Өскеменде ХІХ ғасырдың аяғында ХХ ғасырдың басында салынған ғимараттар әлі күнге дейін қаламызға ерекше сән беріп тұр. Олар негізінен ескі қала орталығы болып саналған Киров, Горький, Мир көшелерінің бойында шоғырланған. Солардың бірін, Горький көшесіндегі 50-ші үйді (қазіргі мұражай) татар көпесі Ахтам Рафиков ХІХ ғасырдың аяғында салдыртыпты.
Ахтамның әкесі Татарстан республикасының Чистополь ауданының Мүсілім ауылынан өткен ғасырдың басында түрлі себептерге байланысты Өскемен қаласына қоныс аударған екен. Біріншіден, ол отбасын қысып бара жатқан аштықтан сақтауды ойлады. Екіншіден, ұлдары Махмуд, Мұртаза, Ахтамның болашақтарын ойлап, патшалық Ресейдің армиясына қызмет етуге жібермес үшін оларды алып кету керек болды. Үшіншіден, "Ресейдің кейбір жерлеріндегі татарларды орыс шіркеулерінде күшпен шоқындырып жатыр екен", - дегенді естіп, қоныс аударуға шешім қабылдайды да, отбасын туған-туысқандарына тастап, жаңа қоныс жерін іздеуге жүріп кетеді.
Көп жерді шарлап, көп елді көріп, ақыры Өскемен қаласына келеді. Мұнда келгенде аяғында қолдан тоқылған орыс лаптасы, мойнында асып алған жәшігі болған. Жәшіктің ішінде ине-жіп, оймақ және тағы басқа ұсақ-түйек заттар бар еді. Осы заттарды өскемендіктерге сатып, күн көріп, ақыры тұратын үйді де табады. Үш жылдан соң, Қазан жақта қалған отбасын көшіріп әкеледі. Сөйтіп, жергілікті ел қатарлы өмір сүре бастайды. Ұлдары өсіп, ер жетіп, үйленіп жеке өмір сүреді. Махмуд пен Мұртазасы орташа тұрса, Ахтамы Өскемен қаласының ең бай көпестерінің біріне айналады. Алғашында Ахтам көпес балаларды жұмысқа тарту үшін кішігірім балауыз шырақ жасайтын завод аштырса, одан кейін сабын шығаратын завод ұйымдастырады және омарта шаруашылығымен де айналысады.
ХІХ ғасырдың аяғында Пожарный көшесінің бойына (қазіргі Горький көшесі) Ахтам көпес қызыл кірпіштен екі қабатты әдемі үй салдырады. Аулаға кіретін үлкен аркалы есіктің оң жағына бір қабатты жеке сауда дүкенін ашады. Сол кезде Ахтам көпестің үйі қаладағы ең әсем ғимараттардың бірі болды. Сөйтіп, Рафиков Ахтамға бірінші гильдиялы (ең бай) көпес деген атақ беріледі. Ахтам көпестің товар айналымы ескі ақшамен он бес мың күміс Ресей ақшасына парапар екен.
Нағашы атасы туралы деректерді маған Кагарманова Мағира Мұхамеджанқызы айтып берді. Мағира әбидің өз атасы Ахмеджан Кагарманов та ХІХ ғасырдың басында Уфа қаласының маңындағы Қаһарман аулынан осы жаққа көшіп келіпті. Ол кісі де кезінде өте бай көпестердің қатарында болған. Қытайдан түйелерге тиеп мануфактуралық заттар мен шайды Өскемен қаласына, Никольск жәрмеңкесіне әкеліп, тіпті, Омбы қаласына дейін барып сатыпты. Бірде керуендері осындай сауда жолында жүргенде обаға тап болып, түйелері мен адамдары қырылып, товарларының бәрі қолдан-қолға көшіп, талан-таражға түсіп, бар байлығынан айырылып қалыпты.
Бұл күндері Мағира әбидің жасы 90-ға келіп қалды. Қазақ тілінің мамандығын алған соң, педагогикалық және медициналық училищелерде сабақ беріпті. Жолдасы қазақ жігіті Майжолов Хасенбек те ұстаз болыпты. 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, тек 20 жылдан соң ақталыпты. Екі ұлы Артур мен Ойратты өсіріп жеткізуге енесі көмектесіпті. "Ең ауыр жылдарда енем болмаса мен балаларымды осы күнге жеткізе алмас едім" , деп зор ризашылықпен енесін еске алды.
Ұлдары мектепті алтын медальға бітіріп, екеуі де Ленинградтағы политехникалық институтта оқыды. Екеуі де геологтар, профессорлар. Артуры қазір Санкт-Петербургта, Ойраты Алматыда тұрады екен.
Мағира-әби қазақ, татар, орыс тілдерін өте жақсы меңгерген маман. Бала күнінде 1914-1918 жылдары Өскемен қаласындағы Ғафар молладан арабша дәріс алыпты, сондықтан арабша да еркін жазып, еркін оқи алады. Өзінің естеліктерін үш тілде жазып жатыр екен.
Мінеки, құрметті оқырман, қаламызда салынған ескі ғимараттардың, оларға байланысты адамдардың тарихы сан қилы оқиғаларға да толы екеніне көз жеткіздік. Жоғарыдағы ғимарат қаламыздағы архитектуралық ескерткіштердің бірі, сондықтан да облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамы бұл үйге қысқаша тарихи дерек беретін тақтайша орнатса екен деп ойлаймын. Өсер ұрпақ қаламыздың тарихы жөнінде мағлұматтарды көбірек білгенге не жетсін.
Б. Құмарова
Дидар, 04.06.1996 ж.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|