартатын қолөнерлік бұйымдар – киіз үйі жабдықтары мен жасаулары орналасқан. Алдар көсе мен Шығайбай бай образдары тау болып жүк үйілген ши өре астында берілген: жібек бешпент киген байдың кестеленген көрпе-жастық төсеніште отыр. Оның бір қолына тасбиық, екінші қолымен бір дорба ақша ұстаған сәті көрсетілген.

Аққу
Аққу

Тағы бір көріністе: көлде жүзген Аққу және аныз бойынша тасқа айналған – Түйе бейнесі келтірілген.

Көрмеде ұсынылған қуыршақтарды тамашалай отырып бала қиялдарынан туындайтын ғажайып ертегі әлеміне саяхат жасаудың керемет мүмкіндігіне ие боласыз.

Қазақ халқында аң-құсқа байланысты толып жатқан наным-сенімдері, тыйым-ырымдары бар. Кейбір аңыздар бойынша өздерін аққудың ұрпағымыз деп санайтын қазақ халқының басты ұлттық символдарының бірі – Аққу. Ол мифтік кейіпкер, бейне ретінде барлық түркі халықтарының ертегілерінде кездеседі. С.Қондыбай қазақ (түркі) мифологиясының материалдары негізінде киелі жануарлар мен құстардың мифологиялық, оның ішінде киелі семантикасының құрылымын қайта қарастырды, ол «Арғы қазақ мифологиясы» атты төрт томдық іргелі еңбегінде нақты көрсетіледі.


Жалғыз көзді дәу
Жалғыз көзді дәу
Бақсы
Бақсы

Қазақ мифологиясы бойынша Жындардың көптеген ерекшеліктері бар. Мысалы, алты айлық алыс жерлерге бір сәтте барып келе алады. Адам баласы оларды көрмесе де олар адамдарды көріп, қарап отыра алады.

Көрмеден жындарды қуған бақсының қасына «келіп», байланыс жасаған жын-шайтандар образдарын көруге болады, бақсының бет-аузы қисайып, бір қолына қамшы, екінші қолына асатаяқ ұстап бақсылық құрған кезі берілген.

Қазақ фольклорындағы бақсы типіне тән қасиеттердің бірі – болашақты болжау, кесірлі істерден сақтандырып, жамандықтың алдын алу. Жындарын жеке-жеке атап шақырған кезде бақсы даңғыра, кепшік қағып, асатаяқпен жерді ұрып, қамшысымен осқылап, азан-қазан етеді. Бақсы жыны келе бастасымен-ақ өз денесін өзі соғып, көзі шарасынан шығып кетеді. Бақсының Жарғыш, Тілгіш деген жындары келген кезде киіз үйдің туырлығы тілініп, киіз үйдегі заттар жарылып кетеді екен деседі. Атақты бақсыларды, әулиелерді халық тірі кезінде ерекше қастерлеген, ал қайтыс болғаннан кейін олардың қабірілеріне тәу еткен.

Бұл көрмеде Албасты (Жынның бір түрі) образын және оған қатысты белгі – дұғалық кітапты, тарақ пен теңге сияқты заттарды көре аламыз.

Албасты(Жынның бір түрі)
Албасты(Жынның бір түрі)
Батыр
Батыр

Албасты – мифтерде шашы қобыраған ергежейлі әйел не еркек кейпінде ұшырасады. Көптеген халықтарда албасты өзен жағасын немесе өзге су көздерін мекендейді, әдетте олар өзен жағасындағы адамдарға жайылған ұзын да ашық түсті шашын тарап тұрған қалыпта көрінеді. Көне көшпелілер мифіндегі мұндай бейнелер суға қатысты әйел рухымен немесе Су құдайымен тығыз байланысты болып келеді. Албастыны бағындыру үшін оның керек-жарақтарының бірін – шашын, магиялық кітабын, тарағын немесе теңгесін алып қою керек. Албасты өзін бағындырған адамның тілегін қанағаттандырады, иесін шексіз байлыққа кенелтеді, сондай-ақ өзінің жасаған қиянатынан ауыруға ұшыраған адамдарды емдеуге көмектеседі.

Қазақтың халық ертегілерінде көптеген таңғажайып ерлік жасаған епті Батыр кейіпіндегі қуыршақта Батырдың сауыт-саймандары, қару-жарағы көз тартады.

«Ертөстік» атты архаикалық ертегіндегі Шалқұйрық сөйлей алатын, оқиғаларды алдын ала болжайтын қасиетке ие «сегіз аяқты» ат, сондықтан ол батырларға жетекші, ақылшы, көмекші болады, түрлі өнерге үйретіп, түрлі қауіптен құтқарады. Осындай сюжеттер басқа да ертегілерде («Ералы батыр», «Еркемайдар», «Желкілдек», т.б.) де кездеседі. Батырлар осы қанатты тұлпарларды мініп жеті қат аспанға көтеріліп, жеті қабат жер астына түседі. Яғни адам олармен мифтік космостық әлемнің үш дүниесіне (жоғарғы, жер беті және жер асты дүниелеріне) саяхат жасай алады.

Мифология жеке халықтардың тарихын зерттеуге мүмкігдік беретін бірден-бір қайнаркөз болып табылады, өйткені мифтерде ғасырлар қойнауына сіңіп кеткен оқиғалар көрініс тапқан.

«Ғасырлар қойнауынан» деп аталатын танымдық көрмедегі баннерлерде – қазақтардың мифологиялық және ертегілік кейіпкерлерінің 36 бейнелері мен олар туралы қысқаша мағлұматтар берілген.

Қөрме сіздерді қазақтардың мифологиясымен, ертегілерімен, жалпы қазақ этнографиясына қатысты таным-түсініктермен, ұлттық салт-дәстүрмен, әдет-ғұрыппен, басқа да этно-мәдени дәстүрлермен таныстырады.

Ұлттық сананың қайнар бұлағы да, көктеп көгеретін топырағы да, самғап ұшар кеңістігі де – ұлттық дәстүр, тіл. Ал рухани қазынаның, тарихтың иесі - ұлт (этнос).

Осы орайда бұл көрмені ана тілінің қадіріне жетем, үйренем деушілерге, қазақ фольклорын, ертегісін, аныздарын, халық эпосын білгісі келетіндерге жәрдемші құрал ретінде пайдалануға болады.

Гүлнар Бекбердинова,

қазақ этнографиясы бөлімінің

аға ғылыми қызметкері:

ҚР Суретшілер одағының мүшесі

Суреттерді салған автор.

 

 

 

 

 


 


Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …