5 наурызда орталық қалалық кітапханада шығысқазақстандық жазушы, журналист Мүсілім Құмарбековтің 80 жылдығына арналған әдеби кеш болып өтті. Сирек кітаптар және иконажазу бөлімі «Алтай – менің алтын бесігім» атты көшпелі көрме ұйымдастырды.
Мүсілім Құмарбеков 1939 жылы ШҚО, Ұлан ауданының Шымқора ауылында дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетін тәмамдаған соң «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінің редакциясында қызмет етті. Ол қатардағы әдеби қызметкерден газет редакторының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. КСРО (1975 ж.) мен Қазақстан Жазушылар одағының (1991 ж.) мүшесі, ҚР-ның Құрметті журналисі болды. Мүсілім Құмарбеков көптеген туындылардың авторы және олардың барлығы туған өлкені жырлауға арналған.
Жазушы 2014 жылы музей-қорықта ашылған «Алтайдың алтын тамыры» атты көрмеге қатысқан болатын. Музей қорында оның фотосуреттері, кітаптары, оған әр жылдар бедерінде табысталған құттықтаулар мен мемориалдық бұйымдар сақталған. Нақ осындай топтамалардың бірсыпырасы кітапханаға да берілген екен. Көшпелі көрменің арқасында қаланың әдеби кешке қатысушы шығармашыл зиялылары, қалалық «Шабыт» клубының мүшелері, мектептер мен колледждердің оқушылары Мүсілім Құмарбековтың даралығына тәнті болып, белгілі журналист әрі қара сөз шебері жайлы соны деректерге қанықты.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Алексей Мазницын.
< Осының алдындағы | Келесі > |
---|