Академик А.Жұбанов: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі» - дейді. Домбыра ерте замандарда пайда болып бүгінгі күнге дейін саф алтындай сақталып, халқымыздың тыныс-тіршілігімен етене қабысып, кеңінен қолданылып келе жатқан музыкалық аспаптардың бірі [1, 3 б.]. Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы қорындағы қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары топтамасында 34 домбыра бар. Олардың ішінде 29 данасы негізгі қорға тіркелсе, қалған 5 данасы қосалқы қордың тіркеуіне алынған. Бұл домбыралардың кейбірін музей-қорыққа әр жылдары өнер қайраткерлері мен өнер ордалары, ақын-жазушылар және облыс тұрғындары сыйға тартса, енді бір бөлігі ғылыми экспедициялар мен іссапарлар барысында жиналды. Арасында арнайы тапсырыспен жасалғандары да бар. Музей-қорықтың домбыралар топтамасы үнемі толықтырылып отырады.
Музей-қорық қорындағы домбыралар пішініне қарай бірнеше түрлі болып келеді. Олар: торсық домбыра, қалақ домбыра (бірнеше түрі бар), үш ішекті домбыра, оркестр домбыралары: альт, тенор, прима, бас. Музей-қорық қорындағы домбыралар жасалу техникасымен, қолданыс тарихымен және авторлық туындылығымен бірегей. Олардың ішінде қазақтың біртуар азаматтарының қолының табы қалған домбыралар кездесетінін ерекше баса айтқан жөн. Мысалы, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов пен Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ұстаған домбыралар бар. Этнографиялық бағыттағы музей үшін домбыраның қолданыс тарихы өте құнды дерек болып табылады.
Домбыралардың пішіні бойынша да, дыбыс шығаруы бойынша да әр аймаққа байланысты өзіне тән ерекшеліктері бар [2, 62 б.]. Музей-қорық қорындағы көне домбыралардың барлығы қалақ пішінді болып келеді. Оның бірнеше түрі бар. Олар қалақ пішінді болғанымен, көлемі мен безендірілуі жағынан айтарлықтай айырмашылықтары аңғарылады. Оларды дайындаған шеберлер туралы мағұлматтарды қоспағанда, қолданыс тарихының өзі өте бай. Домбыралардың таралу географиясына тоқталсақ, көпшілігі облыс орталығы Өскемен қаласының іргесіндегі Ұлан ауданынан алынған. Бір ерекшеліктері – Ұлан ауданының қалақ домбыралары өзінің түп төркінен ажырамай, сол көне үлгіде дайындалған. Ал, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Тарбағатай және Катонқарағай аудандарында жасалған домбыралардың шанағы сәл өзгеріске ұшыраған. Оған домбыралардың жасалу мерзімі әсер еткен болуы мүмкін.
Қалақ домбыралардың ішінде ең көнесі – ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының басында қолдан жасалған. Бұндай екі домбыра бар. Біріншісі – Омаров Ағзам есімді шебердің қолынан шыққан туынды. Домбыра тұтас ағаштан шабылған. Шанағы бес қырлы, ұзындау келген, «Угрюмов Тельман» деген жазуы бар. Бетқақпағы фанерадан жасалып, шанағына ұсақ шегелермен шегеленген. Бетқақпағында тұмар пішінді дыбыс шығаратын ойығы бар. Үш ішекті, 9 пернелі домбыра.
Шебер Омаров Ағзам 1887 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан (бұрынғы Таврия) ауданы Қансар ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысып, 1942 жылы қаза тапқан. Шебердің домбырасын музейге 1980 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан (бұрынғы Таврия) ауданы Каменский ауылының тумасы Бояубаев Мұратхан Жанғазыұлы (1931 жылы туған) есімді туысқаны сыйлаған.
1-сурет. Үш ішекті қалақ домбыра. Суретті түсірген: А.Рахымбекова |
Екінші домбыра да тұтас ағаштан шабылған. Домбыраның шанағы конус пішіндес келген. Бетқақпағындағы дыбыс шығаратын ойығы жебенің ұшы тәріздес. Домбыраның мойыны жіңішке, ұзын, 8 пернесі малдың ішегінен тартылған. Домбыраның басы төртбұрыш пішінді, екі құлағына қармақ жібінен екі ішегі тартылған. Бірақ, ішегі бертін келе жаңартылған болуы мүмкін, себебі, пернесі малдың ішегінен жасалғанда, ішегі қармақ жібі болуы күмән туғызады. Домбыраны жасаған шебердің аты-жөні белгісіз. Оны 1983 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Шымқора ауылының тұрғыны Башимов Марат сыйлаған.
Музей-қорық қорында ХХ ғасырдың ортасына тиесілі үш қалақ домбыра бар. Оның екеуі – екі ішекті, біреуі – үш ішекті домбыра.
Музей-қорық қорына ең алғаш қабылданған осы қалақ пішінді домбыра еді. Оны 1978 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан аулының тұрғыны Шілдебаев Советбек есімді азамат ақылы негізде өткізген. Тұтас ағаштан шабылған. Домбыра екі ішекті, сегіз пернелі, ішегі мен пернесі малдың ішегінен жасалған. Бұндай ішекті домбыралар қазір сирек кездеседі. Оған себеп, табиғи ішек ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан, қазір домбыра жасайтын шеберлер желкі немесе жібек жіп пайдаланады [3].
Екінші қос ішекті домбыра да тұтас ағаштан шабылған. Шанағы жалпақ, төртбұрыш пішінді, ұзындау келген домбыра. Бетқақпағы фанерадан жасалып, шегемен бекітілген. Дыбыс шығаратын шаршы ойығы бар. Домбыраның мойыны қысқа, 6 пернелі. Домбыраның басы сопақша пішінді. 1987 жылы домбыраны музейге Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Берел аулының тұрғыны Сатенбаев Какеш сыйлаған.
Үш ішекті домбыра тұтас ағаштан шабылған. Шанағы жалпақ, ұзындау келген, шанағы мен мойынының қосылатын тұсы фигуралы. Бетқақпағы ашық түсті фанерадан, қоңыр түсті фанера қиықтарымен безендіріліп, шанағына ұсақ шегемен шегеленген. Домбыраның мойыны қысқа, тоғыз пернелі. Домбыра Абай домбырасының үлгісінде жасалған тәрізді. Үш ішекті домбыраны музей-қорыққа 1992 жылы Өскемен қаласы әкімдігінің № 25 мектеп-гимназиясындағы тарихи-өлкетану музейі сыйлаған.
Қалақ домбыра 1979 жылы жасалған. Жасаған шебердің есімі белгісіз. Домбыра тұтас ағаштан шабылған. Домбыраның шанағы фигуралы, шанағы мен басы қызыл түсті дайын үлгідегі қазақ оюымен безендірілген. Бетқақпағы фанерадан, жүрекше пішінді дыбыс шығаратын оюы бар. Бетқақпағы шанағына шегеленген, «Ескерткіш» деп күйдіріліп жазылған. Домбыраның мойыны ұзын, он жеті пернелі, шайтан тиегі бар. Домбыра екі ішекті. Домбыра Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының тұрғыны Құнабаев Оқаннан алынған (1984).
2-сурет. Үш ішекті қалақ домбыра. Суретті түсірген: А.Рахымбекова |
Өңіріміздегі ағаштан түйін түйетін шеберлердің қолынан шыққан домбыралар музей-қорықтың тұрақты экспозицияларынан орын алған. Бұл ретте олардың жиналуына себепкер болған музей-қорық жанындағы Қолөнер шеберлерінің ресурстық орталығының үлесін айта кеткен жөн. Ресурстық орталық қолөнер шеберлері мен музей-қорықты жалғастыратын достық көпірі іспеттес. Осы ынтымақтастықтың арқасында музей-қорық қоры республика мен облыс жұртшылығына танымал Бақыт Кеңшілік, Ибраев Қайрат, Сәрсенбин Ришат, Ахаев Ерболат жасаған домбыралармен мақтанады.
Шебер Ибраев Қайрат Әсетұлы 1967 жылы Шығыс Қазақстан облысы бұрынғы Марқакөл ауданында дүниеге келген. 1990-шы жылдардан бері қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын дайындаумен айналысады. 2000 жылдың шілде айында шебердің қолынан шыққан туынды музей қорына алынды. Шебер домбыраны қайың ағашынан дайындаған. Домбыраның шанағы қалақ пішіндес, көп қырлы, ұлттық оюмен әсемделген. Бетқақпағы фанерадан жасалып, шанағына желіммен жабыстырылған. Домбыра лажыланған. Домбыраның мойыны ұзын, он сегіз пернелі. Домбыраның басы фигуралы. Домбыра екі ішекті.
3-сурет. Шебер Ибраев Қайрат Әсетұлы жасаған домбыра Фотосуретке түсірген: В.М.Корж |
Шебер Сәрсенбин Ришат Үлікбекұлы 1967 жылы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Алматы көркемөнер училищесін тәмамдаған. 2001 жылы Өскемен қаласына көшіп келіп, № 1 мектепке суретші-көркемдеуші болып жұмысқа орналасады. Бала кезінен сурет салуды, ағаш оюды қызықтап, теріден кәдесый мен бұйымдар жасаумен шұғылданады [3]. Кейін әйелдердің зергерлік бұйымдары мен музыкалық аспаптар жасаумен шұғылданады. Музей-қорық қорында шебердің қолынан шыққан үш домбыра бар. Олардың барлығы торсық пішіндес, оның екеуі альт домбыра. Домбыралардың шанағы құрамалы, жеті қырлы. Бетқақпақтары әсем безендірілген, олардың біріне көл еркесі – аққу, екіншісіне – тау ешкі, үшіншісіне – Алтайдың кербұғысы бейнеленген. Домбыралардың мойыны ұзын, он сегіз пернелі. Домбыралардың басы да безендірілген.
4-сурет. Шебер Сәрсенбин Ришат Үлікбекұлы жасаған домбыра |
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар.
Әнді сүйсең, менше сүй... [4] – деп жырлаған ұлы Абай өз туындыларына және аудармаларына ән жазып, өзін көрнекті композитор ретінде танытқанын білесіздер. Дана Абай өз айналасына қобыз, домбыра, сыбызғы сияқты қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын құлақтың құрышын қандырып ойнайтын өнерпаздармен бірге оларды жасайтын шеберлерді ұстаған. Абай Құнанбайұлы демократ достарының ақылымен Семейдегі статистикалық комитеттің жанынан ашылған музейге этнографиялық бұйымдармен қатар қазақтың қара домбырасын сыйға тартқан екен. Ол домбыра бүгінде Абайдың мемлекеттік қорық-музейіндегі ұлы ақынның қолының табы қалған жәдігерлерінің бірегейі. Сол домбыраның нақты өлшемдері негізінде біздің жерлес шеберлеріміз Бақыт Кеңшілік пен Ерболат Ахаев жасаған домбыраларына тоқталған жөн.
Шебер Ерболат Ахаев жасаған домбыраның шанағы жалпақ, қақпағы өрнекті, 7 пернелі, екі ішекті, бір тиекті. Домбырада 3 құлақтың орны бар, бірақ екі құлақты, құлағының өлшемі- 6,5 см. Домбыра қоңырқай түсті.
5-сурет. Шебер Ерболат Ахаев жасаған домбыра
5-сурет. Шебер Ерболат Ахаев жасаған домбыра Фотосуретке түсірген: А.А.Мазницын |
Шебер Бақыт Кеңшілік жасаған домбыра ұлы Абайдың домбырасына көбірек ұқсайды. Домбыра табиғи материалдардан жасалған. Қалақ пішінді, үш ішекті, он пернелі. Домбыраның ішегі ешкінің ішегінен дайындалған.
6-сурет. Шебер Бақыт Кеңшілік жасаған домбыра Фотосуретке түсірген: А.А.Мазницын |
Музей-қорық қорында сақталған домбыралардың бір парасы – мемориалдық домбыралар. Мемориалдық домбыралардың музей-қорық қорына қабылдануына 2005 жылғы музей қызметкерлерінің Алматы қаласына барған экспедициясы мен «Шығыс Қазақстан ақын-жазушылары шығармашылығының музей-қорықта насихатталуы» тақырыбындағы жоба үлкен үлес қосты. 2005 жылғы экспедициясы нәтижесінде музей-қорық қоры Халық қаһарманы Қасым Қайсенов пен Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың домбырасымен толықты.
Партизан-жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің домбырасы Алматы қаласындағы Осакаровка музыкалық аспаптар фабрикасында дайындалған. Домбыра лажыланған,1972 жылғы өнім. Домбыраның шанағы қалақ тәрізді, құрамалы. Бетқақпағы фанерадан, күйдіру техникасы арқылы безендірілген. Бетқақпағында естелік мәтіні бар: «Уважаемому Касыму Кайсенову на память о встрече с чекистами Казахстана декабрь 1972 год». Домбыраның мойыны ұзын, он жеті пернелі, екі ішекті, басы фигуралы. Домбыраны Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің өзі көптеген мемориалдық заттарымен және әдеби шығармаларының жинақтарымен бірге сыйлаған.
7-сурет. Қасым Қайсеновтің домбырасы Фотосуретке түсірген: А.А.Мазницын |
Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың домбырасы 1978 жылы жасалған. Домбыра торсық пішінді, шанағы жеті қырлы, құрамалы, қайың ағашынан жасалған. Бетқақпағы да құрамалы, дыбыс шығаратын дөңгелек ойығы бар, қазақ оюымен безендірілген. Домбыраның мойыны ұзын, он сегіз пернелі, екі ішекті. Домбыраның басы бук ағашынан жасалған, фигуралы, екі құлағының ортасына естелік мәтіні жазылған металл бөлігі бекітілген. Оған былай жазылған: «Әзілхан аға! Талантыңызға табынушы 6 гр. студенттері 4 курс ЗИФ АЗВИ. 11.VІІ.1978».
Домбыраны Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың өзі сыйлаған.
8-сурет. Әзілхан Нұршайықовтың домбырасы Суретті түсірген: А.Рахымбекова |
Бұл екі домбыра «Халық қаһарманы Қасым Қайсенов және майдангер-жазушылар» атты стационарлық экспозициға қойылған. Ол музей-қорықтың Қ.Қайсенов атындағы этнобағындағы ашық аспан астындағы этноауылда орналасқан. Көрме павильонының жанында Қасым Қайсеновтің бюсті бар.
Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, Өскемен қаласының Құрметті азаматы Серік Ғабдуллиннің домбырасы қалақ пішінді, шанағы жалпақ, құрамалы. Домбыраның бетқақпағы мен басы өрнекті. Домбыраның екі құлағы мен түймесі қара түсті пластмассадан жасалған. Ішегі қармақ бауынан, екі ішекті, он тоғыз пернелі. Мойыны ұзын, шәйтан тиегі бар. Фабрика өндірісі. ХХ ғасырдың екінші жартысында жасалған. Домбыраны ақынның қызы Ғабдуллина Шынар Серікқызы (1970 ж.т.) сыйлаған. Шынар Серікқызы әкесі Серік Ғабдуллиннің домбыраны ерекше қадірлегенін, бұл домбыраның ол ес біліп, етек жинағалы үйлерінің төрінде ілулі тұратынын көргенін жеткізді.
9-сурет. Тоқтар Серіковтың інісі Олжасқа сыйлаған домбыра Суретті түсірген: А.Рахымбекова |
Әнші Тоқтар Серіковтың досы, режиссер, театр және кино актері, ақын, драматург Рүстем Есдәулетовтің баласы Олжасқа сыйлаған домбырасы. Бұл домбыра музей-қорық қорына осы жылдың ақпан айында қабылданды. Оны Рүстем Есдәулетовтің туған әпкесі, композитор Бағдат Есдәулетова сыйлады. Домбыра торсық пішінді, мойыны ұзын, шанағы мен бетқақпағы әсем безендірілген. Бетқақпағында мынадай естелік мәтіні бар: «Інім Олжасқа! Ағаң Тоқтар Серіков. 01.01.04».
Жалпы қазақтың қара өлеңдерінде, жұмбақтарында, жыр-дастандарында домбыра және оның құрылысы туралы өте көп айтылады [5]. Домбыра жайлы көптеген ғылымиғ ғылыми-көпшілік еңбектер жазылған. Домбыраның құрылымы жылдан-жылға жетілдіріліп келеді.
Музей-қорық қорындағы ерекше құрылымды домбыраларды өнер ордалары тарту еткен. Музей-қорық қорына 1980 және1988 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрілігінің Көркем көрме дирекциясы сыйлаған 3 домбыра жасалу техникасының күрделігімен, пішінінің әртүрлігімен ерекшеленеді. Мысалы, ХХ ғасырдың 30-шы жылдары жасалған торсық домбыра. Тұтас ағаштан шабылған. Домбыраның шанағы сүйекпен қапталып, геометриялық өрнекпен және сары түсті металмен безендірілген. Бетқақпағы ашық түсті ағаштан жасалған. Домбыраның мойыны сүйекпен безендірілген. 9 пернелі, 2 ішекті домбыра.
10-сурет. Сүйекпен қапталған домбыра Суретті түсірген: А.Рахымбекова |
Күй домбыра – ХХ ғасыр басында тұтас ағаштан шабылған, шанағы жеті қырлы, ұзын мойын, он үш пернелі, қос ішекті. Домбыраның бетқақпағында дыбыс шығаратын бірнеше ойығы бар, ең негізгі ойықтың өлшемі – 18 мм, оның жоғары жағында 4 мм ойық болса, бетқақпағының екі қапталында 10 милемертлік қос ойығы бар. Кім жасағаны белгісіз, қолдан жасалған туынды.
Үшінші домбыра – Д.Шоқпаров жасаған домбыра. Домбыра сопақша пішінді, ХХ ғасырдың екінші жартысында қайың ағашынан жасалған. Домбыра тұтас ағаштан шабылып, тегістеп, морилкамен боялған. Домбыраның мойыны кең, бірақ қысқа келген. Екі ішекті.
Шоқпарұлы, С.Ділманов, Ж.Тұрдығұлов, С.Кенжеғараев, т.б. домбыра жасаушы шеберлер шоғыры пайда болды. Олар дамытып, жетілдіріп жасаған домбыралар сырт нұсқаларына, бөлшектері мен ішек сандарына, дыбыс ерекшеліктеріне, дыбыс ауқымына және басқа да қосымша ерекшеліктеріне қарай «үш ішекті», «кең шанақты», «қуыс мойын», «бүктемелі», «желбезекті», «тұмар», «қос шанақты» немесе «қос мойын», «үшем», т.б. деп аталып, халықтық-аспаптық музыка дәстүрін байыта түсуде. Домбыра тектес аспаптар Орта Азиядағы түркі халықтарының барлығында дерлік бар. Мысалы, башқұртта «думбыра», қырғыздарда «қол қомуз», түріктерде «саз», «уд» [6].
2002 жылы Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы музей-қорық қорын оркестр домбыраларымен толықтырды. Олар: альт, тенор, прима, бас домбыра. 1934 жылы Халық аспаптар оркестрінің (қазіргі Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрі) құрылуымен байланысты домбыраның пирма, альт, тенор, бас, контрабас сияқты түрлері дүниеге келді [7, 265 б.]. Музей-қорық қорындағы домбыралар 1970-1980 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Осакаровка музыкалық аспаптар фабрикасында жасалған.
«Мәдениеттану негіздері» оқулығында «Құрылысы мен даусының түпкі ерекшеліктері сақталып қайта жасалған домбыра оркестрдің құрамында домбыра-тенор қызметін атқара бастады. Нақ осы домбыраның, арқасында дәстүрлі аспаптық музыка — күйлерді орындағанда оркестр даусы ұлттық өзгеше рең танытады. Домбыраның репертуары орыс классикасы шығармаларымен және қазіргі заманғы музыкалық шығармаларымен де байып отыр» [8] - деп жоғары бағаланады.
Домбыра – қазақтың қуаныш пен қайғысын бөлісетін, мұңдасар, сырласар жан серігі болып келген және бола да бермек. Әзірге табылған ең көне домбыра – Монғолияның Қобда аймағындағы Қарасу мен Дөргін көлдерінің ортасындағы үлкен аралдағы үңгірде сақталған, көне сына жазулы аспап. Бұл аспап та екі шекті [9].
Қазақ даласының әр өңірінде кездесетін домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен әр өнерпаздың орындаушылық мәнеріне, аспапшы шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішімде дамытылып, өзгеріп отырған [10].
Көне домбыралар қазақ жеріне тән ағаштардан жасалса, қазіргі қолөнер шеберлері шетелден жеткізілген қымбат ағаштардан дайындаған. Шеберлердің пікірінше, ағашы неғұрлым сапалы болса, домбыраның үні соғұрлым жағымды болады. Көнеден мұра болып жеткен домбыралардың пішіні мен құрылысына заман талабына сәйкес сәл өзгерістер енгізілгенімен, қоңыр үнін сақтап қалады. Атадан балаға мұра болып қалған құнды мұрамызды қастерлеп, сақтайық!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. М.Әбуғазы. Қазақтың домбыра өнері. – Алматы: Нұрсәт, 2016 – 480 бет.
2. Самашев З және т.б. Қазақстанның жеті кереметі: Оқу құралы. Семь чудес Казахстана. Учебное пособие. – Алматы: Таймас, 2006 – 200 бет.
3. Каталог. Музыкальные инструменты конца ХІХ-начала ХХІ вв. из фондов музея-заповедника. Составитель: Резонтова М.М. - Усть-Каменогорск, 2009.
4. Абай (Ибраһим Құнанбаев). Екі томдық шығармалар жинағы. Т.1. Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Жазушы, 1986. – 304 бет.
5. Диваев Ә. Қазақ халық шығармашылығы. 2-ші бас. толық. – Астана: Алтын кітап, 2007 – 317 бет.
6. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 – 200 бет.
7. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Ә.Нысанбаев – Алматы: «Қазақстан энциклопедициясының» Бас редакциясы, 2001 – 720 бет.
8. Мәдениеттану негіздері: Окулық. - Алматы: Дәнекер, 2000 – 236 бет.
9. Домбыра – қазақтың жаны [электрондық ресурс] // Қазақстан тарихы https://e-history.kz/kz/news/show/31786/10.09.2021
10. Киелі домбыраның 20-дан астам түрлері бар, http://www.today.kz/kz/news/culture/2012-06-13/29138
Кашаку Гульжан
магистр истории, заместитель директора по науке музея-заповедника
В сборнике «Макарьевские чтения: материалы XVI международной научно-практической конференции»,
Горно-Алтайск, 23-24 сентября 2021 г. / отв. Ред. В.Г. Бабин. – Горно-Алтайск: БИЦ ГАГУ, 2021 г.. – 363 с., стр. 86-96
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|