2018 жылғы 27 сәуірде Солжағалық кешеннің Үлкен павильонында музейдің «Ең бастысы дарындылық туралы» атты ұзақ мерзімді жобасы аясында Сергей Суровтың «Менің қасиетті өлкем» атты фотокөрмесі ашылады.
Сергей Суров – Ленинград кино инженерлері институтының түлегі (2014 жылдан бері – Санкт-Петербург мемлекеттік кино және телевидение институты). Ол аталған оқу орнын тәмамдаған соң екі жыл Өскемендегі облыстық телестудияда кино инженері болып істеп, көп ұзамай операторлық қызмет атқарды. Облыстық телевидениеде еңбек еткен 21 жыл ішінде ол көптеген бейнетүсірілімдер де жасады. Сондай-ақ, сан саладан түсірген суреттерін облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттеріне жариялап жүрді. Қай салада да тек еңбекқорлығымен танылған ол «Мир» телекомпаниясы арқылы өлкеміздің жақсылығын паш ете білді. Аталған телекомпанияның Өскемен қаласындағы тілшілер қосыны жабылған соң «Рудный Алтай» газетінде істеді. Сергей Суров қазірде музей-қорықта маман-фотограф болып қызмет етуде.
Сергей Суров ресейлік фотограф және журналист Василий Песков пен Юрий Ростты өз шығармашылығының дамуына ерекше ықпал еткендер қатарына жатқызады. Жалпы оның қолынан шыққан фоторепортаждардың басты тақырыптары адамдар мен өскен өлкенің табиғаты болып табылады. Ал бұл күнгі көрмеге қойылатын суреттер – оның көптеген жылдар бедерінде түсірген дүниелері. Ол кадр көмегімен қызықты дүниелерді, нақтылап айтқанда, әдемілік атаулының барлығын сурет арқылы «сөйлетеді».
«Менің қасиетті өлкем» атты бұл көрмеге Сергей Суровтың 60 жұмысы қойылып отыр.
Көрме 27 сәуір күні сағат 15.00-де Солжағалық кешеннің Үлкен павильонында ашылады.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|