«Ақ бауыр» ғибадатханасының шекараларын айқындауға байланысты мәселе осы уақытқа дейін анықталмаған. Керісінше, Қоржынбай тауының батыс беткейінде орналасқан археологиялық ескерткіштер көбірек зерттелген. Ғибадатханаға келетін болсақ, оның солтүстік шекарасын Сағыр бұлағының оң жағасы бойымен Ұранхай өзеніне құйылысына дейін, оңтүстігін - Майтбас өзенінің аңғары мен оның Ұранхай өзеніне құйылысына дейін және Сарыжон тауының солтүстік беткейі бойындағы шатқалдың Шөже өзенінің аңғары бойы аралығымен, Шығыс шекарасын – Коржынбай тауы мен Алдай шатқалы, батысын – Айыртас шоқысы мен Қарасай бұлағының Сібе өзеніне құятын жеріне дейінгі аңғардағы шатқал бойынша болжамды түрде межелеуге болады.
Аталған аумақта петроглифтері бар бірнеше жерлер анықталды. Суреттер гранит, немесе сланец жыныстарда көлденең беткейде де, сондай-ақ тік беткейлерде де орналасқан. Топтасқан петроглифтер бірнеше километрге созылған үлкен аумақты алып жатыр. Техникалық суреттер қашап та, қырнап та тіпті тырнап түсірілген. Кейбірінің пошымы бүтіндей қырнап түсірілсе кейбірінің сұлбасы ғана соғылып түсірілген. Жекелеген бейнелер, жануарлар мен антропоморфты пішіндерден тұратын көпфигуралы композициялар кездеседі. Жұдырықтасу немесе шоқпарласу сахналары, салт аттылар бейнеленген, құнарлылық пен аңшылыққа табынуға байланысты сахналар, салт-жоралғылық сюжеттері бар композициялар тартымды көрінеді. Кейде мұны бірден байқау әрі композициялар мен жекелеген белгілерді ажырату қиынға түседі.
Хайуанаттар пантеонында тауешкінің бейнелері басым, кербұғы мен түйе, қасқыр қуып келе жатқан жылқы үйірі, шөпқоректі жануарларға жыртқыштардың шабуыл жасаған сахналары мен басқалар кездеседі.
Үш кезең: қола, ерте темір заманы мен орта ғасыр дәуірлерінің суреттері хронологиялық түрде бірден көзге түседі.
< Осының алдындағы |
---|