Қазақ ойындары сонау көне замандарда пайда болды. Ойындарда халықтың еңбек, рухани қызметі мен тұрмысының көптеген қырлары қамтылған әрі көшпенділердің дүниетанымы мен материалдық мәдениетінің ерекшеліктері көрініс тапқан. Ойындар қашанда қоғамдық: тәрбиелік, әскери-спорттық, әдет-ғұрыптық, ойын-сауықтық, эстетикалық, қарым-қатынастық, интеллектуалдық және т.б. қызмет атқарған. Ойын, ермек, көңіл көтеру арқылы жас ұрпақтың дене және ақыл-ой қабілеттері қалыптасатын. Ойындар заман не талап етсе, соған үйрететін.
Әулеттің той-жиындарында әдет-ғұрыптық ойындар ойналған. Айтарлықтай сыйлықтар тағайындалатын бәйге үйлену тойы немесе ас беру (еске алу) кезінде басты көңіл көтеретін қызмет атқарған.
Қазақтардың көшпелі өмір салтына орай ат жарыстары мен ат үстіндегі нешетүрлі ойындар барынша кең тараған, олар дәстүрге айналып, осы күнге дейін сақталып қалған. Ең көп тарағаны – аламан бәйге (25, 50, 100 шақырымға шабу).
Жорға жарыс – 2-ден 10 шақырымға дейінгі арақашықтықта өтеді.
Сайыс – найзалы салтаттылардың жекпе-жегі, аса ірі жиындарда ғана ұйымдастырылатын әскерилендірілген ең көне ойындардың бірі.
Аударыспақ – қарсыласын ат үстінен аударып түсіруді көздейтін ойын. Бұған қайратты, епті, төзімді, ат құлағында ойнайтын ересек ер адамдар ғана қатысқан. Әдетте мұндай сайыскерлер ауыл немесе ру атынан шығарылған.
Көкпар – салтаттылар сайысы. Бұл сайыстың екі түрі болған: әртүрлі рудың немесе ауылдың атынан екі салт атты немесе екі команда қатысатын.
Жамбы ату – шауып келе жатып садақпен нысана көздеу. Күміс алу – шауып келе жатып күміс тиынды жерден іліп алу.
Қазақша күрес – ептілік пен күштілік сайысы.
Жастардың ойын-сауықтары: «қыз қуу», «алтыбақан», топтардың бірінен алысқа лақтырған сүйекті іздейтін бойжеткендер мен бозбалалар қатысатын айлы түндегі ойын – «ақсүйек».
Қойдың боялған асықтарымен ойнау балалар ойынына жатады. Оның көптеген нұсқалары болған: алшы, оңқа, хан, бес тас, атбақыл, жиырма бір және т.б. Ұтыс ретінде көнге алшы асық, ақша және басқа да жүлделер тігілген. Сондай-ақ балалар «жасырынбақ», «соқыртеке» ойнаған. Жұмбақтар да шешкен (мырыш-мырыш, түйе-түйе деген). «Орда доп», «қазан» немесе «орда шүлдік» ойындары ойналған.
Интеллектуалдық ойындарға тоғызқұмалақ жатады, оны екі ойыншы ойнайды. Әрқайсысында 81 құмалақтан болады, ал отауларға 9-дан салады, кезектесіп жүреді. Қай ойыншы қарсыласының отауынан көбірек құмалақ алса, сол ойыншы жеңеді.
< Prev |
---|