Аңдатпа: Мақалада Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы» әңгімесінің этнологиялық сипаты жайлы жазылған. Мақала авторы жазушының ауыл әңгімелерінің ішінде «Апамның астауы» әңгімесін мысалға алып, онда қаламгердің қазақ елінің тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпын әйел бейнесі арқылы сипаттауын жан-жақты талдайды.
Аннотация: Статья посвящена этнологическому анализу произведения Оралхана Бокея «Апамның астауы». На примере данного произведения автор статьи рассматривает быт, традиции и обычаи казахского народа в применительно к образу женщины.
Abstract: The article is devoted to the ethnological analysis of the work of Oralkhan Bokey "Apamnyn astauy". Using the example of this work, the author of the article examines the way of life, traditions and customs of the Kazakh people in relation to the image of a woman.
Кілт сөздер: Оралхан Бөкей, жазушы, музей-қорық, Шығыс Қазақстан, этнология, қазақ әйелі, қолөнер, астау, алаша, саба, торсық, киіз.
Ключевые слова: Оралхан Бокей, писатель, музей-заповедник, Восточный Казахстан, этнология, казахская женщина, рукоделие, астау, юрта.
Keywords: Oralkhan Bokei, writer, museum-reserve, East Kazakhstan, ethnology, Kazakh woman, crafts, astau, alasha, saba, torsyk, felt.
«Жазушы Оралхан Бөкей – туған өлкесі – әсем Алтайдың, асқақ Алтайдың жыршысы! Оның шығармалары Алтай өлкесінің гимні іспеттес» [1, 12 б. ]- дейді филология ғылымдарының докторы Рабиға Сыздық. Жазушының шығармаларын, соның ішінде «Ауыл әңгімелерін» оқысаңыз, Алтайының асқақ даласын, кішкентай ауылының тұрмыс-тіршілігін суреттеу арқылы қазақтың ұлттық мәдениетін, құндылықтарын ерекше шеберлікпен әспеттеп жеткізгенін аңғарасыз. Оралхан Бөкей – ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің сүлегей суреткері. Ол өз замандастарының мұңы мен қуанышын жазып қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрін, санасын, әдет-ғұрпын шығармасына арқау еткен қаламгер. Алтайдың кербұғысы атанған жазушы, 1943 жылы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келген [2, 107 б. ]. Алтай ақиығы өзінің туған жеріне деген сағынышын, махаббатын, даладай кең, баладай аңғал құрдастарын шығармашылығына арқау ете білді. Кез-келген жазушыға қойылатын негізгі талаптардың бірден-бірі – шығарманы, туындыны белгілі бір идеяға бағындыра білу. Ал, Оралхан Бөкей өзінің шығармаларында реалистік, романтикалық, этнологиялық, мифтік желіні қолдану арқылы оқырманға қандайда бір әсер, ой қалдыра алған дарынды жазушыларымыздың бірі. Қаламгердің кейіпкерлері – жан дүниелері бай, рухани деңгейі биік, қажырлы, еркіндік сүйгіш, тағдыры қилы арманшыл адамдар. Оларды бір-бірімен жалғастыратын ортақ қасиет – рухани максимализм, яғни, адамдығын жоғалтпауы. «Менің повестерімдегі, әңгімелерімдегі барлық сюжеттер туған жер туралы естеліктер, жас шақтағы болған оқиғалармен байланысты, [3] – деп жазады автор. «Менің жерлестерім қазақтар – мінездері бір қалыпты, адал және жүректері ашық адамдар. Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда табан ет, маңдай терін жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырыстым», [3] – дейді жазушы. Міне, оның тұнып тұрған еліне, ұлтына деген махаббатын осыдан-ақ аңғаруға болады. Сіз жазушының шығармашылығымен таныс болсаңыз өзіңіз де сезетін шығарсыз. Оқып отырып автордың кейіпкерлерімен бірге арпалысқа түсесіз, бір қуанып, бір жылап, өзіңіз де тылсым күй кешесіз.
Оралхан Бөкейдің ауыл әңгімелері, соның ішінде бір ғана - «Апамның астауы» тұнып тұрған этнологиялық туынды.
«Ол кезде мен бала едім, апам жастау еді «әке-шешеміз қиыр жайлап, шет қонып мал соңында жүретін де» [ 4, 5 б.] - деген жерінен-ақ автордың бірден сол кездегі қазақ даласының тұрмыс-тіршілігін, қазақ сахарасын көз алдымызға жеткізе суреттегенін аңғаруға болады. Әңгіменің басынан-ақ жан-дүниеңді сағыныш билейді. Алыстан мұнартып қиыр жайлап, шет қонып жүретін, сол маңғаз даланың тыныштығын, қазақ өмірінің сонау бір тірлігі көз алдыңда жүгіріп өткендей болады. Әңгімеде қазақ әйелінің болмысын, тектілігін, қамқорлығын оқып отырып-ақ қуат аламыз. Әр оқырман неткен шеберлік, неткен суреткерлік деп таңдай қағары сөзсіз.
Автордың тамырын тереңнен тарта әңгіменің әрімен қарай тұнып тұрған қазақ этнологиясын бір ғана «апамның астауы» әңгімесіне сыйғыза салуы асқан шеберлік емей немене?! Әңгімеде апасының Алтайдың арғы беті-төркінінен ала келген қымбат заттары – ол астауы. Бір ғана теректен ойып жасалған астау, бізді ғана емес, ертеректе әкемізді, оның іні-қарындастарын да асыраған деп жазады. Әңгімені оқып отырып қазақ анасының болмысы, тұрмысы, салт-санасы көз алдымызда жүгіріп өткендей болады.
«Апамнан тірі кезінде неге ғана бәр-бәрін: киіз басып, үй тігуді, алаша тоқып, өрнектеп сырмақ тігудің, саба, сүйретпе, торсық істеудің бүкіл қыр-сырын тәптіштеп жазып алмадым» [ 4, 9 б. ] – деген әңгіме арасында немересінің өкініші айтылады. Апасы күллі ауылдың қамқор анасының бейнесінде ғана емес, қазақ этнографиясының алтын қазынасы іспеттес. Жазушы шығармашылығының ерекшелігі де сол этнологиялық желіні қолданылуында. Қазақ әйелдері мал бауыздамайды, естияр еркек болмағанда еркек баланың қолымен бауыздатады. Әңгімеде апасы әйел адам мал бауыздамайды деп немересіне нұсқағаны тағы бар.
Этнология дегеніміз – әлем халықтарын зерделейтін ғылым [5, 7 б.]. Әр этносқа тән белгі – олардың елеулі тұрақтылығы: әдетте олар аса көптеген жүз жылдықтар бойы сақталады. Әр этностың белгілі бір ішкі бірлігі болады, сондай-ақ, оны осындай типте пайда болған басқа барлық этностардан айырып тұратын өзгеше сипаты болады. Мұның өзінде жеке этносты құрайтын адамдардың өзіндік сана-сезімі: олардың өзара идентификациясы да (бір-біріне жақындығы да), өздері тәріздес қауымдастықтардан «біз» және «олар» дейтін антитеза формасындағы айырмашылықтары да елеулі роль атқарады [6, 5 б.]. Оралханның шығармасынан, яғни, бір ғана мысалға алып отырған «Апамның астауы» әңгімесі қазақтың өткен өмірінен мағлұмат береді. Халық тұрмысы мен мәдениеттерінен сыр шертетін әңгіме болып отыр. Жазушы «Апамның астауы» әңгімесінде әйел баласын қазақ елінің қасиеті ретінде көрсете білген. Ол қазақтың этикалық, этнологиялық, тіпті археологиялық байлығының негізін әйел бейнесімен байланыстырады.
Оралхан Бөкей - өзіндік дәстүр қалыптастырған ірі суреткер. Әңгіменің барысында «Апам менің...» деген тіркестің бес рет қайталануы - анаға деген сағыныш ғана емес, ұлттық салт-дәстүріміздің айнасы іспетті, қазақтың салт-дәстүрі мен қолөнерін жетік игерген аналарымыздың сиреп бара жатқандығы толғандырған. Автор «Адам өмірі де қаңсыған астау секілді қаңсып қалады екен-ау» деген түйінді жасайды.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Жақсыбаев Қ, Тұманбай К. Жазушы / Қ. Жақсыбаев К.Тұманбай – Алматы, 2002. – 145 бет.
2. Жұмашаева Қ, Қамшыгер С. Қазақстан жазушылары / Қ. Жұмашаева, С.Қамшыгер – Алматы, 2009. – 480 бет.
3. Оралхан Бөкей // «Әдебиет порталы». – URL: http://adebiportal.kz/pravila-polzovaniya-portalom.page/ (10.10.2022)
4. Бөкей О. Ауыл хикаялары: Әңгімелер / О.Бөкей. – Алматы, 2019. – 112 бет.
5. Артықбаев Ж.О., Қазақтың танымдық этнографиясы / Ж.О.Артықбаев – Астана, 2019. - 240 бет.
6. Бромлей Ю.В., Марков Г.Е., Этнография. Оқулық // Ю.В.Бромлей, Г.Е.Марков – Алматы, 1987. – 318 бет.
Опубликовано в сборнике: Макарьевские чтения: материалы XVII международной научно-практической конференции,
Горно-Алтайск, 23-24 сентября 2022 г. / отв. ред. В. Г. Бабин. – Горно-Алтайск: БИЦ ГАГУ, 2022. – с. 323-325.
Оралхан Бөкей шығармаларындағы этнология тақырыбы
Шерикбай Жанбота, этнолог
Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорық
070004, Қазақстан Республикасы, Өскемен қаласы
e-mail: sherikbay1997@mail.ru
Тема этнологии в произведениях Оралхана Бокея
Шерикбай Жанбота, этнолог
Восточно-Казахстанский областной архитектурно-этнографический и природно-ландшафтный музей-заповедник
070004, Республика Казахстан, г. Усть-Каменогорск
e-mail: sherikbay1997@mail.ru
Theme of ethnology in the works of Oralkhan Bokei
Sherikbai Zhanbota, ethnologist
East Kazakhstan regional architectural-ethnographic and natural-landscape museum-reserve
070004, Republic of Kazakhstan, Ust-Kamenogorsk
e-mail: sherikbay1997@mail.ru
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|