Қазақ халкының қол өнері ежелден-ақ кеңінен дамыған. Ел арасында кең тараған қол өнерінің бір түрі - кесте тігу басқаларымен салыстырғанда бертінге дейін сақталған.
Қазақ халқы көшпенді өмір сүргендіктен күнделікті тұрмыста ыңғайлы болу үшін аяқ қап, қоржын, киім сақтайтын қап және т.б. мүліктер жасап, олардың беттерін ұлттық үлгімен оюлап, әсем безендірген екен.
Кейбір үйлерде әлі күнге дейін ежелгі өнердің куәсі - кестелі жастық тыстары, төсек жапқыштар, асжаулық сүлгілер сақталып келеді.
Кестемен, әсіресе, әйелдер мен ерлердің ұлттық киімдері безендірілген. Кестенің әсем нақыштары көйлектердің желбірінде, белдемшелердің өңірінде болады. Сондай-ақ, сәукеле, кимешек, тақиялар да кестеленеді. Кестені киізге, мақпалға, пүлішке жібек, шұға жіптермен тіккен.
Қазақтың ісмер әйелдері кестелеу кезінде дөңгелек немесе төрт бұрышты кергіштерді қолданған. Олардың мөлшері кестеленетін заттың мөлшеріне қарап әр қалай болып келеді.
Қазақ кестесінің бірнеше түрі бар. Ол, біріншіден, тамбур тәсілді кесте (тамбурный шов), жалпы халық тілінде "біз кесте" деп аталып кеткен, екіншісі, баспа тігіс (гладь), үшіншісі оқалап зер салу көп тараған.
Кесте кестелеуде көбінесе өсімдік тектес ою-өрнектер, табақтар (розетки), геометриялық және космогониялық ою-өрнек түрлері жиі қолданылады. Жіптердің түр түстері белгілі бір мағынаны білдірген екен. Мәселен, қара - Жер ана белгісі, қызыл - от пен Күннің, жасыл -- көктем мен жастың белгісі. Көк -- көк әлем белгісі, ақ - бақыттың, ақиқаттың белгісі, сары - ажырасудың, мұңның, қайғы, қасірет белгісі екен.
Сондықтанда кесте тігерде шеберлер үшін жіптің түрін таңдап алудың зор маңызы болған. Осы күні музейлерде сақтаулы кестелерге зер салар болсақ, бізге есімдері белгісіз шеберлер белгілі бір түстегі жіпті таңдап алу арқылы өзі өмір сүрген дәуірдің үнін өте бай композициялар арқылы жеткізе білген.
Үлкендердің айтуына қарағанда, бұрынғы кезде тұрмысқа шыққан қыздар өз хал-жағдайы жөнінде хабарды әке-шешесіне кестелі орамал жіберу арқылы білдірген екен. Егер орамал қызыл жіппен кестеленсе, оның әке-шешесі бұл хабарға өте қатты қуанып, барған жеріне риза болған. Өйткені, қызыл жіп қуанышты, шат көңілді, бейбіт өмірді білдіреді де, ал сары жіп - керісінше, уайым-қайғының белгісі болғандықтан қыздың әке-шешесін сағынып жүргендігін білдірген.
ХҮШ ғасырда Россиядан ауып келіп қоныстанушы орыстар (старообрядцы -- "поляки") қазақ халқымен көршілес өмір сүру барысында бір-бірінің мәдениетіне, қол өнеріне әсер берді. Орыс ісмерлері қазақ әйелдерінен кестенің, ою-өрнектің түрлерін үйреніп, сүлгілерге кестелепті. Ал, кейбір кезде олар кестеленген маталарды қазақтардан сатып алып, не болмаса айырбас жасасып, әлгі кесіндіні өз орамалдарының шетіне тіккен екен.
Қазақ халқы қол сүртетін сүлгіге, беторамалға, асжаулыққа кестемен өрнек салған. Әсіресе, қонаққа ұсынар сүлгілерге ерекше зер салып, әсемдеген.Тек, тігілген кестесімен ғана емес, жасалуы жағынан да ерекшеленеді. Мәселен, қазақ сүлгілері негізінен екі бөліктен тұрған: "сабы", "алақаны". "Сабы" дегеніміз ортаңғы бөлігі, "алақаны" - екі жақ шеті. Осы көне өнерді атадан балаға мирас етіп келе жатқан шеберлер облысымызда көптеп саналады. Солардың бірі -- Катонқарағай ауданы Парк селосының тұрғыны Күлсін Ахмадиева былай дейді: "Сүлгінің "алақан" деп аталған бөлігін жібек жіппен кестелегенбіз. Одан кейін "алақанның" шетіне басқа матадан желбір, немесе шілтер тоқып тігіп қоятынбыз". Бұл күндері облыстық этнографиялық музей қорында отызға жуық кестелі сүлгі түрлері бар. Бұл, әрине, өте аз.
Иә, қазір өткенді жаңғыртып, ұмыт бола жаздаған өнерлерімізді еске түсіріп жатырмыз. Облысымыздың жер жерінде алаша, ши тоқып, киіз, текемет басып, сырмақ тігумен айналысатын жандар баршылық. Бірақ кесте тігу өнері әлі де қалыс қалып отыр. Сонау Ұлы Отан соғысының отты жылдарында сүйген жарларына деген сағыныштарын ақ жібек орамалдарға кестелеп аялаған әз аналар осы күні әлі бар арамызда. Солардың өнерін немере - шөберелері үйреніп, мұра қылып алып қалса, нұр үстіне нұр болар еді.
Б. ҚҰМАРОВА
Дидар.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|