2015 жылғы 10 сәуірде қолөнершілер бұйымдарының республикалық «Шебер» конкурсы жеңімпаздарының көрмесі ашылды, ол Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылған болатын. Көрме Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық мұражай-қорығының М.Горький көшесі, 59 мекенжайда орналасқан ғимаратында өтіп жатыр.
Қолөнершілердің республикалық «Шебер» конкурсына Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнер шеберлері бірнеше жыл қатарынан белсенді түрде қатысып жүр. Өзіндік ерекшелігі бар бұл конкурс 2009 жылы «Қазақстанда қолөнердің дамуы және халықтық көркемөнер кәсібінің жандануы» бағдарламасының аясында ұйымдастырылып, оны «OUR HERITAGE» қоғамдық қоры мен «Шеврон» компаниясы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен, ЮНЕСКО-мен және АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшілігімен бірлесіп өткізуде.
Көрмеге қолөнершілердің «Шебер» конкурсы (2010-2014 жж.) жеңімпаздарының жұмыстары қойылған, олар Қазақстанның түрлі қалаларында (Астана, Атырау, Қызылорда) және шетелдерде (Франция, АҚШ, Үндістан) көрсетілді.
Көрмеде бірегей еңбектерді, жоғары көркем туындыларды көру мүмкіндігі беріліп отыр: зергерлік бұйымдар, киізден, матадан, ағаштан, сүйектен жасалған заттар, түскиіздер, киімдер және басқалар бар.
Шеберлер өз бұйымдарында ата-бабаларымыздың асқан дәлдікпен әрі шеберлікпен ойлап тапқан көне технологиялары мен техникаларын қайта жандандырып қана қоймай, сонымен қатар материалдық мәдениеттің кейбір дүниелерін өмірге қайта оралтуда.
Конкурсқа қатысушылар өз жұмыстарын бірегей етіп жасауға тырысқан. Өздерін суреткер ретінде таныта білуде, сөйте тұра, өз халқының дәстүрлеріне және жоғары шеберлікке адал болып жүр. Бұл орайда ұлттық дәстүрлі бұйым жасап қана қоймай, олардың қазірде пайдаланудан қалған мәнін оралтып, пәлсапасына жан бітіру жолында үлкен іс тындыруда. Назарға ұсынылған жұмыстар осының дәлелі.
Конкурс бүгінде ісмерлердің арасында кең танымалдыққа ие болды әрі мәдениет саласында жылдың ең асыға күтетін оқиғаларының біріне айналды. Конкурс жеңімпаздары шетелдердегі қолөнерлік іс-шараларға қатысуға арналған жолдамалармен марапатталады.
Конкурсқа қатысушылардың географиясы кеңейді, мұнда іс жүзінде бүкіл Қазақстан көрініс тапқан. Конкурс жеңімпаздары мен финалға шыққандардың арасында біздің де дарынды жерлестеріміздің бар екенін мақтанышпен айта аламыз. Бұлар – шебер Г.Қожамжарова, В.Переверзев, А.Оразғалиев және басқалар.
Көрме 2015 жылғы 28 мамырға дейін істейді.
Фотосурет Алексей Мазницин мен Виктор Корждікі