Маусым айының басында Маңғыстау облысының Ақтау қаласында «Серікбол Қондыбай мұрасы: әлемдік мифологияның дамуына жаңа көзқарас» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оның жұмысына музей-қорықтың аға ғылыми қызметкері Гүлнар Бекбердинова да қатысып қайтқан еді.
Конференцияны Маңғыстау облыстық әкімдігі және облыстық мәдениет басқармасы Yessenov Universityмен ( Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті) бірлесіп өткізді. Оған республикамыздың жиырмаға тарта белгілі ғалымы мен қоғам қайраткерлері, оннан астам мифология, философия, тарих, зтнология және археология саласының білгірлері, сондай-ақ, АҚШ-тың, Түркияның, Ресейдің, Түркіменстанның, Әзірбайжанның, Қырғызстанның зерттеу орталықтарының арнайы шақырылған өкілдері қатысты. Конференцияның мақсаты: арғы қазақтар мифологиясын зерттеудің негізін салушы, артында көптеген ғылыми еңбек қалдырған ғалым Серікбол Қондыбайдың отандық ғылымдағы шығармашылығын айқындау.
Гүлнар Бекбердинова конференцияға кейдейсоқ қатысқан жоқ. Бұдан алты жыл бұрын ол суретші ретінде қазақ ертегілері мен аңыздары желісімен музей-қорықтың Солжағалық кешені аумағының отбасылық демалыс аймағында орын тепкен балалардың «Ертегілер елі» - «Сказочная страна» атты көрме-ойын-сауық кешенінде экспозиция әзірлеген болатын.
- «Ғасырлар тереңінен. Ертедегі түркілердің мифологиялық әліпбиі» (қазақ тілін үйренушілерге көмек) және «Алтын сақа» - музей экспозициясы осылай аталады, - дейді Гүлнар Мигражқызы, - оларға Серікбол Қондыбайдың «Арғы қазақтар мифологиясы» атты 4 томдық кітабы негіз етіліп алынды. Аталған көрме Каспий университетінің ғалымдарын қызықтырған екен. Олар Шетпе кентінде белгілі ғалым-мифологтың музейі ашылған 2015 жылы менімен хабарласқан еді.
Гүлнар Бекбердинова ағымдағы жылдың сәуірінде Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы мен мемориалдық музей ғалымның 50 жылдығына арнап өткізген «Серікбол Қондыбай және next ұрпағы» атты комикстер мен иллюстрациялардың республикалық конкурсында екінші орынға ие болған-ды. Ол конкурс қорытындысы бойынша аталған конференцияға арнайы шақырылып, онда «Серікбол Қондыбай шығармашылығы музей-қорық жұмысының мән-мәтінінде» атты баяндама жасады. Суретші Г.Бекбердинованың мифтік кейіпкерлердің персонаждары мен образдарын жасаған авторлық суреттері тек конференцияға қатысушыларды ғана емес, кітап баспасын да ерекше қызықтырса керек. Сол себепті де оған қазақ мифологиясы бойынша әліпби шығаруға, сондай-ақ, «Байырғы қазақ дүние танымының негіздері» - «Основы мировоззрения древних казахов» атты энциклопедияны безендіруге қатысуға ұсыныс жасалды.
- Аталған энциклопедия жаңа томдармен толықтырыла түспек, - дейді Г.Бекбердинова. - Мен авторлық келісімімді бердім. Алдағы кезде жарық көретін кітаптарда менің картиналарым орналастырылатын болады.
Біздің қосарымыз, Серікбол Қондыбай мифологияны қайта жаңғыртуда ұлтты жандандырудың рухани-интелектуалды механизмін құру мүмкіндігін көрген. Сол себептен де өз зерттеулерін тек мамандарға ғана емес, түбі бір түркі халықтарының тарихы, лингвистикасы мен мәдениеті қызықтыратын жалпы оқырмандарға арнаған.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|