Өздерінің атауы - өзбек. Өзбекстан Республикасының негізгі халқы. Тілі - өзбек, түркі тілдері алтай тобының оңтүстік-шығыс тармағына жатады. Лексикасында парсы және тәжік тілдерінен ауысқан көп сөздер бар. Діні – суннит ағымындағы ислам.
Өзбектердің оазистердегі дәстүрлі шаруасы көпсалалы суармалы егіншілік, қолөнер мен сауда болды. Негізінен дәнді, дәндібұршақты, көкөністік, бақшалық, майлы дақылдардармен шұғылданды. Мақта және жібек шаруашылығы тауарлық дақылдарға жатады, онымен негізінен әйелдер шұғылданған. Егіншілік жұмысымен негізінен ер адамдар айналысқан.
Оазистердегі мал шаруашылығы азықтың жетіспеуіне байланысты тек тұтынушылық маңызға ие болған, негізінен қорада өгіз, жылқы, есек, сиыр және бірнеше бас құйрықты қой ұстаған Бұқар мен Қаршы оазистерінде бай адамдар даладағы жайлауларда қаракөл тұқымды қой өсірген, олардың жаңа туған қозыларының терісі шет аймақтарға шығарылған.
Қалалар мен ауылды жерлерде қолөнердің бірқатар түрлерімен (ұсталық, тоқымашылық, көзелік, зергерлік, тері өңдеушілік және нан пісірушілік) шұғылданған. Әйелдер жүн иірумен, киім тігумен, кесте кестелеумен және т.б. шұғылданған.
Тұрғын үй құрылысында ағаш қаңқа, жабық терраса пайдаланылған, үй қабырғаларында төсек орындарға, ыдыс-аяқ пен басқа да керек жарақтарға арналған қуыстар болған.
Өзбек ерлері мен әйелдерінің киімі көйлектен, ауы кең шалбардан және шапаннан (мақта салып сырылған немесе жай ғана астар салынған) шапаннан тұрған. Шапан белбеумен байланған немесе бос киілген. ХІХ ғасыр соңы – ХХ ғасыр басынан бастап белі қынама сыртқы киім – камзол тарай бастады.
< Prev | Next > |
---|