Менің оқырмандармен таныстырайын деп отырған адамым Меньшиков Виктор Сергеевич. Ол кісі Воронеж облысының Анна деген ауылында 1926 жылы қарапайым жүмысшы жанұясында туады. Өзінен кейін екі інісімен үшеуі жастай шешелерінен айрылып, көптеген қиыншылықтарды бастарынан өткерген. Әкесі Сергей Васильевич балаларын тәрбиелеуге көп көңіл бөле алған жоқ, өйткені ол "кулактың баласы" деген атпен өкімет тарапынан қуғында болған. Осылайша бірде өгей шешенің тербиесінде, енді бірде туыстарында, не болмаса құдайға қараған адамдардың көмегімен балалық шағын өткерген. Аштық пен жалаңаштықта өссе де кішкентай Виктор өте зерек және тапқыр бала болып өседі. Мектепке сегіз жасында келгенде өзінің құрбыларынан бұрын оқу мен жазуды үйреніп алған екен. Алтыншы сыныпты бітірген соң Воронеж қаласындағы кәсіптік училищеге оқуға түсіп, үш-ақ ай оқып үлгереді, өйткені қаланы неміс фашистері жаулап алған еді. Кейіннен, қала фашистерден босатылған соң, осындағы ФЗУ-ға (фабрично-заводское училище) түсіп, осы оқу орнынан Воронежді соғыстан кейін қалпына келтіру жұмысына қатынасады.
Ал, 1944 жылдың ақпан айында Виктор Сергеевич әскер қатарына шақырылып, 5-ші бөлек запастағы саперлер полкына жіберіледі. Осы арадан әскери киімдерімен қоса қажетті заттарын салатын дорбасын да алады.
Жуықта осы кенеп (брезент) дорбасы мен екі фотосуретін Виктор Сергеевич облыстық этнографиялық мұражайдың қорына өткізді.
Үш ай бойы Виктор Сергеевич 5-ші полкте минерлық әскери мамандыққа тәлім алып, сонан соң майданға аттанады.Алғашқы ұрысты Белоруссия жерінде қабылдап, кейіннен Польшаны, Варшаваны неміс-фашистерден азат ету ұрыстарына қатынасады. Ұлы Отан соғысындағы ең маңызды операциялардың бірі -- Висла-Одер шайқасы мен Берлинді азат ету ұрыстарына да қатынасады. Отан соғысындағы ерліктерін Виктор Сергеевичтің омырауындағы жарқыраған ордендері мен медальдары құптайды.
Соғыс совет армиясының жеңісімен аяқталып, жауынгерлер үйлеріне оралса, Меньшиков В.С. әскери борышын әрі қарай Берлиннің маңындағы Потсдам қаласында бес жыл жалғастырады. Сонымен, оның әскери қызметі тек 1951 жылы аяқталады.
1952 жылы Леся есімді әдемі украин қызын кездестіріп, үйленеді. Өз жеріне оралып, Воронеж облысының темір жол стансасындағы вагон жөндеу зауытына слесарьлық жұмысқа орналасады. Алайда, тапқан табысы жетпейтін болғандықтан майдандас жолдасымен Алтай өлкесіне келіп, Колывань кентіне жұмысқа орналасады. Жұмыс істей жүріп кешкі мектептен он жылдық білім алады да, 1958 жылы Барнаулдағы ВЮЗИ-дің ( Всесоюзный юридический заочный институт) филиалына оқуға түседі
1960 жылы Колывань кенті жабылып қалады да Меньшиковтар жанұясы тағы да қоныс аударуға мәжбүр болып, Өскемен қаласына көшеді. Мұнда ол титан-магнии комбинатына жұмысқа тұрады. Бірер жылдан кейін, жоғары білімді заңгерлік мамандығын алған соң, оны облыстық прокуратураға прокурордың аға көмекшілігіне жұмысқа шақырады. 1970 жылдан 1991 жылға дейін Шығыс Қазақстан облыстық сотының қызметіне ауыстырылып, соттың коллегия мүшесі болып істейді.
Қажымас қайратты, еңбекқор Виктор Сергеевич заңгерлік саласында қызмет ете жүріп, облыстық, республикалық, бүкілодақтық басылымдарға көптеген мақалаларын жазған екен. Екі рет "Социалистическая законность" журналының конкурсына қатысып, лауреат атанады. Бүгінгі күнге дейін алты кітабын жазса, барлығы алты жүз мақала, елу әңгіме әртүрлі тақырыптарға жазылған екен. "Қазақстан" баспасынан 21 000 данамен "Как велит закон" атты кітабы да басып шығарылған.
Виктор Сергеевичтің тағы бір сүйікті жұмысы бар. Ол сурет салу. Бұл өнермен ол кісі тек зейнеткерлікке шыққан соң айналыса бастапты.
Бірде қаладағы өнер мұражайынан жергілікті суретшіледің жұмыстарын көріп, қатты әсер алады да кезінде сурет пәні мұғалімінің "сенен мықты суретші шығады" -- деген сөздері есіне түсіп, сурет салумен айналысуға бел байлайды. Алғашқы суретін салып болған соң өз жұмысына өзі қызықтай қарап, іштей өкінгендей болып қалады. Бұдан былайғы жерде бос уақытының бәрін өлкеміздің табиғат әсемдігін қыл қаламмен қағазға түсіруге арнайды. Аз уақыттың ішінде Виктор Сергеевичтің суреттері жоғары деңгейге жетіп, қалалық, облыстық көрмелерге де қойылып, кейбір суреттерін Ресей мен АҚШ-тан және тағы басқа елдерден келген коллекционерлер сатып алыпты. Бірқатар суреттерін туыстары мен достарына сыйласа, жақсы бір суретін еліміз Президентінің әкімшілігі ғимаратына сыйға тартыпты. Қазір тағы да жүзден аса суреттерін жеке көрмеге қоюға дайындау үстінде.
Мінеки, құрметті оқырман, өмірдің ащы-тұщысын қайсарлықпен жеңіп, еңбек етуден жалықпайтын сегіз қырлы бір сырлы адамымыз Меньшиков Виктор Сергеевич. Өздеріңіз білгендей, ол -- әрі майдангер, әрі заңгер, суретші де публицист.
Б. Құмарова
Журнал "Простор", 2005, сентябрь
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|