13 – 15 желтоқсан күндері Жамбыл облысының Тараз қаласында халықаралық «Ancient Taraz-2018» туристік форумы болып өтті. Оған музей-қорықтың халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің меңгерушісі, ШҚО қолөнершілері Ресурстық орталығының басшысы Райса Мұхамеджанова қатысып қайтты. Форумда ұйымдастырылған қолөнершілердің халықаралық көрмесінде Шығыс Қазақстаннан барған Айман Боқпасарова мен Сайлан Мұқаметбек те болды.
Тараздағы халықаралық форумға Қазақстанның он облысынан, сондай-ақ, Ресейден, Қырғызстан мен Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Польшадан, Түркиядан, Франциядан және басқа елдерден делегаттар, инвесторлар мен қолөнершілер келді. Форумға қатысушылар туристік салаға инвестиция тарту мүмкіндіктері, туризмнің хауіпсіздігі және саланы цифрландыру мәселелерін талқылады. Сөз сөйлегендер қатарында Еуропалық экономикалық әріптестік ұйымының бас хатшысы Владимир Пискурев, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шәйкенова, Дүниежүзілік Қолөнершілер кеңесі Азия-Тынық мұхиты аймағының Орталық Азия бойынша екінші вице-президенті Әзиз Мұртазаев және басқа да көптеген адамдар болды. Форумның бірінші күні Райса Мұхамеджанова «ШҚО-да қолөнершілік кәсіпті дамытудың тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады.
Халықаралық «Көне Тараздың шеберлері» атты қолданбалы өнер көрмесіне Семейдің Достық үйі жанындағы қазақ этномәдени орталығы мен «Айша бибі» халықтық ансамблінің жетекшісі Айман Боқпасарова өзінің киізден жасаған бұйымдарын, ал Ұлан ауданының шебері Сайлан Мұқаметбек дәстүрлі «бізкесте» техникасында кестелеген жұмыстарын ұсынды.
- Форумның маңыздылығын айтып жеткізу өте қиын, – дейді Райса Шериязданқызы. – Форумда әсіресе өз өнімдерін ілгерілетуге көп мән беретін қолөнершілерге баса көңіл бөлінгені ерекше болды. Ұлттық мәнерде дүниеге келген кәдесыйлар мен сан түрлі бұйымдар дегеніміз – халықтың мәдениеті, рухани дәстүрлері, яғни, туристерді тартатын дүниелер.
Шынымен де, форум барысында Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шәйкенова нақ осылар жайлы әңгімеледі. Оның пікірінше, туристер аймақтарға саяхат жасау барысында ол жерлерден түркі халқының, көшпенділер цивилизациясының бастау алатынын ұғуы керек. Бұл тұрғыда оларға қазақстандық шеберлердің еңбектері көмектесе алады.
Форум бағдарламасы барысында Жамбыл облысындағы киелі орындарға экскурсия ұйымдастырылды. Ал олардың қатарында «Ақыртас» сарай кешені мен «Айша бибі» кесенесі бар. Форумға қатысушыларға «Тараз – Жібек жолының інжу-маржаны» атты кітап табысталды.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|