Қазақтың ауызша тарихы көне замандардан өзінің даму үрдісін жоғалтпай бүгінгі күнге дейін сарқыншақтары сақталған құнды рухани мұрамыз. Ақселеу Сейдімбек ағамыз кеткеннен кейін назардан тыс қалған тарихымыздың, рухани мәдениетіміздің бір бөлшегі. Ғылым білімі дамыған еуропа елдерінің Пол Томпсон, А.Д.Тойнби сынды беделді тарихшылары ауызша тарихтың тарихи оқиғаларды зерттеудегі маңызын ерекше атап өтеді. Ауызша тарихтың құндылығы сонда ол сол заманның оқиға куәгерлері бізге қажетті деректерді өз көздерімен көрген түрде жеткізеді. Бір оқиғаны бірнеше адамның растауымен біз тарихи шынайылыққа бір табан жақындай түсеміз. Арнольд Тойнби «A Study of History» атты өз еңбегінде тарихи оқиғаларды зерттеуге әсер ететін күштерді атап көрсетеді. Ол біріншіден сол заманда қарқынды дамыған индустриализм процессін атаса, екінші күш ретінде мемлекетті, саясатты атайды[1;6 б.]. Британ тарихшысы Пол Томпсон ауызша тарих турасында былай дейді: «Ауызша тарих – әдеттегі адамдар айналасындағы тарих. Ол тарихты толықтырып оның масштабын кеңейтеді. Ол тұлғаларды танымал адамдар ғана емес қарапайым адамдар арасынанда табуға көмектеседі. Ол қоғам ішіне тарихты енгізіп кейіннен оны жалпыға пайдалы дерекке айналдырады. Ол әртүрлі әлеуметтік топтардың және түрлі буын адамдарының арасын байланыстырып өзара түсіністікке келуіне жағдай жасайды... Бір сөзбен айтқанда адамдарды толықтай өзін адам ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ғылыми дәстүрде қалыптасқан, өктем түсініктермен жалпыға мәлім, мойындалған тарихи мифтердің текетіресіне ықпал жасайды. Тарихтың әлеуметтік мағынасының радикалды өзгеріске ұшырауына да себеп болады... Кейбір салаларда ауызша тарих көзқарас көкжиегін ғана өзгертіп қоймай, жаңа, маңызды зерттеу бағыттарын айқындайды... Біздің қолданатын деректеріміз ең алдымен өзара қарым қатынастардан хабардар ететін сыртқы саяси мұрағат материалдары, ішкі мемлекеттік іс жүргізу жұмыстарының мұрағат материалдары болып табылады. Сол мұрағат материалдарына сүйеніп зерттеу жұмыстарын жүргізген зерттеуші өзінің жасаған жұмысын үлгілі санауы мүмкін, алайда, мұрағат материалдарын тарихты зерттеуде обьективті материал деп пайдалану қате түсінік. Бұл деректер қандайда бір деңгейде орталыққа, басқару аппаратына тәуелді. Ерте ме, кешпе қазіргі ауызша тарихқа деген қарсылық бәсеңдеп кәсіпқой тарихшылар ауызша тарих материалдарының тарихи деректердің бір түрі ретіндегі құнын мойындайды» [2;11 б.].
Бүгінгі отанымыздың тарихы көбінесе ресейлік зерттеушілердің деректерін негізге алып қазақтың өзінің санасында сақталған ауызша тарих материалдарын аңызға мифке балап, оларға сілтеме жасауды негізсіз санайды. Ал сол бізге мұра болып қалған отарлаушы жақтың тарихи деректері біздің тарихымызды обьективті түрде түсіндіріп бере алама? Тарихымыздағы бұрмалаушылықтар ұлттық санамыздың дамуына қаншалықты кері әсерін тигізуде. Осы орайда М.Тынышпаевтың «Материалы к истории киргиз-казахского народа» атты еңбегіндегі төмендегі жолдарға қаз-қалпында тоқтала кетуді жөн көрдік: «У нас до сих пор почти совершенно отсутствует серьезная, популярно изложенная и по содержанию отвечающая своему названию литература по изучению прошлого казаков. Большинство из тех немногих исследований, если не считать работу Вельяминова-Зернова, Левшина и отчасти Академика Бартольда, Аристова – являются архивном материалом, повторением и успешным исковерканием напечатанной прежде «истории казаков»ү Единственное и главное достоинство их являлась тенденциозность, дух противоречия, обслуживание и обоснование преступной политики царизма.
В прошлом иначе быть и не могло. Почти вся литература об инородцах раньше была пропитана этим духом » [3;3 б.]. ХХ ғасырдың І жартысындай айтылған осы ойлар бүгінгі күнге дейін басты мәселе ретінде сақталуда.
Ресей мемлекетінің отарлық саясаты басталғаннан кейін қазақ даласына ағылған зерттеушілер тобының көзқарастары отаршыл саясаттың шеңберінен шыға алмауы заңды құбылыс. Ғылыми әдебиеттерде жиі қолданылған, халқымызға таңылған «тузем» деген сөзіне қарай отырып-ақ сол заманғы зерттеушілердің жергілікті тұрғындарға деген көзқарастарын байқауға болады. Патшалы Ресей құлағаннан кейінгі комунистік билікте өзіне тән идеологияны кеңінен насихаттады. Әрине, ол кезеңдерде жүргізілген зерттеу жұмыстарының бәрі пайдасыз, ғылыми шынайылықтан алшақ болды деуден аулақпыз. Біздің көздеген мақсатымыз сонау түркі заманынан бастау алған қазақ жадында тамырын тереңге жайған ауызша тарихымызды көлеңкеден шығарып мұрағат деректерімен иық теңестіріп тарихи оқиғаларды түсіндіру мақсатында бірге қолданылса деген ой. Шоқан Уәлиханов даланың ауызша тарихы, қазақтың тарихи санасы жөнінде былай дейді: «Қазақ өздерінің көне аңыздары мен наным-сенімдерін қайран қаларлық тазалықта сақтай білген. Одан да өткен ғажабы сол, байтақ даланың әр шалғайындағы, әсіресе, өлең жырлар еш өзгеріссіз, бір қолдан шыққандай қайталанатындығын қайтерсіз. Көшпелі сауатсыз ордадағы ауызша тараған осынау үлгілердің бір-бірінен қылдай ауытқымайтыны адам айтса нанғысыз қасиет, алайда күмән келтіруге болмайтын шындық». Қазақтың шежірешілдігін, дәлірек айтсақ тарихшылдығын ұлттық қасиет деуге болады. Бұл, әрине, ерекше жаралғандықтан немесе артта қалған жабайылықтан емес. Қазақ халқының шежірешілдігін, тарихи санасының сергектігін, ең алдымен, оның ұзақ ғасырлар аясында көшпелі өмір салтымен ғұмыр кешкендігі арқылы түсіндіруге болады. Белгілі түркітанушы ғалым Л.Н.Гумилевтың сөзімен айтсақ: «Көшпелілер мәдениеті өзінің үш мыңжылдық ғұмырында Жерорта теңізі мен Қиыр шығыс елдеріне қарағанда творчестволық эволюцияны бастан өткерді» - дейді. В.О.Ключевский айтпақшы білтелі мылтық, от қарулар шыққанға дейін «тарихтың дырау қамшысы болған көшпелілердің» соңғы тұяғы, мұрагері қазақ халқы екендігі даусыз. Еліміздің ұлан байтақ аумағын мекендеген ұлтымыздың күнделікті тірлшілігінде шежірешілдік дәстүрі негізгі бағыт көрсетуші компас тәрізді болған. Әрбір жүз, рулар өз жерін өз тарихын жақсы білген.
Ауызша тарих тақырыбында кітабын шығарып, осы салада талай зерттеу жұмыстарын жүргізген Ақселеу Сейдмбек ағамыз ауызша тарихтың ғылыми маңызы, өзектілігі турасында былай дейді: «Далалық ауызша тарих дәстүрінің арқасында тарихи жады мейлінше көне заман естеліктерін әлі күнге есте сақтай алып отыр. Қазақ тілінде күні бүгінге дейін «әлім-сақтан бері», «сақпанның оғындай», «бесенеден белгілі» деп айтылған тұрақты сөз тіркестері бар. Осынау атаулардың мағынасы Евразия даласында әрісі үш мың жыл бұрын, берісі мың жыл бұрын өмір сүрген сақ, дай (адай, әлім), печенег сияқты ру тайпалармен байланысты екеніне күмән жоқ. Немесе, күні бүгінге дейін қазақ балаларына Мәди, Боғда, Тұмар, Таян, Бұйрық, Сартақ, Шыңғыс, Жошы, Абылай деген есімдердің қойылуы, ең алдымен халықтың тарихи жадысының байырғылығына айғақ болса керек. Қазақ даласынан соңғы бірер жыл бойында өзгеріссіз сақталған топонимдерді аяқ аттаған сайын кездестіруге болады. Осы жолдардың авторы алпысыншы жылдары ұлытаулық Тай Тілегенов ақсақалдан әйгілі Жошы ханның (бейіті Ұлытауда) өліміне қатысты естірту жырын жазып алған едік. Кейін осы жырды ХҮ ғасырдан жеткен «Түркі шежіресі» атты еңбектегі жырмен салыстырғанда екі-ақ сөзден айырмашылық бар екендігін көріп қайран қалғандығымыз бар. Сөз орайында айта кетуіміз керек, бұл жырдың айтылуына себепші болған Найман Кетбұға жыраудың ұрпақтары бүгінгі күнге дейін сол Ұлытау төңірегінде тұрады және олар Кетбұғадан бері қарай бір атасын ұмыт қалдырмай таратып бере алады. Ең ғажабы, мың жылдай бұрын ғұмыр кешкен бабаларының жай ғана есімін атап шығумен шектелмейді, олардың өмірі мен өнегелі істері туралы, сырт тұлғасы мен мінез-құлықтары жайында, замандастары жөнінде небір ғажайып әңгімелерді айтып отыруды кісіліктің шыңына балайды.
Белгілі бір идеологиялық күрзінің астында жазылған жылнамаларға қарағанда, далалық ауызша тарих өзінің обьективтілігіменде ден қойдырады. Әйгілі «Моңғолдың құпия шежіресі», Рашид-ад-диннің «Жылнамалар жинағы», Захираддин Бабырдың «Бабырнамасы», Дулат Мұхаммед Хайдардың «Тарихи Рашидиі», Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі», Ұлықбектің «Сұлтандар шежіресі», Жалайыр Қадырғали Қосымұлының «Жылнамалар жинағы», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» сияқты тарихи еңбектердің баршасы бір ғана үлгімен – далалық ауызша тарих үлгісімен жазылған. Яғни, жазба шежірелердің жазылуына ауызша айтылатын шежірелердің дерегі арқау болып отырған. Бұл жөнінде, өзінің әйгілі еңбегіне ауызша шежірені тірек еткен Рашид-ад-дин былай дейді: «... моңғол-түркілердің көнеден жеткен салт дәстүрі бойынша, олар өздерінің ата-тегін, ру шежіресін есте сақтауға айрықша мән беріп отырады. Олар... балаларына өзге жұрт сияқты тәрбие беру үшін тілі шығысымен-ақ құлағына ру туралы, ру шежіресі туралы аңыз-әңгімелерді құйып қояды. Бұл дәстүрден олар бұрын да, қазір де қылдай ауытқыған емес...»» [4;3 б.].. Бір сөзбен тұжырымдар болсақ біз жоғарыда айтылғандар арқылы ауызша тарих материалдарының ғылыми маңызын, шыншылдығын, обьективтілігін түсіндіріп оның өзектілігін шамамыздың жеткенінше дәлелдеуге тырыстық. Сонымен қатар, ауызша тарих материалдары тарихи санамызды отаршыл саясаттың шырмауынан құтқарып, ұлттық рухымызды оятары сөзсіз. Ресей империясы тұсында жасалған орыстілді тарихи деректемелерді пайдалану оларда ақпараттың толықтығына қарамастан тарихқа деген көзқарасты біршама тарылтатын факторлардың бірі болып табылады, біздің көзқарасымызша, олардың негізінде тарихты жасау үрдісі біржақты және шектеулі болып келеді.
Ауызша тарих ғасырлардан ғасырларға жалғасып өзінің сабақтастығын үзбей келе жатқан халқымыздың рухани мәдениеті, тарихи санасы, жазылмаған кітабы. Оны мифке, өтірікке балап мән бермей назардан тыс қалдырсақ сол мәдениетімізден, рухани байлығымыздан айырылатындығымыз хақ.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Тойнби А.Дж. Постижение истории
- Томпсон Пол. Голос прошлого. Устная история/пер. с анг. М., 2003
- Тынышпаев М. Материалы к истории киргиз-казакского народа. Ташкент., 1925.
- Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. Астана.,2008.
- Сейдімбек А. Көшпелілер тарихы. А., 1995
Қабдоллаев М.С.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі
«Наурыз – ел ұлықтаған ұлы күн» атты республикалық
ғылыми конференция жинағы, Астана 2018ж.
Сборник республиканской научной конференции
«Наурыз – ел ұлықтаған ұлы күн», Астана 2018г., стр.160-164
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|