Қазақ халқының ұлттық киімдері өзінің қарапайымдылығымен, үйлесімділігімен, жүріп-тұруға ыңғайлылығымен ерекше. Мұның өзі тұрмыс қажетінен, басым көпшілігі көшпелі өмір сүрген көлік үстіндегі іс-қарекетінен туған жағдай. Ерлер мен әйелдердің сырт киімдері көбіне кең түрде пішіліп, жоғары жағына бір түйме тағып, не болмаса мүлдем түймесіз айқастырылып, сыртынан белбеумен (кей жерлерде құшақ делінеді) байланыпты. Ол былғарыдан, бархаттан, жібектен немесе жүннен тоқылып жасалған. Ежелгі белдемелердің бір түрі кісе белбеулер. Олар көннен жасалыпты. Көн - жылқы, сиыр және серке терілерінен иленген қалың былғары, соны халық "көн" деп атайды. Одан белбеу, тоқам, тебеңгі, жағланмен қатар етік, мәсі де тіккен.
Кісе екі қабатты былғарыдан тігілетін болған күміс, жез үзбелермен безендіріліп, ұзындығы 130-200 сантиметр, көбінесе 150 сантиметр, ал ені 2,5-3 сантиметрге жетіпті. Оның екі басына қапсырма салып, кейде бір ұшын екінші ұшына өткізіп бекітетін тесіктер жасаған. Оқ-дәрі, қару-жараққа қажетті басқа да ұсақ-түйек саймандар салу үшін былғары қалта, оқшантай, кішкене сопақша дорба және пышақ не болмаса қанжар салу үшін қынап тағылған. Ол қазақтардан басқа башқұрт, тува, монғол, якуттарда да кездеседі.
ХVІІІ ғасырдың аяғы ХІХ ғасырдың басындағы зерттеушілер кісе белдіктерді қазақ батырларының, аңшы мен малшыларының киімдерінің негізгі деталі деп келсе, кейіннен қазақ халқының тұрмыс салтының өзгеруіне байланысты кісе белбеуді ауқатты адамдар салтанат күндерінде буынуға жасапты. Заман өткен сайын, олардың сырт пішінінде де өзгерістер болып, қалта мен басқа салпыншақтар жасалып, тек сәндік роль атқарған екен.
Біздің облыстық этнографиялық музей қорында кісе белбеудің үш түрі бар (КП - ІХ - 17296; КП - ХІ - 18468; ШК - ХХІV - 8606). кп - ІХ - 17296 белбеуді 1986 жылы семейлік Орынғали Тұрсынов Мұқанұлы өткізген. Белбеуді Орынғалидың атасына жақын туысы қайтыс болған соң беріпті. Белбеу қалың екі қабатты былғарыдан жасалған, ұзындығы 160 сантиметр, ені 3 см. Сыртқы былғарының екі шеті бетіне келтіріліп, ол бір-біріне 0,3 см. жетпейтіндей етіліп тігіліп, бетіне алтын жалатылған төрт түрлі формадағы әшекейлер тағылған. Белбеудің екі шеті қажырмаланған, оң жағындағы қажырма ең ұшында ілмекке айналады. Қажырмалар бетінде өте ұсақ оймыш өрнек жасалып, кішігірім екі-екіден төрт қызыл тас орнатылған. Белбеудің үшкілдеу келген қалтасы, пышақ салатын қыны және оқшантай орнына сәндік үшін ромбы тәріздес формадағы қос салпыншақтар жасалған. Олардың да беттеріне алтын жалатылып, оймышталынып тас көздер салынған. Әсіресе, қалтаның бетіндегі әшекейлер өте тартымды. Оның дәл ортасына інжу тас орнатылып, жан-жағы күміспен ширатылған, бетінде екі түрлі формадағы үшкіл әшекей қалыптау негізінде жасалған. Олардың жалпы саны 12. Белбеу қажырма ілмегін тесікке (4 тесік жасалған) кіргізу арқылы киіледі.
ХІХ ғасырдың аяғында жасалған тағы бір кісе белбеуді (КП - ХІ - 18468) Зайсан ауданының Жамбыл селосының тұрғыны Ұлы Отан соғысының ардагері Жақсықан Жақыпов ақсақал 1988 жылы музей қорына сыйға беріпті. Ол кісі 1905 жылы туған. Белбеу Жақсықан атайдың әкесі Жақып Бекболатовтан қалған екен.
Бұл белбеу де екі қабат былғарыдан жасалған, ұзындығы 150 см, ені 3 см. Белбеудің сыртқы беті тозғандықтан, үстінен қоңыр түсті қайыс тігіп қойыпты. Бетінде әшекей жоқ, екі шеті қажырмалы, оң жағындағы қажырма ілмекке айналады. Сол жағында ол үшін бес тесік жасалған. Қажырма беті мен қалтаның, қынның бетіндегі күміс әшекейлер мүйіз өрнегімен оймышталынған. Оқшантай орнындағы салпыншақтың бетінде үш жапырақты гүл тектес бес әшекейлер күмістен жасалыпты. Қалтасы үлкен және кіші қалтадан тұрады, үстіңгі жиегі мәшін тігісімен сырылған.
Үшінші кісе белбеудің (ШК - ХХІV - 8606) өкінішке орай тарихи деректері жоқ. Ол 1975 жылы Лениногор қаласының тарихи-өлкетану музейінен беріліпті. Белбеудің сол жақ шеті үзіліп қалғандықтан, ұзындығы 124 см, ені 2,7 см, былғарысы жұқалау келген екі қабатты, тігін машинасымен тігілген. Қалыптама негізінде белбеуге төрт түрлі формадағы 16 әшекейге алтын жалатылған. Қажырмаларына да алтын жалатылып, оң жағынан ілмек, ал сол жағында ол үшін төрт тесік жасалыпты. Қалтасының бетіне сыңар мүйізді оймыш жасалып, әр бұрышына қалыптама негізінде 6 әшекей тағылған да, дәл ортасына үлкен қызыл көзді тас орнатылған. Оқшантай орнында, сопақтау келген қос жалған салпыншақ бар.
Музей қорында кіседен басқа күміс белдіктер де бар. Мысалы, ХІІ - 3509 белбеуді 1978 жылы Бейсетев Қайырды Қапезұлы өткізген екен. Оған әкесі Қапез "әкем Ахмадидан қалған көз" деп қалдырыпты. Қапез ата 1904 жылы Есенгелді ауылында туып-өсіп, 1960-шы жылдары Ұлан (Шымқора) селосына қоныстанған екен. Көріп отырсыздар бұл күміс белбеуге бір ғасырдай уақыт болып қалыпты. Белбеу қалың екі қабат былғарыдан жасалған, ұзындығы 150 см, ені 3 см. Күмістелген әшекейлері өте көп, көзге өте тартымды көрінеді. Екі жақ шетіндегі қажырмаға иректеліп қара ала жүргізілген, оң жағында ілмек, сол жағында 4 тесік жасалған. Қалыптама негізінде 3 түрлі формадағы әшекейлер жасалған. Біріншісі, қарама-қарсы орналастырылған қос мүйіз (жалпы саны 38, оның 4-уі жоғалып қалыпты). Екінші, әшекей сопақша келген 8 жапырақты гүл жалпы саны 8 болған, 3-і жоғалыпты. Үшіншісі, көп жапырақты дөңгелек гүлдің ішінде екі шеңбер жасалған, біреуінің шетіне ұсақ сызықтар жасалса, дәл ортасында қаралау техникасымен төрт жапырақты гүл жасалыпты. Ал, ШК - ХVІІ - 5662 белбеуді салтанат күндеріне кию үшін, күміс теңгелерді балқыту арқылы ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында Жасыт Үсібетов жасаған. Ол кісі 1901 жылы Сібе өңірінде туып-өсіп, колхозда 40 жыл ұста болып еңбектеніпті. Жасыт ақсақал ат әбзелдері, күміс белдіктерден басқа, білезік, сақина, сырғаларды да жасаған көрінеді. Күміс белдіктің екі шеті қажырмалы, оң жақ қажырмасына арабша өз есімін жазыпты, ұзындығы 140 см, ені 3,5 см. Оң жағындағы қажырманың ілмегі үшін төрт тесік жасалыпты. Екі қабатты былғарының бетіне ені 1,5 см. жұқа қайыс тігіліп, оның үстіне үш түрлі формадағы 15 күміс әшекейлер тағылған. Әшекейлер қалыптау негізінде жасалған, оның бірі ұзыншақ формалы , бетіне дөңгелек және сызықшалар түсірілген. Барлығы 11, оның үшеуі жоғалған екен, екіншісі дөңестеу шаршы бетіне төрт жапырақты гүл жасалған да, сыртына ортасынан жарты шеңбер жасалған, мұндай әшекейдің екеуі ғана сақталыпты. Ал үшінші әшекей найзаның ұшына ұқсас, бұдан да екеуі сақталыпты. Айта кету керек, соңғы екі күміс әшекейлер (квадрат пен найза ұшы) ШК - ХХІV - 8582 белбеудегі күміс әшекейлерге өте ұқсайды. Айырмашылықтары мынадай: квадрат бетінде гүл жоқ және найзаның ұшына үқсас әшекейдің жан жағы болар болмас жолақталған, ішкі жағы тура ойық болып жасалған. Сонымен қатар 12 ұзыншақ келген екі жағы мүйізшеге айналған әшекейі бар. Бұл белбеудің ұзындығы 185 см, ені 4,5 см, екі жағы қажырмалы, оң жағында ілмек, ал сол жағына 6 тесік жасалған. Бұл белбеудің де тарихи деректері жоқ, кезінде бұл да Лениногор тарихи-өлкетану музейінен берілген екен.
Музей қорындағы тағы екі белбеудің КП-VІ- 15624 пен КП-ХІХ -20797-нің әшекейлері бір-біріне өте ұқсас. Екеуі де қажырмалы , оң жағында ілмек, сол жағында 6 тесік бар. Әшекейлері екі түрден тұрады, бірі дөңестеу келген көп жапырақты свал, (біреуінде 15, екіншісінде - 8), екінші әшекей қалыптау негізінде дөңгелектің екі жағына тігінен үш жапырақты гүл тектес әшекей жасалған. (31,25). Алғашқы белбеуді, (КП - VІ - 15624) Таврия селосының тұрғыны Сыбанбаев Алтай Жәкенұлы 1984 жылы туыстарынан алып музейге өткізіпті, ал істеген шебер жөнінде ештеңе білмейді екен.
Сөйтіп, жоғарыдағы салыстыруларды ескере отырып, біздің өлкемізде тараған бедбеулердің қандай болғандығын анықтай аламыз. Олардың қажырмалары мен әшекейлерінің формасы мен бетіндегі өрнектерін қарастыра отырып , шеберлер бір бірімен байланыс қатынаста болғандығына көзіміз жететін сияқты.
Сонымен қазақ халқының кісе белбеулерін әрбір азамат өткен ғасырларда таққан екен, өйткені ол батырдың да, малшының да, аңшының да сырт киімдерінің біріне жатты. Тек қана ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында ол сәндік роль атқарып, салтанат күндерінде киіліпті. Музей қызметкерлерінің міндеті музей қорындағы белбеулер коллекциясын көбейту, оны зерттеу және еліміздегі әр азаматқа көне дүние ретінде жеткізу. Ал, бұл үшін сіздерден сұрайтынымыз ата-бабаларымыздан қалған заттарды жоғалтпай , тарихи деректерін сұрастыра жүріп бізге тапсыруларыңызды өтінеміз. Музей - халық қазынасының, байлығының ортасы, яғни тікелей иесі өздеріңіз боласыздар.
Б.Құмарова
Дидар.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|