Облыстық этнографиялық музей-қорықта өскемендік суретші Альфия Мухамедьянованың «Көктемнің сұлу сиқыры» атты көрмесі ашылады.
Альфия Мухамедьянова пейзаж, портрет, натюрморт және абстрактілі композициялар салады. Оларды салу үшін кенеп пен қағаз, акварель, тушь, май, қарындаш сияқты көптеген техникалар мен материалдарды қолданады. Альфия бейнелеу өнерімен бала кезінен айналысты, Өскемендегі балалар көркемөнер мектебінде, С. Артеменконың сәулет студиясында білім алды. Оларда алған білімін кейіннен Грециядағы Өнер академиясында шыңдады.
А. Мухамедьянова – Ресей халықаралық акварельшілер одағының (UWR (Union Watercolor Russia) және Қазақстан халықаралық акварельшілер қоғамдастығының (International Watercolour Society (IWS) Kazakhstan) мүшесі. Оның шығармашылығы республикамыздан тыс жерлерге де жақсы таныс. Ол Тайбэеде (Тайвань), Китода (Эквадор), Алуштада (Қырым), Мәскеу мен Санкт-Петербургте (Ресей), Афинада (Греция) және басқа да көптеген жерлерде өткен халықаралық көрмелерге қатысқан.
Өнертанушылардың пікіріне қарағанда, Альфия Мухамедьянова өз картиналарында нақты бір оқиғаларға ерекше ден қояды, тіпті, ұсақ детальдарды назарынан тыс қалдырмайды. Оның графикасы аса шынайы болса, ал акварельдік жұмыстары бояуларды нақпа-нақ табуымен таңғалдырады. Өйткені, оларда сан түрлі бояу үйлесімділік сипат алып отырады. Суретші полотноларындағы жарық пен көлеңкенің ойыны жақында ғана Мәскеуде ашылған «Белое» атты көрмені ұйымдастырушылардың ерекше назарын аударды. Онда біздің жерлес суретшінің «Миллион алқызыл раушан» атты картинасы қойылған.
Альфия Мухамедьянова біраз жылдан бері үш жастан асқан балалар мен ересектер көркемөнермен айналысатын «Бірге шабыттанайық» атты өзінің меншік студиясына жетекшілік етіп келеді. «Суретші болу, - дейді Альфия, - адамға берілген ерекше сый, тағдыр және бақыт». Ол қарапайым дүниенің өзінен өзгеше бір ерекшелік пен әдемілікті тауып алады және соларды дүниеге әкелу арқылы өзгелерге ерекше көңіл күй мен салқар сезім сыйлайды. Суретшінің 50 -ден астам жұмысы қойылатын «Көктемнің сұлу сиқыры» атты көрме 2 наурыз күні сағат 16.00-де М. Горький көшесі, 59 мекен-жайындағы көрме залында ашылады.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі
Суретті түсірген Алексей Мазницы
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|