Марилер, Марийлер
Мари, марий – Ресей Федерациясы Марий Эль Республикасының байырғы халқы. Негізгі үш топқа: таулықтар, жазықтықтар және шығыстықтар болып бөлінеді. Урал тектес тілдердің финн-угор тобы еділ тармағының мари тілінде сөйлейді.
Діні – негізінен православиелік христиандар және «мари сенімін» (христиандық пен дәстүрлі пұтқа табынушылықтың қосындысы) ұстанатындар.
Дәстүрлі кәсіпшіліктері – айдалған жердегі егіншілік пен огород салу, жылқы, ірі қара мал мен қой өсіру, аңшылық, орман кәсіпшілігі, омарташылық, шайыр қайнату.
Дәстүрлі тұрғын жайлары – екі жағы еңкіш тақтай шатыры бар бөрене үй.
Дәстүрлі киімдері – туника тәрізді пішілген көйлек (тувыр), шалбар (йолаш), жазғы қаусырма шекпен (шовыр), кенеп матадан жасалған орамал белдік (солык), белбеу (юште). Әйелдердің костюміне тән дүниелер: алжапқыш (ончылшовыч), ұсақ моншақтан, жылтырауықтардан, тиын ақшалардан жасалған белбеулік салпыншақтар, кеуде, мойын, құлақ әшекейлері, күміс қапсырмалар (шыркама), білезіктер, сақиналар.
Дәстүрлі тағамдары – үзбе қамырлы көже, ет немесе ірімшік салынған варениктер, жарма қосып май (сало) немесе қаннан пісірілген шұжық, жылқы етінен сүріленген шұжық, қатпарлы жұқа құймақ, ірімшік құймақ, қайнатылған және қарылған қатырымалар. Сыра, іркіт, балдан жасалған күшті сусын ішкен. Олардың ұлттық тағамына, сондай-ақ тиін, қаршыға, кірпі, сужылан, сұр жылан еттерінен жасалған өзіндік тағам тән.
Чуваштар
Чуваштар – Ресей Федерациясы Чувашия Республикасының негізгі халқы. Чуваш тілі алтай тектес тілдердің түрік тобының бұлғар топшасына жатады.
Діні – православиелік христиандар.
Негізгі дәстүрлі кәсіптері – егіншілік пен омарташылық, солтүстік-шығыстық чуваштарда құлмақ өсіру дамыған.
Дәстүрлі тұрғын жайлары – бөренелерден тұрғызылған үй.
Әйелдер костюмінің негізінде – алжапқышы бар туника тәрізді көйлек (кепе). Әйелдердің бас киімі ұсақ, ірі моншақтармен, күміс тиындармен молынан әшекейленген. Әйелдердің костюмін – арқалық, белбеулік, кеуделік, мойындық әшекейлер толықтырады. Сыртқы киім – кенеп шекпен (шупар). Ерлер кенеп көйлек (кепе) пен шалбар (йем) киген. Дәстүрлі аяқкиім – жөке шәрке, тері етік.
Дәстүрлі тағамдарының негізін көже, үзбе қамырлы көже, быламық, піскен картоп, сұлы және бұршақ ұнынан әзірленген кисель, қара нан; жарма, қырыққабат, жидек салып пісірілген бәліш; ет пен майдан (сало) дайындалған шұжық, сыра, квас, шай құрайды.
< Prev | Next > |
---|