2013 жылғы 12 сәуірден бастап «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында мұражай-қорықтың ғимаратында (Қ.Қайсенов көшесі, 67) Астана қаласындағы Алтын және бағалы металдар мұражайының қорынан «Сақ қорғандарының қасыл қазынасы» атты көрме жұмыс істей бастады.
Алтын және бағалы металдар мұражайы ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан бері жәдігерлер мен құнды артефактілерді бас сақтаушы болып табылады.
«Сақ қорғандарының қасыл қазынасы» көрмесінде екі «Алтын адам» мен Есік және Шілікті қорғандарынан табылған ертедегі көшпенділер дәуірінің бірегей зергерлік бұйымдары мен заманауи зергерлік өнер шеберлерінің этнографиялық коллекциялары, кереметтері назарға ұсынылған.
Алматыға таяу жерде орналасқан Есік қаласының маңындағы қорғанда 1969-70-ші жылдары табылған «Алтын адам» алтын киімді сақ жауынгері болып есептеледі. Ол шамамен – 18 жасар. Қазба жұмыстарына археолог ғалым Кемел Ақышев басшылық жасаған еді.
Зираттан ертеде бас киімге, киімге, аяқкиімге және қаруға тағылған, табақ алтыннан жасалған төрт мыңнан астам әшекей, сондай-ақ алтын жүзіктер және алқалар, күмістен, керамикадан, қола мен ағаштан жасалған түрлі ыдыстар табылды.
2004-2006 жылдары тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаевтың бақаруымен жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Шілікті қорғанында тағы бір сақ «Алтын адам» табылды – ол ақсүйек әулет өкілі деп саналады.
«Алтын адам» Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы Шілікті аңғарынан табылған болатын. Зайсан ауданының аумағында 200-ге таяу ірі қорған бар, олардың 50-і «патша»қорғаны деген атаққа ие.
Шілікті қорғанындағы патша жерленген моланың ашылуы ХХІ ғасырдың археологиялық сенсациясына айналды және де патша жерлеуінде табылған сүйектер үшінші «Алтын адам» ретінде қабылданды.
Бұл Қазақстанның солтүстік далалық белдеуіндегі ең ежелгі «патшалық» қорған және Еуразия аумағындағы ең көнелердің бірі болып табылады.
Жалпы алғанда, скиф-сақ дәуірі бізге номадтардың көшпелі өркениетінің негізін қалаған мәдениеттің көрнекті ескерткіштерін қалдырып кетті. Сақ қорғандарының асыл қазынасы халқымыздың ежелгі бай мәдениеті, дәстүрі, өнері мен тәуелсіз Қазақстанның қазіргі жарқын күні арасындағы өзіндік бір көпір іспеттес.