Қазақ халқының музыка өнерінде өмірдің сан қыры көрініс тапқан. Тарихи оқиғаларды қозғайтын, қайғы мен қуанышты, ірі мен ұсақты тілге тиек ететін халық әншілері мен күйшілері өз замандарының шежірешілеріне айналған. Олардың әндері, аңыздары, жырлары мен күйлері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ғасырлардың терең қойнауынан біздің заманымызға дейін жетті. Қазіргі уақытта музыкалық аспаптардың 25 түрі белгілі.
Көне замандарда үрмелі аспаптар белгі беру үшін ғана қолданылған, сондықтан ойнайтын саңылау тетіктері жоқ. Балшықтан жасалған аспаптар құс, аң, балық пішінінде болған. Көрмеге қойылған саз сырнайлар белгілі бір музыкалық қатардікі: "ля","си-би-моль","соль" қатары. Ертеде мұндай аспаптармен халық әндерін орындаған, оларда көбінесе балалар ойнаған.
Қурайдан жасалған сыбызғы ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін жаппай тараған. Біздің кезімізде халық сыбызғышыларын тек Шығыс Қазақстанда ғана кездестіруге болады. Алтай өңірі қазақтың музыка мәдениетіне сыбызғышылардың бүкіл бір шоғырын және Шерубай негізін салған сыбызғышылар мектебін берді. Оның сыбызғыда 62 күй шығарғаны белгілі.
Домбыра пішіні жағынан ұзынынан бөлінген алмұртқа ұқсас. Шанағының ұзындығы 30 сантиметрден сәл асады, мойны 90 см-ге дейін. Домбыралар екі ішекті және үш ішекті болады. Үш ішектілер Орал және Семей облыстарында кездеседі. Көне домбыралар шанағы жалпақ немесе үш бұрышты да болған, оларды тал мен қарағайдан жасаған, ал түйенің жіліншік және жамбас сүйектерімен жозылаған. Ескі домбыралардың ішектері ешкі немесе қой ішегінен жасалған. Батыс Қазақстанның аспабы дөңгелек келген үлкен шанағымен ерекшеленеді, онда 12-14 перне болады, шығысқазақстандық домбырылардың шанағы жалпақ, 7-8 пернелі келеді.
Музыкалық аспаптардың ішінде қобыздың алатын орны ерекше. Бұл аспаптың ежелден екі түрі болған: діни-сиқырлық ғұрыптарда қолданылған бақсы қобызы, батырлық жырларды орындауға арналған жырау қобызы.
Алтай жерінің керемет қобызшысы – Қойлыбай бақсы өзінің күй сарындарымен бақсы ретінде жараны ғана жазып қоймай, ең әуелі нұр, ақыл, күш бере отырып жан дүниелерді сауықтырған. Қазақ жыршы-ақындары суырып салмалық өнерлерімен дараланған, өз өнерлерін жыр сайысы – ақындар айтысында ортаға салған.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|